
Каури моншақтары – ежелгі жерлеу орындарынан жиі табылатын ерекше артефактілердің бірі. Каури ұлуының қабыршағынан жасалған моншақтар әсіресе Үнді мұхитында көп кездеседі екен. Ал Берел мен Шіліктіге сауда жолдары арқылы жеткізілген деп топшылайды ғалымдар. Демек сауда-саттық ерте ғасырларда-ақ дами бастаған. Сауда демекші, әуелде каури қабыршақтарын адамдар тиын ретінде қолданған. Әсіресе Африка, Азия, және Тынық мұхит аралдарында каури қабыршақтарын қандай да зат сатып алуға жұмсаған. Өйткені оның пішіні ерекше, жарқырап тұрады. Сондай-ақ ұзақ уақыт бойы бүлінбей сақталады. Қытайда каури қабыршақтары ең көне ақша ретінде пайдаланылып, кейінірек солардың үлгісі бойынша алғашқы металл тиындар жасалған.
Жоғарыда айтқандай, бұл артефактілер Ұлы Жібек жолы сынды сауда соқпақтарының болғанын дәлелдейді. Уақыт өте қабықтар ақша айналымынан шығып, құнды әшекей ретінде пайдаланылған. Жерлеу рәсімдерінде бәле-жаладан қорғайтын символ ретінде адаммен бірге жерлеп отырған. Олар көбінесе сақ, ғұн, түркі дәуірлерінің жерлеу орындары мен қоныстарынан шығады. Кауридің мәдени-рухани маңызға ие болғанын да көрсетеді.
Ерекше жәдігерлер Берел мен Шілікті ғана емес, Таңбалы мен Есік қорғандары сынды тарихи орындардан да табылған. Әлемдік зерттеулерге қарасақ, ежелгі Египет пен Қытайда да, Африкада да каури моншақтарын жерлеу рәсімдерінде қолданған.
Шығыс Қазақстан облысы