*Елімізге халықаралық Қайта құру және Даму банкі 21,7 млн. АҚШ доллары көлемінде грант бөледі. Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, жобаның мақсаты – мемлекеттік және әлеуметтік нысандардағы энергия тиімділігін жақсарту бағытында қаржыландыру жүйесін құру.
*«ҚазАгро» холдингінің инвестициялық қоржынында 477 жоба бар. Құрылымның баспасөз қызметі хабарлағандай, аталмыш жобалардың жалпы құны 309,1 млрд. теңгені құрап отыр. Олардың 365-і пайдалануға берілген.
*Алматы өңірінде ынтымақтастық туралы 17 меморандум бекітілді. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жалпы сомасы 22,6 млрд. теңге болған бұл құжаттарда жергілікті қамтуды дамыту, өңірдің өнеркәсіп әлеуетін арттыру, өндірістік жағдайды тұрақтандыру мен жұмысшылар кепілдігі және еңбек құқығын сақтау мәселелері қарастырылған.
*Оңтүстік Қазақстан ҮИИД бағдарламасын орындауда алдыңғы қатарда. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев өңірге жасаған жұмыс сапары барысында бұл аймақта бүгінде құны 230 млрд. теңгелік 135 инвестициялық жоба іске асырылып жатқанын, сондай-ақ, еліміздегі қуатты индустриялық орталықтардың біріне айналып отырған облыс республика бойынша алдыңғы орында тұрғанын мәлімдеді.
*Жамбыл өңірі бюджетінің 54,2 пайызы шағын және орта бизнестің үлесінде. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының дерегінше, былтыр аймақта «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жоба жасаушыларға 12,8 млрд. теңге көлеміндегі мемлекеттік қолдау көрсетілген. Айта кетейік, өңірдің кәсіпкерлік секторы бюджетке 35 млрд. теңгенің түсуін қамтамасыз еткен.
*Шығыс Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысы басталды. Компанияның баспасөз қызметі атап көрсеткендей, қазіргі таңда «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында Семейде 2 көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстарын қолға алған. Бұл үйлер жалпы ауданы 7 611 шаршы метр болатын 126 пәтерге есептелген.
*Атыраудағы полипропилен қап шығаратын зауыт өнімдері Еуропа нарығында. ҮИИД бағдарламасы аясында құрылған кәсіпорын айына 120 тонна полипропилен сатып алуды жоспарлап отыр. Зауыттың жобалық қуаты ұнға, қантқа және өзге де өнімдерге айына 1 млн. дана қап шығаруға жетеді. Мұнда 185 адам еңбек етеді.
*Павлодар облысының Заңғар ауылында «Балапан» орталығы ашылды. Павлодар ауданының әкімі Нұрлан Әутәліпов аталмыш елді мекенде мектепке дейінгі білім беру мәселесі шешімін тапқанын жеткізді. Тұрғындардың өтініші бойынша қатарға қосылған орталықтың арқасында ауылда 11 жұмыс орны құрылды.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары мен «ҚазАқпарат» агенттігінің деректері бойынша дайындалды.