05 Ақпан, 2015

Дағдарыстың алдын алу қадамы

514 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ақтөбеде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен отандық тауар өндірушілерді қолдау мен қазақстандық үлесті дамытуға арналған кеңес өтті. Кеңеске орталық мем­ле­кет­­тік органдар және олардың ау­­мақ­тық бөлімшелері, ұлттық ком­­па­ниялардың, жергілікті атқа­рушы органдардың, кәсіп­одақ және қоғамдық ұйым­дар­дың, қаржы инсти­тут­тары­ның, сондай-ақ, бір­қатар кә­сіп­орын­дардың басшылары қа­тысты. Онда Бақытжан Сағынтаев әлемдік қаржы дағдарысына, сон­дай-ақ, Ресей рублінің құнсыз­дануына байланысты ел экономикасына ықпалын азайтуға бағытталған Үкімет қолға алып жатқан шараларды әңгіме өзегіне айналдырды. – Әлемдегі саяси және эко­но­микалық жағдайға байланысты жергілікті жердегі жүйе құраушы және ұлттық компаниялармен жергілікті әкімдік тарапынан қазақстандық мазмұнды арттыру және өңірлерде әлеу­меттік тұрақтылықты сақ­тау бойынша жұмыстар қолға алы­нуда. Елбасы әлемдік дағ­дарыс пен Ресей рублінің құн­сыздануының салдарын дер кезінде сезіп, өзінің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы сын-қатерлерден шығу жолдарын көрсетті. Осындай күрделі кезеңде ел экономикасы дамуының жеті басым бағыттарын айқындап берді. Бұл бағыттар бойынша шаралар алынып, жүйелі жұмыстар жасалуда. Еліміздің жылдық бюджеті бұрын бір тонна мұнайдың бағасы 80 доллар шамасында белгіленсе, кейін 50 доллар бағамымен нақтыланды. Алайда, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатында қаралған бағдарламалардың барлығы да орындалатын болады. Кәсіпкерлікті дамытуға да жеңілдіктер қарастырылып, қаржылай қолдау көрсетіледі. 2016 жылға қаралған қаржылай қолдауды 2015 жылға бөлу жөнінде Елбасымен келісілді. Теміржол тарифін, электр қуаты бағасын төмендету бағытында қадамдар жасалуда. Жалпы, орта және шағын бизнесті қолдаудың мүмкін болған тетіктері қарастырылуда. Өңірлерде салынып жатқан тұрғын үйлер дайын болса, оны Үкімет белгілеген бағамен сатып алу ойлас­тырылуда. Еліміз бойынша бес-алты қалада мұндай мүмкіндіктер бар екені қазірдің өзінде белгілі болып отыр, – деді Бақытжан Сағынтаев. Ол сондай-ақ, жұмыс орындарын қысқартпау, өндірістердің ыр­ғақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды. Өз кезегінде облыс әкімі Ар­химед Мұхамбетов баяндамасында өңірдегі отандық өнім өндірушілерді қолдау, дағдарысқа қарсы шараларды қабылдау және жергілікті құрамды дамыту жайында баяндады. Осы орайда, Қазақстанда сатып алынатын тауарлар көлемін ұлғайту мақсатында өңірде жаңа өндіріс орындары құрылып, қолданыстағылары жаңғыртылатынын жеткізді. Өңір басшысының мәлімдеуінше, облыс­та алғашқы бесжылдықта үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасына жалпы сомасы 691,1 млрд.теңгені құрайтын 83 инвестициялық жоба енгізіліп, 11,8 мың жұмыс орны құрылған. 74 кәсіпорын өнімдерін шығарып, олар қазақстандық нарықта сұранысқа ие болып отыр. Өңір басшысы қазақстандық құрам үлесін арттыру мақсатында белсенді жұмыс жасап отырған кейбір компанияларды атап өтті. Қазақстандық өндірушілермен табысты ынтымақтастықтың бір мысалы ретінде Дөң кен-байыту комбинатының Ақтөбе металл құрылымдары зауытымен бірлескен жұмысын мысалға келтірді. Сондай-ақ, ақтөбелік өн­ді­рушілер Қазақстанның аймақтары арасында тауар-экономикалық ын­тымақтастығын нығайту бойынша мақсатты түрде жұмыстар жүргізіп жатқаны атап өтілді. Мысалы, «Ақтөбе металл құрастырмалары зауыты» ЖШС-нің металл бұйым­дары, «Стройдеталь» ЖШС темір-бетон бұйымдары, «Көк­тас» АҚ құрылыс тастары мен қиыршық тастары, «Экотон Батыс» ЖШС ұяшықты блоктары, «Ақтөбестройхиммонтаж» ЖШС полиэтилен құбырлары қазақстандық нарықта сұранысқа ие. Атырау және Маңғыстау облыстарының мұнай кәсіпорындары «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ өнімдерін пайдаланады. Кеңес соңында қызметтің әр түрлі бағыттары бойынша бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Облыс әкімдігі мен ұлттық компаниялар және жүйе құраушы кәсіпорындар арасында жалпы сомасы 44,6 миллиард теңгеге жергілікті құрамды қамтамасыз ету бойынша жеті меморандумға қол қойылды. Меморандумға қол қойғандар арасында «Еуразия тобы» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазақ­мыс корпорациясы» ЖШС, «Қазақ­телеком» АҚ, «Қазақстан темір жолы», ҰК» АҚ, «СНПС-Ақтө­бемұнайгаз» АҚ, «Восход Ориел» ЖШС бар. Бұдан басқа, жұмыс орындарын және жұмысшылардың еңбекақысын қысқартуға жол бермеуге, сондай-ақ, жұмыс берушілердің еңбек заңдылықтарын сақтау жөніндегі, оның ішінде, еңбекақы бойынша қарыздарды өтеу мәселелері бойынша жұмыстарын жандандыруға бағытталған әлеуметтік даму саласындағы жеті меморандумға қол қойылды. Қол қоюшылар арасында жалпы алғанда 23 мыңнан астам адам еңбек ететін «Қазхром» ТҰК» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «АЗХС» АҚ, «Трансэнерго» АҚ, «Восход-Oриел» ЖШС, «Ұлы Қабырға» ЖШС бар. Әлеуметтік бағыттағы мемо­рандумдарға қол қою – бұл бір реттік акция емес, түпкі мақсаты аймақтың тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту болып табылатын дәйекті жұмыстар екенін атап көрсету қажет. Жыл басынан бері облыста өндірістік үдерістерді тұрақтандыру және жұмысшылардың еңбек құ­қық­тары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара ын­тымақтастық туралы 62 мемо­рандумға қол қойылды. Кеңес жұмысын қорытындыла­ған Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Бақытжан Сағынтаев «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-тың Оңтүстік Қазақстан облысындағы компанияның өнімін пайдаланбай отырғанын атап өтті. Бұл мұнай саласы кәсіпорындары үшін өнім шығаратын бірден-бір кәсіпорын екенін, мәселеге тереңірек қарау керектігін қадап айтты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.