05 Ақпан, 2015

Жобалар үнемшілікке негізделуі тиіс

263 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында бірқатар халықаралық келісімдерді ратификациялау туралы заң жобалары қаралды. Сондай-ақ, депутаттар әлеуметтік еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістерді көздейтін заң жобасын да талқыға салды. Алдымен депутаттар күн тәртібіндегі «Қазақстан Респуб­ли­касының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі ара­сындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Ол бойынша баяндама жасаған Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов құ­жат екі мемлекет аумағына кіру және онда болу шарттарын бұз­ған адамдарды анықтау және қай­та­руды көздейтіндігін айтты. Бұл санатқа еліміз аумағына заңсыз немесе заңды кірген, бірақ виза­сы немесе рұқсат мерзімі өтіп кет­кен­нен кейін сонда қалған адам­дар жатқызылатыны атап көрсе­тілді. Тараптар қайтару күнін, қайтарудың шарттарын алдын ала келісілетіні де алға тартылды. Баяндамашының сөзінен белгілі болғаны, Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары реадмиссия үшін Қазақстанның кесіп өту пункті болып белгіленген. Қазақстан мен Өзбекстан ішкі істер министрліктері осы келісімді іске асыратын құзыретті органдар болып табылады. Келісімді ратификациялау заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар, мемлекеттер аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауды, олардың транзитін жеңілдетеді. Камал Бұрхановтың Өзбекстаннан заңсыз жұмыс күшінің келуі жағдайына байланыс­ты сұрағына орай жауабында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары 2014 жылы Қазақстанға 530 мың Өзбекстан азаматы кіргендігін алға тартты. Жалпы келіп кеткенді қосқанда, олардың саны 3 миллион 640 адамға жеткен. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың саны 59 мыңды құраса, ал елден шығарылғаны 1946 адам екені белгілі болды. Бұдан кейін депутаттар «Қа­зақстан Республикасы мен Ха­лық­аралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы бойынша грант туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Айта кету керек, «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы Швейцарияның Даму және ынтымақтастық басқармасының гранты есебінен қар­жыландырылады, ол Дүние­жү­зілік банкте құрылған қор арқы­лы бөлінеді. Келісімге сәйкес, Дүниежүзілік банк алушыға осы келісімде жазылған немесе айтылған тәртіппен және шарттармен жобаны қаржыландыруға жәрдем көрсету үшін 21 763 000 АҚШ доллары мөлшерінде грант бөлуге келісім береді. Ал алушы жақ жобаның мақсаттарына өзінің адалдығы туралы мәлімдейді және оны іске асыруды қамтамасыз етеді деп көрсетілген. Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, жобаның мақсаты мемлекеттік әлеуметтік нысандардың энергия тиімділігін арттыру болса, оған 17,7 миллион АҚШ доллары бағытталатын болады. Бұл қаржылар шамамен 70-ке тарта әлеуметтік нысанға жұмсалмақ. Ағымдағы жылға еліміздің жеті өңірінде 19 әлеуметтік нысан таңдап алыныпты. Мәжіліс депутаты Мейрам Бегентаевтың ғимараттардың энергия тұтынуын азайтуға қатысты сұрағына орай жауабында А.Рау қаржы негізінен мектеп ғимараттарына жұмсалатынын ортаға салды. Энергия үнемдеу мәселесін көтер­ген Рауан Шаекин Семейдегі электр қуатымен жылытылатын аурухана ғимаратына айына 60-70 миллион теңге төленетінін алға тартып, биылдыққа енген жобалардың ішінде сол ғимарат бар ма? деп сұрады. Вице-министр ол ғимараттың тізімде жоқ екендігін айтты. Әріптесінің ойын жалғастырған Владислав Косарев ыстық сумен мектепті қамтамасыз етіп отырған күн көзі­нен қуат алатын қондырғы жайын сөз ете келіп, озық тәжірибелер еске­рілмейтіндігін, автоматты жұ­мыс істейтін пештерді шыға­ратын кәсіпорынға көмек көрсе­тіл­мейтіндігін ащы сынға алды. Заң жобасы біраз талқылаудан өткеннен кейін мақұлданды. Сондай-ақ, депутаттар кеше «Қа­зақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне әлеуметтік-еңбек саласындағы мем­лекеттік көрсетілетін қыз­мет­тер­ді оңтайландыру және автомат­тан­дыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгі­зу туралы» заң жобасын да мақұл­дады. Заң жобасы бизнес-үдеріс­терді оңтайландыру, ақ­па­рат­­тық жүйелерді және дерек­­қорды инте­грациялау, элек­­трондық құжат­тар мен элек­трондық цифр­лық қолтаңбаны қолдану сала­сын, сондай-ақ, «элек­трон­ды үкімет» порталын дәйекті түрде кеңейту арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы оң өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан бекітіп беруге бағытталған. Материалдық өндірістің барлық салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлерін көтермелеу мақсатында Мәжіліс депутаттарының бір тобы үш дәрежеден тұратын «Еңбек Даңқы» (Трудовая Слава)» мемлекеттік наградасымен наградтау бөлігінде қолданыстағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» Заңға түзету енгізді. Сөз реті келгенде айта кету керек, кешегі жалпы отырыста Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов өзге ер әріптестеріне қарағанда, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова өте жақсы жұмыс істеп келе жатқандығына ерекше тоқталды. «Егер адам шынымен де жұмыс істеп жатса, онда оны айту керек, – деп сабақтады сөзін палата Төрағасы. –Менің білуімше, ол – алды ашық министр. Жалпы алғанда, мен айтар едім, бұл министрлік – мақтауға тұрарлық. Сізге үлкен рахмет. Шынтуайтында, бірқатар ер министрлерге қарағанда, біраз нәрсеге қол жеткіздіңіздер. Яғни, бұл министрлік көптеген шаруаларды атқаруда. Мүмкін, барлығын қамти алмаған боларсыз, өйткені, жұмыс көлемі өте ауқымды, мұнда денсаулық сақтауға қоса, әлеуметтік мәселелер баршылық». Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».