
Мұнай кен орындарынан шалғайлау жатқандықтан ба, тұрғындары мұнайшылық жұмысқа көп іліге бермейтін Бейнеудің санаулы жұрты терминалдан тұрақты жұмыс тауып, нәпақасын айырды. Алайда қаржылық кедергілерге байланысты терминал 2018 жылы жұмысын тоқтатты.
Енді, міне, араға 6 жыл салып қайта ашылып отыр. Жалпы ауданы 26 гектарды құрайтын Қазақстан – Түрікменстан шекарасына тікелей шығуға мүмкіндік беретін 8 шақырымдық теміржолы, өзінің жылжымалы құрамы бар перспективалы логистикалық хаб болып саналады. Жұмысын қайта бастаған терминалға 10 вагон, яғни 700 тонна бидай келді. Астықтың 75 пайызынан ұн шықса, 25 пайызынан кебек өндіріледі.
Ашылу салтанатында Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев және аудандық мәслихат төрағасы Ардақ Бораш ұн шығару жұмысымен танысып шықты. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қадыр Сәрсен игі істің бастауына батасын берді.
Терминалдың қуаттылығы бір мезгілде 100 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беріп, тәулігіне 320 тонна ұн мен 80 тонна кебек өндіреді. Жаңғыртудан кейін 400 тонна ұн және 240 тонна құрама жем беруге қауқарлы болмақ.
Газетіміздің 2024 жылғы 1 маусымдағы санында «Астық терминалы өндірістік қуатты еселейді» тақырыбымен астық терминалын қайта іске қосудың ұйымдастыру жұмысы туралы егжей-тегжей баяндаған едік. Енді «Еуразия Транс Логистик» ЖШС «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, астық терминалының қайта іске қосылуына мұрындық болды. Жауапты мекемелердің ұсынысқа дер кезінде назар аударғанына біз де алғысымызды білдіреміз.
Маңғыстау облысы