
Кәсіпорында қатты түйіршіктелген, ұнтақ, ерітінді, тұнба түріндегі дәрілер, жақпа майлар, медициналық спирт, сутегі тотығы, медициналық бетперделер шығарылады. 100-ден аса адам еңбек етеді. Жылдық айналымы бүгінде 3 млрд теңгені құрайды. Серіктестік директоры Жаңагүл Төреханованың айтуынша, тұрғындар тарапынан ауырсынуды басатын китролат, гитлекс, парацетамол, грипповит, мия тамырынан жасалған ерітінділер жақсы сұранысқа ие болған. «ТК Фарм Ақтөбе» дәрілері еліміздегі дәрі-дәрмек саласын қадағалаушы және ортақ үйлестіруші «СҚ-Фармация» ЖШС-ның емдеу хаттамаларына еніп, дәрі-дәрмек өндірісі бойынша бірыңғай оператормен ұзақ мерзімге келісім жасалған. Өнімдер дәрі-дәрмек өндірісіндегі дистрибьютерлік компаниялармен келісімшарт негізінде ел аумағында сатылымға шығарылып отыр. Президент тапсырмасымен 2029 жылға дейін отандық дәрі-дәрмек өндірісімен 50% деңгейінде қамтамасыз ету міндеттемесі бар.
«2024 жылы «Даму» қорынан субсидия алдық. Берілген мемлекеттік қолдау арқылы зауыт аумағынан қосымша цех тұрғыздық және жаңа құрал-жабдықтар сатып алдық. Жабдықтарымыз Еуропада, Үндістан, Қытай және Жапонияда өндірілген. Былтыр үш цехымыздың зертхана жабдықтары жаңартылды. Жұмысқа алған мамандарды қайта даярлаудан өткізіп, оқытып аламыз», дейді Жаңагүл Жайымбекқызы.
Қажетті шикізаттар JMPI сертификаты бар, арнайы дәрілік шикізат шығаратын зауыттардан жеткізіледі. Зауыттың кең қолданыстағы өнімі – мия тамырынан жасалған сұйық дәрінің құрамын осы жердегі мамандар жасап шығарған. Ол жөтелге қарсы жақсы ем әрі көп жағдайда жас балаларға да беруге болады. Аллергияға әсері байқалмайды.
«Әлемде дәрі-дәрмек кәсіпорындары қажетті субстансаларды JMPI сертификаты бар зауыттардан алады. Дәрілік препараттардың белсенді және қосалқы құрамдас бөлігі, химиялық және биологиялық қосылыс – субстансаларды өзімізде синтездей алмаймыз. Бұл – басқа сала. JMPI зауыттарынан келген қосылыстар біздің зауыттың лабораториясында қатаң тексерістен өткен соң ғана өндіріске жіберіледі. Дәрі-дәрмек бағасын Денсаулық сақтау министрлігі реттейді. Біз осы орган бекіткен ережеден асып кете алмаймыз. Әзірге өнімдеріміз ел аумағында сатылып жатыр. Шетелге шығаруға енді қамданып, тиісті құжаттарды әзірлеуге кірістік. Бұл оңай шаруа емес», дейді серіктестік басшысы.
Дәрі-дәрмектерді әзірлеудің бірнеше сатысы бар. Қандай да бір жаңа дәріні өндіріске енгізу үшін Ұлттық сертификаттау орталығының рұқсаты керек. Содан кейін зауыт лабораториясында екі жыл зерттеу жүргзіледі. Оның қорытындысы қайтадан Ұлттық сертификаттау орталығына тапсырылып, ол жақтан рұқсат бергенде ғана өндіріске енгізіледі. Дәрі-дәрмек зауыты «СҚ-Фармациямен» 10 жылға келісімшартқа отырған. Өңірлік фармациялық қызметті бақылау департаментінен де тексеріс жүргізіліп тұрады. Бұл жерде медициналық мекемелерде жұмыс істеген, медициналық жоғары оқу орындарын бітірген терапевт, хирург, кардиолог, педиатр, жүйке жүйесі ауруларын емдейтін әртүрлі бағыттағы клиницист мамандар жұмыс істейді. Бұл жағынан тапшылық жоқ болса да, технолог, провизор, валидатор, химиктер керек екен. Зауыт өнімдерін Еуропа қайта құру және даму банкі сарапшылары үнемі тексеріп кетеді.
Еліміз 2010 жылы дәрі-дәрмектердің сапасына қолжетімділікті жақсарту бойынша бірлескен мониторинг бағдарламасы – JMPI-ға мүшелікке өтті. Оның жұмысын халықаралық дәрі-дәрмек өндірушілер қауымдастығы (IFPMA) бақылайды. Фармацевтика саласындағы компаниялар мен қауымдастықтардың халықаралық өкілдік ұйымы жаңа дәрі-дәрмектерді әзірлеу мен оған қолжетімділікті арттыруға, денсаулық сақтау саласындағы инновацияларды қолдауға бағытталған. Қазақстан IFPMA-ға тікелей мүше емес, бірақ елдегі фармацевтикалық ұйымдар IFPMA стандарттары мен ұсыныстарын назарға алады.
Өндірістік бөлім бастығы Нұртай Өмірзақовтың айтуынша, барлық дәрі-дәрмек үш цехта дайындалады.
«Біздің өнімдерді еліміздің дистрибьютерлік фирмалары көтерме бағамен сатып алып, дәріханаларға жөнелтеді. Күніне ерітіндінің 10-15 мың құтысын, капсуладағы дәрінің 10-20 мың данасын шығарамыз. Кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен әлемдік фармацевтикалық өндірісте кеңінен қолданылатын Жапонияның «Shimadzu Corporation» компаниясының жабдықтарын сатып алдық. Дәрілік заттар құрамын, күрделі қоспалар құрылымын, сапасын терең талдайтын жапон жабдықтары әлемдік дәрі-дәрмек өндірісінде өте маңызды рөл атқарады», дейді Нұртай Өмірзақов.
Ақтөбе облысы