05 Ақпан, 2015

Қылмыспен күрес күшейтіле береді

586 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
1874_oko-3Оңтүстікте Нақып Беркінбаев деген айтулы азамат бар. Заң саласының қызметкері. Оның көзінің ағы мен қарасындай жалғыз ұлы бар еді. Жігіттің наушасы еді. Полиция капитаны болатын. Амал не, оңтүстікке ойран салып, жасөспірімдерді есірткімен ауыздандырып, білгенін істеп бой тасалаған қылмыскердің ұясын Алматыдан тауып, серігі екеуі ұстауға барғанда қылмыскердің оншақты жақтастары жабылып кетіп, ту сыртынан қадалған қанжардан қайтыс болды. Науша жігіт үйленіп те үлгермеді, өзіне үмітпен қарап отырған әке-шешесіне немере бақытын да сыйлай алмай кетті. Осы азаматқа ас берілгенде ОҚО ІІД басшысы, генерал-майор Асқар Оспанов марқұмды бүгінгі күннің батырларына теңеді. «Отаны үшін, елдің тыныштығы үшін жанын пида етті. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз», деді. Адам аласы ішінде ғой. Осындай заң қызметкерлерінен зорлық көргендер, тіпті, кейбір полицейлер де бәрін ұмытып, «соларды қойшы» деп қолын сілтейді. Солай ма екен. Ал жаны қысылғанда сол адамдар полицейлерді неге іздейді? Олардан пайда болмаса кеше ғана елді алатайдай бүлдірген атышулы қылмыскерлер, олардың шаш ал десе, бас алатын баскесерлері қайда? Бұл да есеп емес пе?! Адам саны 1 миллионға жетіп қалған Шымкентте Қаратау ауданы ашылды. Алғашқы болып полиция бөлімі құрылды. Әрине, ел тыныштығын күзету үшін. Соған орай таяуда облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, генерал-майор Асқар Оспановқа жолығып, біраз сұрақтарымызға жауап алған едік. – Облыс көлемінде жалпы қыл­мыстық ахуал күрделі демесек те өткен жылдың қорытындыларына қарағанда 29394 қылмыс тіркеліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда өскені байқалды. Бірақ, дәтке қуат ететі­німіз ауыр және аса ауыр қылмыс­тардың үлесі бұрнағы жылдармен салыстырғанда 3403-тен 2662-ге немесе 21,8 пайызға азайды. Қылмыс, негізінен, алаяқтық жасау оқиғаларымен көбейіп отыр. Оның ішінде жас балалардың қалта телефонын алдап алып кету сияқты фактілер көп. Мұның бәрі тәрбие жұмыстарымен түзелетін жағдай деп ойлаймын. Әрине, он екіде бір гүлі ашылмаған жастардың артқы салдарын ойланбай ұсақ қылмысқа баратындығы қынжылтады. Жауапкершілікке тартпай тұра да алмайсың. Бүгін шара қолданылмаса, «дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, басқа қылмыс түрлеріне де баруы мүмкін. Кейбір аудандарда қылмыс азайды, кейбірі күрделі күйінде қалып отырғанын да мойындауымыз керек. Мәселен, Сарыағаш, Бәйдібек, Созақ аудандары, Түркістан және Шымкент қалаларында қылмыс көбейді. Бұл – ойланатын жағдай. Біздің жігіттер қылмыс­кер­лермен ымыраға келмейді. Қылмыскердің орны – түрме. Өзіңіз білетіндей, кезінде облысты дүр сілкіндірген, атымен жас балаларды да қорқытатын қылмыстық топтардың басшыларын ұстап, қозғалған қылмыстық істерді сотқа өткіздік. Жалғанды жалпағынан басқан, оңай ақша, пайдаға кенелгендер заң құрығынан құтыла алмайды. Қазір сол қылмыстық топ серкелерінің сыбайластарын анықтау жүргізіліп жатыр. Олар да заң алдына жауап беретін болады, «Көп асқанға бір тосқан» дейді ғой халқымыз. Оларды солай жүгендесек, адасып жүрген жастар ойланатын болады. Қылмыстың соңы – өміріңді өксіту екендігін ұғады. Өткен жыл басынан бері облыста іздеуде жүрген 728 қылмыскер болса, соның 494-і қолға түсті. Енді қалған 234 қылмыскерді тауып, ұстау да күн тәртібінен түскен жоқ. Қылмысты жедел ашуда сарапшылық криминалистік топтың жұмысына көп нәрсе байланысты. Темекінің тұқылы, кейбір қылмыскерлердің әде­тін­дегі сіріңке шиін шай­нау­дағы сілекейден бұлтартпай ұстағандарыңыздан хабардармыз. Бұрнағы жылы Шым­кент­т­егі «Мың