Үкімет • 18 Қаңтар, 2025

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жайы

64 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканың нақты секторын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңесте Қызылорда облысының инвестициялық дамуы қаралды.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жайы

Сурет: primeminister.kz

Былтыр жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 86 инвес­­ти­­циялық жобаны іске асыру жөніндегі бес жылдық бағдар­лама шеңберінде өңірде 411 жаңа жұмыс орны ашылған. Жалпы, 37 млрд теңгеге 21 жоба іске асы­­рылған. Оның ішінде 6 жоба құрылыс материалдарын өн­діру бойынша, 10 жоба агроөнер­кәсіптік салада, 1 жоба көлік логис­тикасы саласында, қалған­дары сауда және білім беру саласына қатысты. Ірі жобалар­дың қатарында Қорқыт ата әуежа­йы­ның жаңа терминалы да бар.

2025 жылы Қызылорда облысында мыңға жуық жұмыс орнын құрып, 30,8 млрд теңге өнім шығаруға мүмкіндік беретін 275,3 млрд теңгені құрайтын 24 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Ірі зауыттардың қатарында жылына 90 млн дана кірпіш шығаратын, түйе сүтінен жылына 392 тонна ұнтақ өндіретін, жолау­шылар вагондарын жөндейтін жобалар бар. Қуаты 240 МВт болатын жаңа ЖЭО құрылысы да  – осы қатарда.

«Алдағы уақытта жалпы қуаты 141 МВт болатын 4 күн және 1 жел электр стансасының құрылысын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Облыс­тың электр энергиясына деген сұранысы тәулігіне 200 МВт-ты құрайды, өңірде жалпы қуаты 89 МВт болатын 9 күн электр стансасы жұмыс істейді. 5 жоба іске қосылғанда өңіріміз толығымен жасыл энергетикаға көшеді», деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев.

Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитеті қатысу­шыларға Ұлттық цифрлық ин­вес­тициялық платформаны яғни инвесторлардың, мем­лекет­тік органдардың және квази­мемлекеттік сектордың өзара іс-қимылы үшін бірыңғай терезе мүмкіндіктерін таныстырды. Бүгінде платформа пулында 836 жоба бар, оның 246-сын осы жылы жүзеге асыру жоспарланған.

Кеңесте облыстағы екі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қатысты түйткілді мәсе­ле­лер талқыланды. Бұл – «Шалқия» полиметалл кен орны­ның тиім­ділігін арттыру және каль­ций­лендірілген сода өндіретін зауыт салу. Атап айтқанда, тағамдық және өнеркәсіптік ас тұзын, полипропиленді қапшықтар шығаратын «Аралтұз» АҚ қазір еліміздегі кальцийленген сода шығаратын алғашқы зауыт құрылысының жобасын қолға алған. Шыны бөтелкелерді өндіруге қажетті бұл шикізат компоненті елімізде толығымен импортталады. Жоба айтарлықтай инвестицияларды қажет ете­ді, несиелік қаржыландыру мерзімдері мен шарттарын ұзарту бойынша мәселелер бар. Вице-премьер тиісті қаржы институттарына жобаны қол­дау үшін барлық мүмкіндікті қарастыруды тапсырды.

«Мемлекеттік органдар инвес­тициялық жобаларды жүзе­ге асырудағы кедергілерді жоюда бизнеске барынша көмек көрсетуі керек. 2025 жылға арналған 246 жобаның мақсаты – жақсы көрсеткіш, оған жету үшін мүмкіндігінше барлық кедергіні жойып, уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету керек. Ол үшін қысқа мерзім ішінде Инвестициялар комитеті Өнеркәсіп министрлігімен және әкімдіктермен бірге басым сала әрі жоғары қосылған құн қағидаты бойынша жобаларды градациялауды жүргізуі қажет. Сонымен қатар нәтижелерге сүйене отырып, оларды жүзеге асыруға қолдау білдіруі керек», деп қорытындылады жиынды Серік Жұманғарин. 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше