05 Ақпан, 2015

Қара қасқыр

4042 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кара каскыр-02 Жарылыс «сыйы» ма, жаратылысы солай ма? Таяуда Абыралы өңіріндегі Қайнар ауылынан қара қас­қырдың бой көрсеткені жөнін­де құлағдар болған едік. Тұр­қы бөлек аңды үңгірінің жа­нында фототұзаққа іліндір­ген­­дер де бар. Алайда, түн ішін­де түсірілгендіктен қас­­қыр бейнесі анық емес. Астанадан келген Абзал Қанапиянов есімді азамат пен оның қасындағы шопан құрған фототұзақтан соң әлгі жыртқыш апанын тастап кетіп, қайта бой көрсетпепті. Айту­ларынша, үйірлестерінен түсі де, тұрқы да бөлек дала тағысының ұзындығы 2,5 метр, салмағы 130 кило тартады. Сырына үңілгендер аталған аңды Семей полигонының зардабынан, яки радиациядан пайда болған мутант-қасқыр дейді. Тіпті, күндіз апанында жатады, түнде ғана жортады екен деген сөз де бар. Осы орайда Қайнар ауы­лының әкімі Сағынғали Қапа­қовпен хабарластық. Ол мұндай әңгіменің ауыл арасында ертеден айтылып келе жатқанын жеткізді. Қайнар ауылының тұрғыны, 74 жас­тағы ақсақал Жеңісбек Әмір­жанов жарты ғасырдан астам қасқыр аулаған кәнігі аңшы. Ауыл әкімінің жөн сілтеуімен қариямен әңгімелестік. – Мен мектеп жасынан бастап аңшылықпен шұ­ғыл­дандым. Әсіресе, қасқырды көп ауладым. Кішкене балаларды апанға кіргізіп, бөлтірігін де алдық. Кеңес кезінде бөл­тірікті – 30, қасқырды 50 сомға қабылдаушы еді. Біздің ауылда Ыбырайым деген тері жинайтын ақсақал болды. Оған қасқырдың терісін өткізіп, оқ-дәрі алатынбыз. Ерте кезде Жаңғызтау деген жерде бір қара қасқыр атып алдым. Бір топ бөрінің ортасында жүрген ерекше қасқырды көргім келіп, әдейілеп қарауылға іліктірген едім. Терісін Ыбырайымға сұр қасқырмен бірге өткіздім. Ол қара қасқырды ертеректе үлкендердің «қорқау қасқыр» атағанын, құны жоғары болатынын айтты. Бірақ терісін алмады. Үйде ілулі тұратын қара қасқырды кейін жақын ағайынымыздың бірі қолқалап сұрап алды. Кітапта өз атауы бар екен. Тері жинаушы аға­мыз атауын айтқан еді, есімде қалмапты, – деді Жекен аңшы. Ұзақ жыл комбайнда механизатор болып істеген Жекен қария жас кезінде, яғни алпысыншы жылдардың орта шенінде қара қасқырды тірідей де ұстапты. Ит-құс малға шауып маза бермеген соң жайлауға жақын маңдағы егістік басында жүрген жас механизатор көпшілікті қалың шілікті қоршауға жұмылдырады. Жауынды күні дала бөрісі ші­лікті паналайды. Жан-жақтан қаумалап, қиқулап тықсырған кезде шілік арасынан сытыла қашқан қара қасқырды мотоциклмен қуалап жүріп қағып өтеді де тірідей ұстап алады. Түс әлетінде төрт аяғы буыл­ған тірі тағыны комбайншылар ортасына алып келеді. Ең­гезердей ерекше бөріні егістік басына келе қалған кеңшар директорына байлапты. – Былтыр Қайнар ауылы­ның маңындағы Шоқан атты қыс­тақта тағы да қара қасқыр кез болды. Өзі дөкей екен. Серіктерімнің қасқыр екеніне анық көздері жетпеген соң далаға тастап кеттік. Қара қасқырды одан кейін көрмедім. Жалпы, оның қылшығының ұшы ғана қара түсті. Жүнін сипағанда астыңғы жағы көк сұр болып тұрады. Алыстан қарағанда қап-қара болып көрінетіні сол. Өте ірі болады. Терісін сұр қасқырмен қатар ілгенде жерге дейін сүйретіліп жатады. Кездейсоқ кездесіп қалатын тағыны біреулер орманның қасқыры дейді. Сірә, бір жақтан ауып келетін болуы керек. Итпен шатыс па деген де ой келді. Онда аса ірі болмауы керек еді. Ал полигоннан пайда болды деген бос сөз. Бұл – табиғаттың тартуы. Өйткені, үйірдің ішінде қызыл қасқырдың да жүргенін көрдік, – деді қарт аңшы. Жалпы, қара қасқыр Моң­ғо­лияның Баян-Өлгей ай­мағында 1960 жылға дейін бол­ған екен. Одан кейін жойы­лып кеткен көрінеді. Баян-Өлгей аймақтық тарихи-өлке­тану мұражайында аталған аңның терісі сақталған. Осыдан бір-екі жыл бұрын Катон­қарағай ұлттық-таби­ғи паркінің саяткер-биологы Нұрлан Қарабаевпен әңгі­ме­лескенімізде, Алтайдағы аңшылардың да қара қасқыр аулағанын жеткізген. Бірақ мамандар Алтайдағы қара қасқырдың итпен шатыс тұқым екенін анықтаған. Ал Қайнарда жортқан қара қас­қыр­дың ядролық жарылыс зар­дабы­нан пайда болғаны, әлде жаратылыстың тартуы екені әзірше беймәлім. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.