Медицина • 21 Қаңтар, 2025

Жас дәрігерлерге – лайықты жағдай

121 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шекара шебіндегі шалғай аудан­дардың халқын тұрақтан­дыра­мыз десек, ең әуелі медицина са­ласы сапалы болуға тиіс. Неге десе­ңіз, көпшілік ем іздеп қала жаға­лайды. Үй-жайы ыңғайланса, көшіп кетіседі. Ал ем-дом алу қолжетімді болса, көпшілік жылы ор­нынан қозғала қоймайды. Осы орайда өткен жылы аудан мәр­тебесін қайта алған Катон­қарағай ауданының медицина саласы үлгі етуге тұрарлық.

Жас дәрігерлерге – лайықты жағдай

Аудан орталығындағы үш қа­бат­ты ауруханада терапия, жұқ­палы аурулар, балалар, хирургия бөлімдері тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Стационарында жылына 2000-ға таяу науқас емделеді. Бірқатар операцияны жедел жасауға да мүмкіндік бар. Мәселен, соқырішек, асқазанның тесілген ойық жарасы, жатырдан тыс жүктілік сынды операцияны ауруханада жасай береді. Жедел жәрдем бөлімі қызметкерлері 4-санат­тағы шақыртуларға, өздері хабарласқан науқастарға тәулік бойы, демалыс, мереке күндері медициналық қызмет көрсетеді.

Аудандық аурухананың бас дәрі­гері Гүлмира Сәкенова мәлім еткендей, ауыл халқына көрсетілетін медици­на­лық қызметтерінің сапасын арттыру мақ­сатында Қабырға, Жаңаүлгі, Қайың­ды, Өрнек, Ақмарал, Қызыл Жұлдыз ауыл­дарының медициналық пункттеріне күр­делі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы аясында Бар­лық ауылында заманауи стандарттарға сай жаңа медициналық пункттің құрылысы жүріп жатыр. Еңбек, Аршаты, Жазаба ауылдарындағы медпункттерге де күрделі жөндеу қажет. Реті келсе, қайта салған дұрыс деп есептейді бас дәрігер.

ап

– Мүмкіндігімізге қарай алыс ауыл­дар­дағы тұрғындарға да көмек көрсетіп келеміз. Катонқарағай аймағында тіркел­ген халық саны 9 104 адамды құрайды, меке­менің қызмет көрсету радиусы – 120 ша­қырым. Тұрғындар тарапы­нан ешқан­дай арыз-шағым жоқ, – дейді Г.Сәкенова.

Аудандағы медициналық көмек көр­се­туге арналған емдеу, алдын алу меке­ме­леріне ортақ, тәулік бойы жұмыс іс­тей­тін 40 төсекке, күндізгі стационар­лық 30 төсекке арналған аурухана бар. Со­ны­мен қатар Ақсу, Өрел, Аққайнар ауыл­дарын­да дәрігерлік амбулатория жұ­мыс істеп ­тұр. Басқа да ауылдарда 17 меди­цина­лық ­пункт бар. 3 дәрігерлік амбу­ла­тория са­нитар­лық автокөліктермен қам­тамасыз етіл­ген. Алайда автокөліктің бірқатары ұзақ жыл бойы қолданыста болғандықтан, техникалық жағдайын қалыпты ұстап отыруда үлкен қаржылық шығындар бар екенін алға тартады бас дәрігер.

Мекемедегі 23 дәрігердің төртеуі жо­ғары санатты. Қосымша хирург, рент­ге­нолог, окулист, акушер-гинеколог, ин­фек­ционист сынды мамандар қажет. Бас дәрі­гердің айтуынша, рентгенолог қашық­тан жұмыс істеуге мәжбүр болып отырса, акушер-гинеколог дәрігері зейнет демалысында.

– Маман тапшылығы бар. Мәселені шешу, ауылдық елді мекендерге жас мамандарды жұмысқа тарту үшін аурухана жанынан екі пәтерлі тұрғын үй, бір реттік қаржылай көмек беріледі. «Дипломмен ауылға» келеміз деген мамандарға есігіміз ашық, – дейді бас дәрігер.

Аурухана қажетті медициналық жаб­дықтармен қамтамасыз етілген. Өткен жылы облыс бюджеті есебінен бөлінген 29 млн 422 983 теңгеге жаңадан 6 дана медициналық аппарат, атап айтқанда, 12 арналы электрокардиограф, қан қы­сымын бақылау жүйесі, холтер, аудио-смарт, спирометр, фетальды монитор сатып алынды. Сонымен қатар сүт безі обырының қатерлі ісігін ерте анықтауға бағытталған шараларды жүзеге асыратын автоматты рентгенмаммографиялық аппараты мен оған қажетті цифрлық жүйе орнатылған. Биылғы жылы да қажетті медициналық құрал-жабдықтармен, қон­дырғылармен қамтамасыз етуді жал­ғастыру көзделіп отыр.

Ауруханада консультативтік диагнос­тикалық қызметтер де жолға қойылған. Мұнда невропатолог, эндокринолог, стоматолог, профпатолог, хирург, онколог, психиатр-нарколог, инфекционист, дерматовенеролог мамандар қызмет көрсетеді. Мамандар айына 3 мыңнан астам қабылдау жүргізеді.

Аурухана базасындағы зертханада гема­тологиялық, биохимиялық, микро­биологиялық, иммунологиялық, жалпы клиникалық зерттеулер жүргізіледі. Қан, оның компоненттерін құю кабинеті де жұмыс істеп тұр. Мұнда жылына 15-тен артық адамға қан, 250 ден астам адамға қан алмастырғыштар құйылады. Ауруханада оңалту қызметтері де бар. Арнайы білімді медицина қызметкерлері массаж ғана емес, емдік-физикалық жаттығу тера­пиясын да өткізеді. Бірақ арнайы тренажерлар, спорттық құрал-жабдықтар, психо-физикалық күйді жақсартатын кабинеттер қарастырылмаған.

Ең негізгі мәселенің бірі – түкпірдегі ауылдарда интернеттің жоқтығы немесе әлсіздігі. Соның салдарынан халыққа көрсетілген медициналық деректерді толтыру үшін қызметкерлер аптасына үш рет Катонқарағай ауылына келіп-кетуге мәжбүр. Қорыта айтқанда, ауданда халықтың денсаулығын сақтау бағы­тындағы жүйелі жұмыстар тынымсыз атқарылып жатыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы