
Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айына дейін мұндай тұрғындарға көрсетілетін жеңілдік алудың машақаты көп еді: әкімдікке әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың тізімі жіберіледі, кейін деректер абоненттер базасындағы мәліметпен салыстырылады. Бір адам мекенжайын ауыстырса немесе кейбір деректер қате түссе, мұқтаж жан көмектен қағылады.
Сондықтан 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап еліміздің Энергетика министрлігінің қолдауымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «QazaqGaz Aimaq» АҚ бірігіп, eGov Mobile жүйесінде «Әлеуметтік әмиян» бағдарламасы арқылы жаңа цифрлық жүйені іске қосқан еді.
Міне, қазір барлық үрдіс автоматтандырылған. Жоғарыдағы азаматтарға енді 1414 нөмірінен жеңілдік жөнінде SMS-хабарлама келіп түседі. Олар бағдарламаға қатысатынын растап, өздерінің жеке шотын көрсетеді. Болды. Бұл қаншама уақытты үнемдеуге, қателіктерді болдырмауға әсер етіп жатыр. Әрі әлеуметтік көмектің ашықтығы мен қол жетімді болғанын айтыңыз.
- Пилоттық жоба ретінде цифрлық жүйенің енуі тұрғындарды әлеуметтік қолдау саласын дамытуға ерекше әсер етеді. Қазір «QazaqGaz Aimaq» АҚ жүйені одан әрі жетілдіру үшін мониторинг жасап жатыр. Әрбір мұқтаж азамат әлеуметтік көмектен тыс қалмауы тиіс, - дейді бізге жағымды жаңалықты жеткізген Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ерхан Тәткен.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысы 99,8%-ға табиғи газ жүйесімен қамтамасыз етілген. Газ құбырларының жалпы ұзындығы 10 063 шақырымға созылып жатыр. Көгілдір отынды қауіпсіз тасымалдау, тұтынушыға жеткізу саласында «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамы БҚО филиалының 536 жұмысшысы еңбек етіп келеді.