
Суретті түсірген – Ақәділ РЫСМАХАН
Біршама уақыт бұрын тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндіріс ошағын салуға бекінген «Қаз Каспий Гидро Сельхоз Технология» ЖШС жақында сол зауыттың ресми ашылу салтанатын ұйымдастырды. Ресми дерекке зер салсақ, ірі жобаның жалпы құны 2,8 млрд теңгені құрайды. Серіктестік өкілдерінің айтуынша, жаңа зауытта жылына 20 мың гектарға дейінгі алқапты тамшылатып суаруға қажетті жабдықтар өндіру көзделген. Қазір жаңа кәсіпорын 30 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс ошағы толық қуатында жұмыс істеген кезде жұмысшылар саны екі есе көбеймек.
«Жаңадан бой көтерген зауыт келесі вегетациялық кезеңге толығымен дайын. Фермерлерге 6 мың гектарға дейінгі алқапқа суару жабдықтары беріледі. Бұдан бөлек, ұңғымаларды бұрғылауға арналған құрал-жабдықтар айтылған мерзімде жеткізілгенін атап өткен жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында өңірге әлеуетті инвесторлар тарту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Ал тамшылатып суару жүйесін шығаратын жаңа зауыт жамбылдық шаруалардың да бірқатар өзекті мәселесін шешуге ден қоятыны талас тудырмайды», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.
Кейінгі жылдарда қалыптасқан үрдіске зер салсақ, фермерлердің тамшылатып суару технологиясын пайдалануға деген қызығушылығы уақыт өткен сайын артып келе жатқанын байқаймыз. Атқарылған жұмыстың нәтижесі де жоқ емес. Жаңа технологияға ден қойған шаруалардың есебінен өңірде тамшылатып суару әдісімен суарылатын алқап көлемі айтарлықтай ұлғайған.
«2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы су үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс», деген еді Президент.
Ресми дерекке жүгінсек, Жамбыл облысында 181,8 мың гектар суармалы алқап бар. Оның 127,3 мың гектары жерүсті әдісімен суарылса, 28,5 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясы қолданылады. 11,5 мың гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесі пайдаланылады. Былтыр 15,2 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы орналастырылған. Биыл қосымша 10 гектар алқапқа жаңа технология енгізілмек. Нәтижесінде, көрсеткіш 64,5 мың гектар алқапқа дейін ұлғаймақ. Мамандардың айтуынша, жаңа технологияларды қолданудың арқасында егіншілікте суды 50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік туады. Ал тың әдістің ең тиімдісі – тамшылатып суару. Оның автоматтандырылған түрі болсын, механикалық түрі болсын шаруалар үшін барлық жағынан тиімді деседі.
Жамбыл облысы