Меніңше, осы бір «егер» сөзі бәрімізді ойландыруға тиіс. Егер Адамата Хауананы мәңгі көрмесе, не болар еді? Егер үйіржұлдыздың түсі көк емес, басқаша болғанда, әлем қалай өзгерер еді? Тіпті өзіміз тұрғысынан ойлансақ, Әлихан, Міржақып, Ахметтер атылмағанда, бізді не күтіп тұр еді? Егер, егер, егер...
Қош, талассыз мына әлемді кітап пен оны оқыған адамдар өзгертті. Сол үшін де бізге дейінгі оқығандар тобы «кітап – білімнің қайнар көзі, рухани байлықтың негізі» деген пәтуаға келді. Мұндағы маңызды мәселе, оны қалай оқуда және оны қалай қоғамдық құбылысқа айналдыруда болмақ. Мейлі технократтық деңгейге қадам басса да, қазір кейбір елдің қоғамы кітап оқуды өмір салтына айналдыра алды. Ал кейбір ортаның бұл дағдыдан алшақтап бара жатқаны да шындық. Байыптап қарасақ, кітап біздің тағдырымыз екен.
Ойдың алып қазанынан қайнап шыққан кейбір кітаптар адам өмірін түбегейлі өзгертіп жіберсе, керісінше мәлім шығармалар тарихи оқиғаларға мұрындық болған. Сервантестің «Дон Кихот» романының бірде адам өмірін ажалдан алып қалғанын естіп пе едіңіз? Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде француз жауынгері жүрегіне тиген оқтан ажал құшпай, керісінше, аман қалған. Оқ оның қалтасындағы әредікте парақтап оқып жүретін «Дон Кихот» кітабына тиіп, жүрегіне жетпеген. Қан майдандағы қаһарлы соғыстарда мұндай оқиғалар көп болған шығар. Ал әзірге бізге жеткені осындай там-тұм әңгімелер ғана.
Кітап оқитын және оқымайтын қоғамның айырмашылығы өте көп. Ең алдымен олардың білім деңгейі мен ойлау қабілеті әртүрлі болады. Кітап оқитын қоғамда адамдардың білімі ақыл мен парасаттан құралады және соны азық етеді.
Әдебиет, өнер, ғылым туралы терең түсінігі бар адамдар өздерінің ішкі мәдениеті арқылы ойлы қоғам құруға ұмтылады. Бұған Әлихан Бөкейхан, Махатма Ганди, Нэлсон Манделла сияқты тұлғалардың өмірін мысал етуге әбден болады. Оларға оқымайтын қоғам құруға құлшынған арнаулы жүйе кесірін тигізді. Ал кітап оқымайтын қоғамда мәдениет деңгейі төмендеп, рухани құндылықтар құрдымға кетуге бет алады. Мұндай қоғамда агрессия, мәдени енжарлық және тұтынушылық сана төрге шығады. Ал оның зардабы бәрімізге түсінікті.
Кітап болмаса адамзат қоғамы қалай көрінер еді? Осы сұраққа жауап іздеудің өзі қорқынышты. Кітапсыз қоғамда ғылым мен технологияның дамуы бәсеңдеп, өркениеттер арасында түсінбеушілік туындайды. Ал осыдан кейін адамзаттың өзін-өзі тану деңгейінің төмендеу мәселесі жарыққа шығады. Осыған дейін көркем әдебиет, философия, дін жөнінде кітаптар адамзаттың моральдық дамуына үлкен әсер етті. Кітапсыз қоғамның этикалық және рухани дағдарысқа тап келуі де мүмкін екенін айтқан дұрыс.
Қалай ойласақ та, бәрі кітаппен байланысты. «Шерлок Холмстың» өмірге қайта оралуы да қызық оқиға болыпты. Жазушы Артур Конан Дойл Шерлок Холмс туралы әңгімелерден шаршап, оны шығармада «өлтіргенде», оқырмандар наразылық білдіріп, жазушыға хат жаза бастайды. Соның арқасында автор әйгілі детективті қайта «тірілтуге» мәжбүр болады. Ал Джон Толкиннің «Сақиналар әміршісі» кітабында сипатталған Жерорта теңізі картасы оқырмандарға соншалықты шынайы болып көрінгендіктен, кейбір адамдар оны шындық деп қабылдаған. Тіпті археологтер оның шынайылығын дәлелдемекші болған деседі. Осының бәрі айналып келгенде, кітап оқитын қоғамның әр жаңалыққа құштар болып, әр кітапқа назар аударатынын дәлелдейді. Кітаптар тек ой салу ғана емес, сонымен қатар шынайы өмірде күтпеген оқиғаларға себеп бола алатынын осы мысалдардан көруге болады. Егер біз оқитын қоғамда өмір сүрсек.