Алматы • 17 Қаңтар, 2025

Суқараңғылық емделеді: Алматыда қазақ-неміс глаукома орталығы ашылды

772 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу инсти­ту­тын­­да қазақ-неміс глаукома орталығы салтанатты түрде ашылды. Жаңа орталықтың дүниеге келуі – адамның көру қабі­летін білдірмей, біртіндеп ұрлайтын әрі бірінші кезекте соқыр­лыққа бастайтын суқараңғы кеселін емдеудегі халық­ара­­лық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды белесі.

Суқараңғылық емделеді: Алматыда қазақ-неміс глаукома орталығы ашылды

Орталықтың ашылу салтанатында Қазақ көз аурулары ғы­лыми-зерт­теу институты мен Берлиндегі Қол­данбалы офтальмология институты арасындағы ынтымақтастық тура­лы ресми мәмілеге қол қойылды. Осынау орта­лықты ашу мақсатында бұған дейін де елімізге бірнеше рет келген Wittenbergplatz көз клиникасы бөлімінің меңгерушісі, дербес Қолданбалы офтальмология институтының негізін қалаушы, директоры, Charité университеттік кли­никасының профессоры Карл Эрб екіжақты келісім тәжірибе алмасуды, бірлескен зерттеулер жүргізуді, глау­ко­маны емдеуде жаңа технологияларды дамытуға бағыт­талған стратегиялық серік­­тес­тікті нығайтатынын атап өтті.

Қазірде елімізде глаукома диагнозы қойылған 70 мыңнан астам науқас бар, олардың саны жыл санап өсіп келе жатқандықтан, сырқаттарды соқыр­лықтан сақ­тап қалу үшін бірінші кезекте дер кезінде диагностикалап, уақтылы ем-дом жүргізу қажет. Глаукома – көзішілік қысымның жоғарылауынан пайда болатын созылмалы ауру, ол көру жүйкесінің зақым­далуы мен зағиптыққа душар етуі әбден мүмкін.

Осы орайда көз аурулары ғы­лыми-зерттеу институты ден­саулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде 2011 жылдан бері жүр­гізіп келе жатқан глауко­ма скринингі шешуші рөл атқа­ра­тынын атап өту керек. Осы бағ­дар­ламаның арқасында суқа­раң­ғыны асқындырмай анықтау екі есе өскен.

Қазақ-неміс глаукома орта­лы­ғының ашылу салтанатында КА ҚазҒЗИ Бас директоры Нэйля Алдашева: «Бұл іс-шара – халықаралық байланыстар­ды нығайтудың маңызды қадамы. Қазақ-неміс глаукома орталығы­ның ашылуы – профессор Карл Эрб басқаратын Қолданбалы офтальмология институтымен стратегиялық серіктестіктің нәти­жесі. Жаңа орталық бізге глау­кома сияқты әлеуметтік маңызды сыр­қат­пен күресуге көмектеседі. Елімізде офтальмологиялық қыз­метті жетілдіру жөніндегі жұ­мыстарды сәтімен, жүйелі жал­ғас­ты­ра береміз», деді.

Профессор Карл Эрб бұл ынты­мақтастық ел көлеміндегі глау­­комаға шал­дыққандарға шипа әкелетін тәжіри­бе алмасу алаңы екендігін айта келе: «КА ҚазҒЗИ-дағы заманауи жаб­дықтар мен маман­дардың жоғары кә­сіби­­лігінің арқасында жүзеге асқан жаңа орталық глаукоманы емдеу мен диагностикалаудағы ма­ңызды меже. Бірлескен қарым-қаты­насымыз қалыпты дамып, өз жемісін беретініне сенімдімін», деп атап өтті.

Отандық офтальмология сала­сындағы айтулы оқиғаға ортақ­тасқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова­ның айтуынша, Алматы қаласы меди­цинаның дамуына айтарлықтай көңіл бөліп отыр.

Денсаулық сақтау министр­лігінің штаттан тыс бас офтальмологі, профессор Тұрсынгүл Ботабекова суқараңғыны асқын­дыр­май анықтаудың, жаңа техно­логияларды енгізудің маңыз­ды­лы­ғы­на тоқтала келе: «40 жастан кейін көзді тексертуге жауапкершілікпен қарау керек. Егер операция уақ­ты­лы жасалмаса, көру қабілеті жо­ғал­уы мүмкін. Лазерлік, басқа да көп­теген әдістер сияқты жаңа технологияларды енгізу аса маңызды. Германиядан келген әріптестермен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмысты жандандырып, күшейте береміз», деді.

Алматы қалалық қоғамдық ден­саулық сақтау басқармасының бас­шысы Әсия Ақанова өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін жақ­сар­ту, көз ауруларын диагнос­тикалау мен емдеудің қолжетім­ді­лігін арттыруда орталықтың ашыл­уы өте маңызды екендігін атап өтті.

Орталықтың ашылу салтанатынан кейін семинар ұйым­дас­ты­рылып, ел аймақ­та­ры­нан келген ма­мандар глаукоманы диагнос­ти­калау мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылады.

Түйіп айтқанда, тоқсан жылдық тарихы бар Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты ғылым, білім бе­ру, клиникалық әлеуетінің жоғары дең­гейіне қол жеткізе отырып, отандық офтальмологияның жетекші орталығы ретіндегі беделін бекемдеуді белсенді түрде жалғастыра береді.

 

АЛМАТЫ