Бұл туралы облыстық перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.
Нәресте отбасындағы екінші бала, бірінші сәбиін 2022 жылы 4 320 грамм салмақпен босанған. Анасында гестациялық қант диабеті болған. Қазіргі таңда анасы мен баласының жағдайлары қанағаттанарлық, тұрақты. Дәрігерлердің жіті бақылауында.
- Ата-аналар алып бала туылса, "батыр бала дүниеге келді" деп қуанып жатады. Алайда, көпшілігіміз сәбидің ауыр салмағы ананың да, баланың да денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін біле бермейміз. Шындығында, "алып бала" қуанышының артында не тұр?! Ең алдымен, нәрестенің үлкен салмағы (макросомия) анасы үшін өте қауіпті. Өйткені, табиғи босану кезінде қынаптың, жыныс мүшелері етінің, жұмсақ ткандерінің жыртылуы орын алып, жатыр атониясынан босанғаннан кейінгі қан кету қаупі тууы мүмкін, - деп жазды облыстық перинаталдық орталық.
Босану барысында қатерлі асқынудың бірі - жатырдың жыртылуы (разрыв матки) орын алуы мүмкін. Сол себепті, көбінесе әйелді кесар тілігі отасы арқылы босандыруға тура келеді.
Үлкен салмақпен босану барысында нәресте иық сүйегінің зақымдануы (дистоция) және басқа да жарақаттар алуы мүмкін. Жаңа туған сәбиде арнайы емдеуді қажет ететін гипогликемия (қандағы глюкозаның төмен деңгейі), полицитемия (гематокрит, гемоглобин көрсеткішінің өсуі), демалу қиындығы (перинатальды асфиксия) туындауы мүмкін. Үлкен салмақпен туған балаларда өсе келе семіздікке шалдығу, көмірсу алмасудың бұзылуы, эндокриндік аурулар пайда болуы, қант диабеті, жүрек-тамыр жүйесі аурулары, қан қысымының жоғарылау қауіпі өте жоғары болады.
Сол себепті дәрігерлер әйелдерге жүктілікке алдын-ала дайындалуды ескертті.
- Жан-жақты толықтай тексеруден өтіп, ағзадағы қант деңгейін тексертіп, өмір салтын түзетіп, салмағыңызды қадағалап, түрлі аурулардың алдын алу әрекеттерін жасаңыз!, - делінген хабарламада.