Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Петропавл ауыр машина жасау зауытында өткен басқосуға министрліктердің, ұлттық компаниялардың өкілдері, жергілікті ірі кәсіпорындар мен агроқұрылымдардың, ведомостволардың, салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысып, үшжақты келісімдер жасалды.
Жиынды кіріспе сөзбен ашқан аймақ басшысы Ерік Сұлтанов өндірістік үдерістерді дамыту, жұмыссыздық деңгейін азайту мәселелеріне тоқталды. Былтыр кәсіпорындар мен ұйымдар 1500 меморандум мен 3600 ұжымдық шартқа отырса, биыл 32 мың адамды қамтитын 747 үшжақты келісім жасалған.
Б.Сапарбаев жиналғандардың назарын бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған әлемдегі саяси, экономикалық күрделі ахуал жайымен таныстырып, алдағы басты міндет жаһандық қаржы дағдарысын қазақстандықтар сезінбейтіндей кешенді шараларды жіті ұйымдастыру, халықтың тұрмысын жақсарту жолындағы әлеуметтік міндеттемелер мен кепілдіктерді сөзсіз орындау қажеттігіне аударды. Былтыр елімізде экономикалық өсім 4 пайызды құрады. Ұлттық қордан бөлінген бір триллион теңге тиімді пайдаланылса, 400 мыңдай жаңа жұмыс орындары құрылады. Ол үшін елімізде мүмкіндіктер жеткілікті. Жолдаудан туындайтын басты қағидаттарды басшылыққа ала отырып, көп елдерді қамтып отырған қаржылық қиындыққа төтеп берудің оңтайлы жолдарын талмай қарастыру қажет. Елбасының басты талабы–жергілікті тауар өндірушілерге қолдауды күшейту, өнімдерімізді сапалы етіп шығару, жұмыс орындарын қысқартпау, керісінше, жаңа өндіріс орындарын ашу. Солтүстік Қазақстан облысы шекаралық аймақта тұрғандықтан, Ресеймен қарым-қатынас жасаудың маңызы зор.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, қазақстандық үлесті көбейту, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жайларын баяндады. «Жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушылардың саны 12 мыңға жетіп, 669 адам жеке кәсібін ашса, 442 адам нәсіп көздерін одан әрі кеңейткен. Орташа айлық жалақы 10 пайызға өсіп, жұмыссыздық деңгейі 4 пайызға дейін төмендеген. Үкіметтің нақты қолдауы арқасында облыстағы машина жасау кәсіпорындарының тапсырысы бүгінде 22 миллиард теңгеге өскен.
Баяндамашы шетелдік компаниялармен тығыз байланыстың орныққанын айта келіп, тиісті ведомостволар тарапынан шешімін күткен кей проблемаларды тілге тиек етті. Мәселен, «Богви» фирмасының банкротқа ұшырауы тауар өндірушілер үшін елеулі қиындық тудырып отырған жайы бар. Әсіресе, оның құрамына кіретін 24 шаруашылық астық өсіруде біраз қиындықтар көріп келеді. Өйткені, жер телімдері мен 4 элеватор кепіл ретінде банктерге қойылғандықтан, іркілістер көп. Сол сияқты мәскеулік «Трансавто» компаниясында орташа еңбекақы мөлшері облыстық көрсеткіштен 25 пайызға аз.
Петропавл ауыр машина жасау зауытының бас директоры Қуаныш Бишімов ұжымда 1500 адам еңбек ететінін, орташа айлық еңбекақы 100 мың теңгеден айналатынын, 7,5 миллиард теңгеге тапсырыстар түскенін жеткізді. Былтыр 260 миллион теңгенің әлеуметтік міндеттемелері орындалса, биыл бұл көрсеткішті 300 миллион теңгеге ұлғайттық. Жұмысшы-қызметкерлерге еңбек, тұрмыс жағдайларын жасау шаралары ұжымдық келісімде жан-жақты көрініс тапқан, деді өз сөзінде кәсіпорын басшысы.
– Осы кездесудің алдында кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып, ұжыммен кездестім. Ауыр өнеркәсіп саласын дамыту Президент тарапынан әркез үлкен қолдау тауып келеді. Бәріміздің күш-жігеріміз ортақ мақсатқа арналып, дағдарысты болдырмаудың, алдын алудың іргелі міндеттері тұр, деген Премьер-Министрдің орынбасары отандық тауар өндірушілерге қолдауды одан әрі күшейтуді жүктеді.
Жиын соңында облыстық әкімдік, кәсіподақ және ірі кәсіпорындар мен ұлттық компаниялар арасында 18 миллиард теңгені құрайтын 14 меморандумға қол қойылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.