Жоба • 18 Қаңтар, 2025

Жаңғырған жоба

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көптің көзайымына айналған оқушылар арасындағы «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойыны теле­экрандарға жаңа форматта қайта оралады. «Хабар» агенттігі мен республикалық ғылыми-тәжіри­белік «Дарын» орталығы бірлесіп, мегажобаны қайта жаңғыртуға кірісіп отыр. Интеллектуалдық ойын көктемнен бастап «Хабар» арнасынан көрсетілмек.

Жаңғырған жоба

Аталған тележобаға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Парламент Мәжілісі қолдау көрсетіп отыр.

Интеллектуалдық ойын – еліміздің болашақ көшбасшыларын тәрбиелеуге бағытталған жас­тар қозғалысы. Қазіргі уақытта жүздеген дарынды оқушы шақыртуды қабылдап, ойынға қатысуға дайындалып жатыр. Әр облыстағы іріктеу кезеңдері былтыр қазан айында басталып, наурызға дейін жалғасады. Өңірлерден іріктелген ең үздік бес оқушы сәуір-маусым аралығында өтетін республикалық кезеңге қатыса алады.

Айта кетейік, жас дарындардың білімдері мен қабілеттерін халыққа көрсетуге мүмкіндік беретін телевизиялық жоба «Хабар» агенттігінің 30 жылдығына орай өткізіліп отыр. Ең үздік үш жеңімпазға еліміздің жоғары оқу орындарында оқуға гранттар табысталады.

Бүгінде Павлодар, Қарағанды, Абай, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қызылорда, Аты­рау және Маңғыстау облыстарынан, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларынан респуб­ликалық турға қатысатын үздік бестіктер анықталып үлгерген. Алматы, Ақтөбе, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында іріктеу кезеңдері қаңтар-ақпан айларында өтеді.

«XXI ғасыр көшбасшысы» – жас дарындарға жаңа мүмкіндіктер беретін бірегей алаң. Интеллектуалдық ойын білімді әрі талантты жастарды қоғамға таныстырып қана қоймай, шалғай елді мекендерден шыққан дарынды жасөспірімдер үшін таптырмас мүмкіндік екені сөзсіз.

Еске салсақ, тележоба алғаш рет 25 жыл бұрын экранға жол тартқан еді. Осы уақыт ішінде отандық телевизиядағы үздік жоба­лардың бірі ретінде танылды. Бүгінде білімділер сайысына қатысқан көптеген жас өз жолдарын тауып, түрлі салаларда кәсіби маманға айналды.