Қоғам • 22 Қаңтар, 2025

Мұқтаж жандарды сарсаңға салмасақ...

118 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде кейінгі жылдары тұрғынжай құрылысы қарқын алса да, халқымыздың саны жылдан-жылға едәуір өсіп отыр­ған­дықтан, пәтер кезегінде тұрған мұқтаж азаматтар азаяр емес. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жол­дауында тұрғынжай кезегінде тұрған, өз бетінше бас­пана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға әлеу­меттік көмек көрсету мақсатында олар жалдайтын пәтер­лердің ақысын субсидиялау бастамасын көтерген еді.

Мұқтаж жандарды сарсаңға салмасақ...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл жұмысты реттеу «Отбасы банк» акцио­нер­лік қоғамына тапсы­рыл­ған еді. Алайда «Отбасы банк» аталған тапсырманы орындауды ұзаққа созып жіберді. Осыған орай Үкіметтің 2022 жылғы 8 ақпанда болған кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы: «Менің жалға берілетін тұрғынжайды субсидиялау жөніндегі бастамам бұдан бір жыл бұрын басталуға тиіс болатын. Бірақ сылбыр қимылдаудың, бәлкім, саботаж жасаудың салдарынан жүздеген мың отандасымыз мұндай қолдау түрін әлі күнге алған жоқ. Шенеуніктер ұзақ уақыт бойы аз қамтамасыз етілген азаматтардың тұрғынжайға жұм­сайтын шығынын азайту жөніндегі қарапайым да түсінікті бастамадан ірі құрылыс компанияларын қолдаудың кезекті құралын жасауға тырысты. Соңғы рет айтамын, бұл – әлеуметтік бастама», деп қатаң талап қойды.

Сол күні бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық да­му министрі «Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұр­ғын­жай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер таға­йындау және жүзеге асыру қағи­даларын бекіту туралы» №60 бұй­рыққа қол қойып, маңызды әлеу­меттік жобаны жүзеге асыру қолға алынды.

Аталған қағидаларға сәйкес жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін төлем­дер мемлекеттік бюджеттің қара­жаты есебінен 50%, тұрғынжай жалдау­шылардың есебінен 50% тепе-теңдікте жүзеге асырылады. Осы мақсатта 2022 жылы «Отбасы банкке» республикалық бюджеттен 40 млрд теңге қарастырылды. Бірақ оның небәрі 400 млн теңгесі, яғни 10%-ы ғана игерілді.

2023 жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде Өнер­кәсіп және құрылыс министрлігі пәтер кезегінде тұрғандардың әлеуметтік жағдайына талдау жүргізе келіп, шамамен 70 мың мұқтаж адамға төлем тағайындау қажет­тігін анықтады. Осы мақ­сатқа мемлекеттік бюджеттен 43 млрд теңге субсидия бөлінді. Әйтсе де іс жүзінде бекітілген талап­­тарға сай келіп, тиісті төлем­ді алған азаматтардың саны 10,2 мың ғана болып, бөлінген қар­жы­ның 5,3 млрд теңгесі ғана иге­рілді. Қалған қаражат басқа бюд­жеттік бағдарлама бойынша ха­лық­тың әлеуметтік осал топта­ры­на тұрғынжай сатып алуға жұм­салды.

Мұндай парадокстың себебі неде? Біріншіден, «Отбасы банктің» аталған субсидияны пәтер кезегінде тұрған азамат­тардың төрт санатына ғана беріп отырғандығын құптау қиын. Олар – «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I, II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, 29 жасқа жетпеген жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

Шынтуайтында, Мемлекет басшысының жолдауында жал­даған тұрғынжайы үшін субсидия берілетін азаматтар санаты шектелмеген. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабына сәйкес халықтың әлеу­меттiк жағынан осал топтарына Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдары­­ның ардагерлері, бірінші, екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқор­лы­ғын­сыз қалған балалар, қандастар, та­биғи, техноген­дi сипаттағы төтен­ше жағдай­лар салдарынан тұр­ғын үйiнен айырылған адамдар, көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау, ғарыш кеңіс­тігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру, адам өмiрiн құт­­қару, құқық тәртiбiн қорғау ке­зiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары, толық емес отбасылар жатады. Осы 11 санаттағы азаматтар мемлекеттік қолдау­мен неге түгел қамтылмағаны түсі­ніксіз. Бұл олқылық жаңа­дан әзірленіп, Өнеркәсіп және ­құ­ры­лыс министрінің мінде­тін ат­қару­шының 2024 жылғы 17 мау­сымдағы №221 бұйры­ғы­мен бекітілген «Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұр­ғын­жай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер таға­йындау және жүзеге асыру қағи­да­ларында» да ескерілген жоқ.

