Сурет: taulik.kz
Бұрын салықтық шегерім тек «Отбасы банкінде» рәсімделген ипотекалық несиелерге қолжетімді еді. Азаматтар басқа банктерден алған ипотекалық несиесі үшін мұндай жеңілдіктерді пайдалана алмайтын. Енді биылдан бастап, 351-бапқа сәйкес, салық шегерімі барлық банк пен лицензиясы бар қаржы ұйымдарының ипотекалық несиелерін де қамтыды. Яғни азаматтар қай банктен ипотека алғанына қарамастан, сол несие бойынша төленген сыйақының бір бөлігін салықтық шегерім арқылы қайтарып ала алады.
Маңызды шарт – ипотека рәсімделген банк немесе ұйым қаржы нарығын реттейтін мемлекеттік органнан лицензия алуы тиіс. Бұл – қаржы ұйымының заңды жұмыс істейтінін әрі мемлекет тарапынан қадағаланатынын білдіреді. Егер ұйымның лицензиясы болмаса, ол ипотека бойынша салықтық шегерім беру талаптарына сәйкес келмейді. Шегерім 118 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), яғни 463 976 теңгені құрайды. Бұл өзгерістер халықтың қолындағы қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беріп, ипотека рәсімдеушілерге едәуір жеңілдік жасайды.
– Осыдан төрт жыл бұрын Салық кодексінде ортақ ипотекаға арналған салық шегерімдерінің күшіне енуі 2025 жылға дейін кейінге қалдырылған болатын. Ол уақытта шегерім тек тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жұмыс істеп тұрды. Енді шегерім барлық ипотеканы қамтиды. Оның ішінде «7-20-25» пен «Баспана хит» ипотекалары да бар. Шегерім сізге айлықтан төленетін жеке табыс салық мөлшерін қысқартып, қолыңызға көбірек жалақы алуға мүмкіндік береді. Сәл де болса үнемдейсіз. Ай сайын ипотекаға төлейтін соманың ішіндегі банк пайызы осы шегерім ішіне кіреді, – дейді экономист Айбар Олжаев.
Салықтық шегерім алу үшін алдымен жұмыс берушіге өтініш жазып, қажетті құжаттарды ұсыну керек. Олар – ипотекалық несие келісімшартының көшірмесі, қарызды өтеу кестесі мен сыйақы сомасы көрсетілген құжат. Сондай-ақ төлемнің жасалғанын растайтын түбіртек немесе басқа да құжаттар керек болуы мүмкін. Осы құжаттарды дайындағаннан кейін жұмыс беруші салықтық шегерімді рәсімдеуге кіріседі.
– Мысалы, сіздің айлық жалақыңыз 400 000 теңгені құрайды дейік. Одан алынатын зейнатақы жарнасын есептейік: 400 000 / 10% = 40 000 теңге. Ал сізден алынатын жеке табыс салығы былай есептеледі: (Жалақы – зейнетақы жарнасы – 1 төменгі айлық көрсеткіш) / 10%. Тиісінше ол: (400 000 – 40 000 – 85 000) / 10% = 27 500 теңге. Сонда 400 мың теңге айлығыңыз болса, сіз 27 500 теңге табыс салығын (ЖТС) төлейсіз, 40 000 теңге зейнетақы қорына кетеді, 8 000 теңге МӘМС алынады, ал қолыңызға тиетіні – 324 500 теңге. Егер сіз ресми бір жерде жұмыс істеп, айлық алатын болсаңыз, ипотека төлеп жүрсеңіз, осы қарыз келісімшартын, оның ішіндегі төлем кестесін бірге алып, өз бухгалтерияңызға барыңыз. Салық шегеріміне өтініш жазасыз. Бухгалтеріңіз сізге ай сайын шегерім есептеп отыратын болады, – деп егжей-тегжей түсіндірді А. Олжаев.
Айтқандай, салықтық шегерімдер енді тек ипотекамен ғана шектелмейді, білім беру мен медицина шығындарын да қамтиды. Отандастарымыз өзінің немесе балаларының білім алуына жұмсалған шығынның бір бөлігін қайтарып ала алады. Бұл шегерім мектепке дейінгі тәрбие, техникалық, кәсіптік және жоғары білімді қамтиды. Ол үшін білім беру қызметтері туралы келісімшарт пен төлемді растайтын құжаттарды ұсыну жеткілікті. Жаңашылдық баланың білім алуы үшін жұмсалған қаржыны үнемдейді әрі отбасы бюджетіне түсетін ауыртпалықты азайтады.
Сонымен қатар көпбалалы отбасыларға арналған арнайы салық жеңілдіктері де енгізілді. Егер отбасында төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған бала болса, ата-аналар салықтық шегерімді пайдалана алады. Бұл ай сайын шамамен 90 000 теңгеге дейінгі соманы салық төлемдерінен үнемдеуге жол ашады.
– Кәмелет жасына жетпеген 4 және одан көп баласы бар отбасылар үшін салықтық шегерім қос ата-анаға жиынтығында бір жыл ішінде 282 АЕК-тен (2025 жылы – 1 108 824 теңгеден) аспайтын мөлшерде қолданылады. Бұл ретте көпбалалы отбасының ата-анасының біреуі үшін – ай сайын 23 АЕК (2025 жылы – 90 436 теңге). Ата-аналардың әрқайсысы үшін – айына 12 АЕК (2025 жылы – 47 184 теңге). Қорыта айтқанда, 2025 жылы көпбалалы ата-аналар ай сайын табысынан шамамен 90 000 теңгені мемлекетке салық түрінде төлемей, отбасына қайтара алады, – деп талдайды «Учет.kz» сарапшылары.
Медициналық қызметке жұмсалған шығындар үшін де осындай шегерім жасауға болады. Бірақ бұл шегерімнің жылдық шегі бар – 94 АЕК (2025 жылы – 369 608 теңге). Демек, сіз қанша шығындансаңыз да, тек осы соманы ғана шегерімге қоса аласыз.