ұсақ түйек» дүкен­дер желісі директорын қылмыс­кер­лер отбасымен қырып кетті. Оларды Алматыдан ұстады деп естідік. Қалай таптыңыздар? – Кінәлі қылмыскерлер саусақ ізін, күдікті зат қалдырмауға тырысады. Ашу оңай болған жоқ. Олардың әкеткені ақшадан бөлек, әртүрлі әшекейдегі алтын бұйымдар. Ішінде зергерге тапсырыспен жасатқан алқа бар екен. Көршілерден сұрастырып, нобайын қағазға түсіріп, республикадағы алтын сататын дүкен, ломбардтарға жібердік. Ондай заттардың құнды болатындығы белгілі. Қылмыс­кер­лер оны Алматыда өткізген жерінен ұсталды. Ал темекі тұқылы, сіріңкенің шиі секілді заттардағы сілекей арқылы ұстау бұрын қиындау сияқты еді. Қазір құрал-жабдықтар жетілді. Біз осы бағытқа күш салып жатырмыз. Өзіңіз айтқандай, сарапшылық криминалистік басқармаға соңғы 25 жылда өзгермей келген сеңді бұзып, үлкен жаңалықтар енгіздік. Әр аудан, қаладан полиция бекеттерін ашу қылмыстың азаюына кәдімгідей ықпал еткен сыңайлы. Алаш жұрты үшін қашанда Түркістанның орны бөлек. Жылына 1 миллионға дейін турист келетін қаланың криминогендік жағдайы мәз емес еді. Ел аузында «Күндіз Түркістан, түнде Ауғанстан» деген сөз де айтылып қалатын. Бір есептен, Түркістан қазір де баяғы Ұлы Жібек жолының бойында отырған ірі сауда орталықтары сияқты қызмет атқаратыны мәлім. Қырғызстаннан келген арзан тауарлар алды Қызыл­­орда, Жезқазған, соңы Ақтөбеге дейін осы жерден «КамАЗ», «Супер-Маздармен» тасымалданады. Таң қараңғысында басталатын хан базарда қылмыс өршіп, жас бозбалаларды да топтап қамтитын. Атыс, пышақтасу оқиғалары жиі естілетін еді... – Дұрыс айтасыз, Түркістан – ертелі-кеш жұрт сабылып келіп жататын қала, әулиелі мекен. Онда, әйтеуір табыс тапсам деп жан-жақтан келетін жұмыссыздар да көп. Осындай үлкен қалада полицияның бекеттері жоққа тән екен. Ескі, ішіне адам кіріп болмайтын, қызметтік бөлмеден гөрі ат қораға ұқсайтын ғимараттарда отырған полицейлер кімге тұлға болады. Жергілікті бюджеттен қаржы шығарылып, бір жылға жетер-жетпес уақытта Түркістанның полиция бекеттерін, ғимараттарын республикаға үлгі болатындай қалыпқа келтірдік. Офицерлер құрамы білікті полицейлермен толықты, кәсіби мамандандырылған қызметкерлеріміз көмекке барды. Қылмыс ада-күде жоқ болды демесек те, едәуір азайды. Түсінік жұмыстарын көп жүргіздік. Қолына мылтық, пышақ алып қылмысқа ойланбай бара беретін жастар оның арты ауыр жаза, бас бостандығынан айырылу екендігін ұқты. Олардың пайдалы жұмыстарға тартылуына әкімдікпен бірлесе отырып көмек бердік. Жақсы жұмыстар айтылды. Әйтеуір нәтиже жаман емес екен. Әйтсе де, полицейлер тарапынан келеңсіздіктер де жиі бой көрсетіп қалады ғой. Мәселен, мал ұрлауға ұйымдасқан қарақшы топтың ішінде учаскелік инпекторлар да болды. Қылмыстық топ серкелерімен ауыз жаласқандар да бар. Бұған не дейсіз? – Бір отбасындағы балалардың мінез-құлқы бір-біріне ұқсамай­тын­дығы сияқты, адам ішінде де ала-құла көп. Ал полиция адамының да бойында пенделігі бар көптің бірі. Сіз меңзеген оқиғалар болды. Одан да асып түскендері болып жатады.Сондықтан оларға біздің ортада орын жоқ. Қылмысы дәлелденсе, жауапкершілікке тартылады, сотталады. Бұл мәселеде мен кеші­рімділікке салынбаймын. Мысалы, 2011 жылдың 8 сәуі­рінде Шымкент қаласындағы «Нұр­банк» маңында белгісіз адам­дар қару қолданып, құрылыс ком­паниясының қызметкері Б.Заман­­таевты қасақана атып өлті­ріп, компания күзетшісі Н.Ақы­баевты жарақаттап, компания­ға тиесілі 32 миллион теңге ақша­ны алып кеткен. Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәти­же­сінде осы қылмысты жасаған «М» есім­ді полиция қызметкері екені анық­талып, соттың үкімімен ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Әрине, сонымен қатар, өзіңіз айтқандай, барлық аудан-қаладағы қылмыспен күрес көңілдегідей емес. Мәселен, Төле би аудандық полиция бөлімінің жұмысын төмен деп айтуға болады. Оған дәлел, тір­келген 400 қылмыстың тек 269-ы ғана ашылды. Оның ішінде 48 ауыр қылмыс бар. Сотқа қылмыстық істі өткізу көрсеткіші 42,1 пайыз ғана. Одан да сұмдығы екі тергеушінің қылмысты жасырып қалу, қылмыскердің пайдасына жұмыс жасағаны әшкереленді. Сол сияқты күмәнді қылмыстық істердің қайта тергеуге жіберіліп жатқаны көп. Аса ауыр қылмыс 70 пайыздан 42,9 пайызға, оның ішінде кісі өлімі 50 пайызға, ұрлық-қарлық 51,1 пайызға, қарақшылық 40 пайызға төмендеді. Оның сыртында аудандағы жасалған екі қылмыстың бірі облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің күшімен ғана ашылуда. Профилактикалық жұмыста да құлдырау байқалуда. Былтырғы жылдың тамыз айында ауданның Бірінші мамыр ауылында «И» деген кәмелетке жасы толмаған бозбала ««Н» деген жас балаға зорлау әрекеттерін жасаған. Естеріңізде болса, осы ауданның Маятас ауы­лында 2007 жылы жас баланы зорлағаны үшін жергілікті тұрғындар мен күрд диаспорасы өкілдерімен қақтығыс болған еді. Онда да аудандық полиция басшылығының пара алып, қылмысты жабуға әрекеттенгені әшкереленген еді. Әбүйір болғанда, облыстық әкімдік, ақсақалдар алқасы, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып тығырықтан шықтық. Ұлтаралық жанжал ақылгөйсіп, бітімге шақырумен бітетін шаруа емес, өте нәзік дүние. Елбасымыз «Қазақстанның бақыты – көпұлттылығында» деген болатын. Ұлттың жаманы жоқ, бірақ шектен шыққан содырлар қай-қайсында да болады. Бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіндігі сияқты, елді ұлтқа, ұлысқа бөлмей ынтымақтастыра жұмыс жасаудан біз де шет қалмаймыз. Қылмыстық істерді ашуда Отырар аудандық полиция бөлімі де тындырымды жұмыстар атқара алмай келеді. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 42,9 пайыз ғана. Төрт қарулы қарақшылықтың әлі бірде-бірі ашылған жоқ. Бұл тізімге Бәйдібек және Сарыағаш аудандық полиция бөлімдері қызметінің нашарлығын қосуға болады. Аталған полиция бөлімдерінің басшылығы қызметінен босатылып жатыр. Полиция – ел қорғаны. Елдің тыныштығын күзетуге кәсіби білігі төмен, моральдық-этикалық тағылымы сын көтере алмайтын босбелбеулерге полиция қатарынан орын жоқ. – Полицияның міндеті – қыл­мысты ашу, алдын алуға әрекет ету ғана болмаса керек. Осыдан екі-үш жыл бұрын орта мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында оқу орнын бақылауында ұстайтын, ақша жинайтын, қылмыстық топтармен байланысы бар жасөспірімдер көбейіп кетіп еді... – Ойыңызды түсіндім. Түбегейлі жоқ еттік демесек те азайғанына келісерсіз. Облыс әкімі Асқар Мыр­захметов – талапшыл азамат. Бұл мәселе әкімдік мәжілісте, өзіміздің жиында талай талқыланған. Тек Шымкенттің өзінде ғана құрылған жол-патрульдік қызметтің стационарлық бекеттері жұмысы жемісін беріп жатыр. Бекеттер екі жылдың ішінде 25 есе өсті. Құрамында қоғамдық кеңестер жұмыс жасайтын 201 полиция бекеттері салынды. Әкімшілік тәртіп бұзған, қылмыс жасауға ыңғай танытып тұратын бұзақылар толық­тай есепке алынды. Екі жыл қата­рынан қаладағы 98 жалпы білім беретін мектепке жол-көлік-патруль­дік полиция инспекторын бекі­тіп келеміз. Олар оқушылардың жол­дан өту қауіпсіздігіне жауап береді. Өзіңіз айтқандай, оқу орын­дарындағы серкелердің тізімі алынып, олар түгелдей спорттық үйірмелерге тартылған. Әрқай­сысына профилактикалық және тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін жеке бапкерлер бөлінген. Нәтиже бергені сол ғой, олар қылмыстың түбі бостандықтан айырылу екендігін түсініп, өзіне пайдалы іспен айналысуға үйрене бастады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.