
Сурет: freepik.com
Ресей асқан күдіктілер 2023 жылдың қаңтарында Шымкент қаласында өзге үш адаммен бірлесе жоспар құрып, бас араздық негізінде танысын өлтіруді жөн көрген. Осы ойды жүзеге асыру мақсатында күдіктілер тапанша, металл шыбықтар мен биталармен қаруланып, қолғап пен маска киіп, түннің бір уағында жәбірленушінің үйіне баса-көктеп кірген. Олар терезелерді сындырып, үйге кіріп, жәбірленушіні соққының астына алып, денесінің сау-тамтығын қалдырмаған. Кейін үйдегі басқа адамдарды да ұрып-соғып, оқиға орнынан тайып тұрған.
Жәбірленуші ауыр дене жарақаттары салдарынан жедел жәрдем көлігінде қаза тапқан. Артынша күдіктілердің екеуі ізін суытпай ұсталып, әртүрлі жазаға тартылған. Ал қалған үш күдікті елден қашып үлгеріп, оларға халықаралық іздеу жарияланған.
Өткен жылдың мамыр айында сыбайластардың бірі көршілес елден экстрадицияланып, темір торға қамалған. Іздеудегі қалған екі күдікті былтыр шілдеде Ресей Федерациясының Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Айып ретінде тағылған қылмысты жасағаны үшін оларға 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осылайша, аталған қылмыстық оқиғаны жасауға қатысы бар барлық күдікті қолға түсті.
Сондай-ақ Бас прокуратура қызметкерлері ірі мөлшердегі алаяқтық жасап, елден жырақта бой тасалап жүрген күдіктіні Қазақстанның Беларусьтегі елшілігінің көмегімен аталған елден оны қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында экстрадициялады.
Ол 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың тамызына дейінгі кезеңде Түркістан қаласында бір топ адаммен бірге кәсіп ашу үшін тегін ақшалай грант алуға көмектесеміз деген сылтаумен 13 азаматтың қаражатын қолды қылған. Сөйтіп, оларға 10 миллион теңгеден аса көлемде шығын келтірген.
Бұл қылмыстың «шелек жалаған» сыбайласы ұсталып қалып, сотталған. Ал «айран ішкен» нағыз күдікті алаяқтық әрекетінен кейін елден қашып кетіп, оны тиісті орган халықаралық іздеуге тапсырған.
Былтыр қазан айында ол Беларусь жерінде ұсталып, жуырда Қазақстан Бас прокуратурасының өтініші бойынша елге жеткізілді. Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Бұл қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеу арқылы үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған.