Қоғам • 18 Қаңтар, 2025

Аң-құсқа абай болған жөн

514 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшенің қытымыр қысы қорадағы малға, даладағы аңға сын. «Ерте қамданғанның есесі кетпейді» дегендей, уақытында қамданып, азығын сайлағанның азбайтындығы белгілі.

Аң-құсқа абай болған жөн

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы жазда 282 тонна шөп, 256 294 дана бұта бумасын, 349,6 тонна жем, 12,51 тонна тұз дайындаған болатын. Парк аумағындағы алаңқайларды қар басып, қыстың басында қар аралас жаңбыр жауып, табиғи қоректі табу қиынға айналған тұста тірнектеп жинаған қор қажетке жарады. Қарашаның 15-інен бастап парк аумағындағы бұғы, марал, елік, теңбіл бұғы, сібір елігі тәрізді аңдар қоректендіріле бастады. Парк ұжымы жаз бойы жинаған жем-шөп қоры көгеріп көктем шыққанша әбден жетеді.

– Жыл сайын осындай шаруа атқарамыз, – дейді парктің бас директоры Ербол Сағдиев. – Былтырғы қиын қыстан да шығынсыз, аман шықтық. Биыл май тоңғысыз, жылы болып тұр. Сонда да алдын ала жасалған есеп бо­йын­ша оттықтар әзірленіп, қосымша азық беріле бастады. Далаға көрік беріп тұрған аң-құсқа абай болу – парызымыз.

Аңмен қатар құстарға да жем бері­леді. Парк аумағындағы сирек кездесетін құстар адамдар шашқан азықтан нәпақа тауып, жадыраған жаз айындағы қызығы мол құс базарының елесін еске салып жүр.

 

Ақмола облысы