Екіншіден, жалға берілетін баспана қай қалада болсын аз еместігіне қарамастан, олардың иелерінің ішінен тұрғынжай­ды жалдау ақысына субсидия ал­ғысы келетін жалға алушылармен ресми шарт жасасқылары келетіндерді табу оңай емес. Өйткені бүгінде баспанасыз азаматтардың көбі жалға алған тұрғынжайларда жалға беру­шілермен ауызша келісім бо­йынша тұрып жатқаны мәлім. Мұның өзі елімізде кеңінен таралған заңсыз бизнес болып саналады. Жоғары аудиторлық палатаның мәліметіне қарағанда, жалға берілетін тұрғынжай­­дың «көлеңкедегі» нарығы жалпы жалдамалы тұрғынжай нары­ғының 60-70%-ына дейін жеткен. Бұған қоса жергілікті атқа­рушы органдардың өкілдері тоқ­санына кемінде бір рет жалға алушылардың жалға берілетін тұрғынжайды мақсатты пайдалануына мониторинг жүргі­зетіні де жалға алушыларға ғана емес, жалға берушілерге де ұнай қоймайтыны белгілі. Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азамат­тардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидалары бойынша мұқтаж азаматтардың жақын туыстарынан және жұбайы­­ның жақындарынан тұрғынжайды жал­ға алуға тыйым салынған. Соған қарамастан, субсидия алу үшін қажетті шартты жасауға келісетін жалға берушіні таба алмаған адамдар амалсыздан тегі басқа туыстарының көме­гіне жүгініп жатады. 2022 жылдан бері осындай, басқа да бұзу­шылықтарға жол бергендігі әшке­реленген 15 831 азамат алып жүр­ген субсидиядан қағылған.

Пәтер жалдағаны үшін субсидия алушылар саны аздығының тағы бір себебі – кейінгі 6 айдағы орташа айлық жиынтық табыстың мөлшері отбасының әрбір мүше­сіне шаққанда ең төмен күнкөріс деңгейінен көп болмауға тиістілігі. Мәселен, өткен жылғы ең төмен күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге болғанын ескерсек, 5 адамы бар отбасының орташа айлық табысы 217 035 теңгеден аспауы талап етіледі. Одан асып кетсе, субсидия төленбейді. Қазіргі қымбатшылық жайлап тұрған уақытта мұндай шектеуді әділ деп айту қиын.

Былтыр пәтер жалдап тұра­тын мұқтаж жандарға субси­дия төлеуге бюджеттен 6,7 млрд теңге бөлінді. Бірақ бұл іс жүзінде жеткіліксіз болып шықты. Өйткені өткен жылы «Отбасы банкке» тиісті өтініш бергендер саны 18,8 мыңға дейін жетті. Оның 13 мыңы қолдау тапты. Субсидияға қолы жеткен отбасылар саны – 9,9 мың ғана. Қазір уәкілетті органдар қосымша қажеттілік туындаған 3 млрд теңгені іздестіріп жатыр. Өкінішке қарай «Отбасы банк» ұсынған құжаттары жоғарыда айтылған талаптарға сай келмеген 6,8 мың азаматтың өтініштерін орындаудан бас тартты.

Жоғары аудиторлық пала­та­ның қорытындысына сүйен­сек, пәтер жалдаушы мұқ­таж жандарға субсидия төлеу бағдарламасын іске асы­ру­ға­ Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрлігі формальді түрде қа­раған. Бұл әлеуметтік жоба өткен жылы да толыққанды жүзеге асырылмады. Соның салдарынан Мемлекет басшысы уәде еткен субсидия баспана жалдап жүрген кедей адамдардың көп­ші­лігіне бұйырмай тұр. Демек министрлік Жеке тұрғын үй қоры­нан жалға алынған тұр­ғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау, жүзеге асыру қағида­ларын қайта қарап, ондағы шамадан тыс шектеу­лерді алып тастағаны, жеке тұр­ғын­жайын жалға берушілерді «кө­лең­кеден» шығарып, заңды қыз­мет көрсетуге ынталандыра­тын ұтымды шараларды қабылдағаны жөн.