Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың астаналық облысқа жұмыс сапары іскерлік әрі жинақылық сипатында өтті. Ол делегация құрамындағы министрліктер мен ұлттық компаниялардың өкілдерін ҮИИД бағдарламасын сәтті жүргізіп отырған «ЕНКИ» ЖШС керамикалық кірпіш зауытына бастап келіп, бүгінгі күні өзектілігі арта түскен жұмысшылардың еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді.
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында алға қойылған тапсырмаларды орындау мақсатында бірқатар ұйымдастырушылық, тактикалық қадамдар жасалуда, – деді Вице-премьер Б.Сапарбаев. – Қазіргі дағдарысты жағдай ел тіршілігіне де әсерін тигізетіні белгілі. Әлемнің көп елін шарпып отырған экономикалық келеңсіздіктерге төтеп беру үшін нақты қам-қарекеттер қолға алынды. Соның ең бастысы халыққа жұмыс беру, жұмыссыздар санын көбейтпеу, әлеуметтік жағдайдың төмендеуіне жол бермеу болып табылады. Елімізде маңызды 8 мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп жатыр, солардың арқасында 400 мыңға жуық жұмыс орны ашылуы тиіс. Мұның барлығы ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану арқылы жүзеге асады. Импорт алмастыру, өзіміз өндірген өнімдерді өзіміз пайдалану, өндірістік қуаттарды арттыра түсу тұрақтылыққа жол ашады.
Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Президенттің қатысуымен өткізілген былтырғы телекөпірлер барысында индустрияландырудың жаңа қадамдарына оң баға берілгенін атап көрсетті. Аймақта 2014 жылдың қорытындысы бойынша, барлық қаржыландыру көздерін жұмылдыру арқылы экономикаға 181 миллиард теңгеден астам қаржы тартылды. Мұның 70 пайызы бюджеттен тыс қаржыны құраса, соның 8,7 миллиард теңгесі шетелдік күрделі салымдар болып отыр.
Жұртшылықтың жаппай еңбек белсенділігін қалыптастыратын 36 мың шағын және орта бизнес нысандарында 137 мың адам жұмыс істеуде. Өңірде 2014 жылы Индустрияландыру картасы шеңберінде 17 миллиард теңгені құрайтын индустриялық-инновациялық 10 жоба іске асырылып, 720 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды.
Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаевтың экономикалық дағдарысқа қарсы шаралардың орындалуы, Калачи және Қоянды ауылдарындағы орын алған жағдайларға қатысты сұрақтарына облыс басшысы мен оның орынбасары Дулат Нұрмолдин нақты жауаптар қайтарды. Атап айтқанда, «КамАЗ-Инжиниринг», «Степногор тау-химия комбинаты» және басқа кәсіпорындарының өнімдерін өткізу жөнінде Үкімет тарапынан қолдау жасалатыны, ал жоғарыда аталған ауылдарда тұрғындар мүддесіне сай жұмыстар жүргізіліп жатқаны мәлім болды.
Кеңес соңында Ақмола облысының әкімдігі, кәсіподақтардың облыстық кеңесі және кәсіпорындар басшылары арасында жұмысшылардың еңбек құқығы мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бастамашылар арасында «Тыныс» акционерлік қоғамы, «Степногор тау-химия комбинаты», «Степногор подщипник зауыты» АҚ, «Алтынтау-Көкшетау», «КамАЗ-Инжиниринг», «Көкшетау минералды сулары», «ЕНКИ» керамикалық кірпіш зауыты сияқты жетекші кәсіпорындармен қатар, республикалық ұлттық компаниялар да бар. Ендігі жерде 22 миллиард теңгенің 13 меморандумы қалыпты тіршілігімізге өзіндік ықпалын тигізетін болады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.