
Өткен жылы Жамбыл облысы еліміз бойынша «Үздік спорттық өңір» атанды. Бұл атақ өңір спортшыларының қандай толайым табысы үшін берілді, жамбылдық сайыпқырандар ұлу жылында нендей жетістіктерімен дараланды, өңір спортының өркендеуі бағытында сала мамандары қандай жұмыс атқарды? Бұл сауалдарға облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов жауап берді.
«Өткен жылы өңірдің спорт саласын дамытуға 15,8 млрд теңге қаржы қарастырылды. Осыған қарап-ақ билік тарапынан спортшыларға барынша жағдай жасалып жатқанын бағамдауға болады. Спорттың қай түрінен болсын ұлттық құрама сапы ұдайы жаңартылып отыруы тиіс. Жаңа буын қалыптаспай, саңлақтардың ауыз толтырып айтарлықтай жеңіске жетуі мүмкін емес. Мықты спортшыларды шығару, оларға қолдау көрсету – міндетіміз. Жалпы алғанда, облыста 54 спорт мекемесі тұрақты, тынымсыз жұмыс істеп келеді. Бұл мекемелерде 29872 спортшы бар, 1195 жаттықтырушы олардың талапқа сай жаттығуы жолында тер төгіп жүр. Қазіргі кезде өңірде спорттың 85 түрі қамтылған. 885 сайыпқыранымыз – түрлі деңгейдегі ұлттық құраманың мүшесі. Облыс спортшылары бүгінге дейін республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда 1797 медаль иеленді. Оның 658-і алтын, 570-і күміс, 569-ы қола жүлде», деді Е.Ибраимов.
Басқарма басшысы келтірген дерекке жүгінсек, өткен жылы бір спортшы еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, сегіз спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 84 спортшы спорт шебері нормативін орындаған. Сондай-ақ үш бапкер еліміздің «еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие болған.
Жамбыл облысына «Жылдың үздік спорттық өңірі» атағы бекер берілген жоқ. Мамандар бұл табысты төртжылдықтың басты додасы саналатын Париж Олимпиадасындағы тарихи табыспен байланыстырады. Олимпия ойындарында дзюдошы Елдос Сметов 44 жыл бойы күткен нәтижені тіркеп, күрес түрлерінен тәуелсіз еліміздің тарихында қазақ оғландары сапынан алғаш болып алтын жүлде иеленіп, Мәскеу Олимпиадасындағы Жақсылық Үшкемпіровтің нәтижесін қайталады.
«Грек-рим күресінің шебері, қазақ халқының даңқты ұлы Жақсылық Үшкемпіровтің Мәскеу Олимпиадасындағы ерлігі жұрт жадынан мәңгі өшпейтіні анық. Соңғы үш Олимпиадада үш жүлде иеленген Елдостың Париждегі алтын жүлдесін жанкүйерлер 44 жыл күтті. Ақыры сайыпқыранымыз ел үмітін ақтады. Рио-де-Жанейро – күміс, Токио – қола, Париж – алтын!
Паралимпиада ойындарына Жамбыл облысынан 4 спортшы қатысып, Жұмағали Нұрдәулет паражүзуден күміс медальға ие болды.
8-13 қыркүйек аралығында Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында Жамбыл облысынан 17 спортшы қатысып, 7 алтын, 7 күміс, 4 қола, барлығы 18 медаль иеленді.
Грек-рим күресінің шебері Ержет Жарылқасынның Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атануы мен Азия чемпионатында топ жаруы да айтарлықтай жетістік. Бұл – жамбылдық спортшылардың ересектер арасындағы Әлем чемпионатындағы тұңғыш жүлдесі», дейді басқарма басшысы.
Расында да, өткен жылы жамбылдық спортшылар халықаралық додаларда ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Айталық, дзюдошы Нұрқанат Серікбаев пен Мейіржан Әшіров әскерилер арасында әлем чемпионы атанды. Жастар арасындағы әлемдік додада боксшы Асылхан Көшербай күміс, Әнел Әбдірасілова қола жүлде иеленді. Бексұлтан Боранбек жамбылдық жастар арасынан шыққан алғашқы Әлем чемпионы ретінде есімін тарихқа жазды. Бұдан бөлек, ересектер арасындағы жарыста Диас Молжігітов пен Дулат Бекбауов Азия чемпионатының күміс жүлдесін мойнына ілсе, Әйгерім Сәттібаева қола жүлдеге қол жеткізді.
Өңір спортшыларының халықаралық додаларда жасындай жарқыраған сәті де аз емес. Сондай-ақ өңірде бұқаралық спортқа мықтап бет бұрған тұрғындардың саны жыл санап артып келе жатқанын да айта кеткен жөн.
«Өткен жылы облыс халқының 41,2 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылдануға ден қойды. Осылайша көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір артты. Қазір облыс көлемінде 503,3 мың адам бұқаралық спортқа тартылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті көбейту мақсатында жұмыс істейтін боламыз», деді басқарма басшысы.
Айтары жоқ, өткен жыл жамбылдық жампоздар үшін толайым табыстарға
толы болды. Олимпия ойындарының жалғыз алтын жүлдесін жамбылдық спортшы қоржынға түсіріп, тарихи жетістікті тіркеді. Былғары қолғап шеберлері де тамаша табыстарға қол жеткізді. Дегенмен жамбылдық боксшылардың 2004 жылдан бері Олимпия ойындарында жүлде алмағанын да қаперде ұстаған жөн. Ендігі мақсат – келесі Олимпиадада сол олқылықтың орнын толтыру.
Жамбыл облысы