05 Ақпан, 2015

Студенттер ұйытқысы – кіші ассамблея

303 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

ЭМБЛЕМА ГОДАДәстүрлі достығымыз – берекеміздің бастауы

Онда әр аптаның жұмасы мемлекеттік тіл болып белгіленген

– Әдетте, мен өзім өскен Руд­ный қала­сындағы түрлі ұлттардың ұлттық костюмін сахнадан қана көретінмін. Мен оларды сахна киімі деп қана қабылдайтынмын. Соңғы жылдары қаладағы мерекелік шараларда түрлі ұлт өкілдері ұлттық тағамдарын жасап қоятын болған. Оларды да алыстан қызықтаймыз. Көптің ішінде дуылдаған мерекелік көңіл-күймен көп нәрсені байқай бермейді екенбіз. Мерекені салтанатты, қалыптасқан көрініс деп білеміз. Ал өзімізде студенттердің кіші ассамблеясы жұмысынан кейін қасымда жүрген достарым арқылы керемет дүниеге көзім қанықты, – дейді Рудный индустриялық институты экономика және құрылыс факультетінің 2 курс студенті Жанна Кравченко. Бірқағар қазақшасымен кіші ассамблея жұмысын баяндаған қыздың жүзі бал-бұл жанады. 1 may 19 Рудный индустриялық институтында барлық білім ордалары секілді түрлі шаралар өтіп жатады. Өткен жылы сәуір айында осындағы студенттердің кіші ассамблеясы құрылды. Оның төрағасы институттың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Жас­ұлан Алпысбаев болды да, оның орынбасарлығына студент Жанна Кравченконы ұсынған болатын. Жұмыс бірден қызу жүріп кетті. Кіші ассамблеяның белсенді жас­тары «Рудный индустриялық институтындағы жарасымды дос­тық келісім» атты фестиваль өткізді. Кіші ассамблея мүше­лерінің ұйымдастыруымен өткен жастық думан түрлі ұлттық бояумен қаныға түсті. – Маған студенттер ассамблея­сы өткізген шаралардың, ең алдымен, дайындығы ұнайды. Біз әр ұлттың жастары бір үйдің балаларындай болып кетеміз. Олардың әрқайсысы өз ұлтының ұлттық киімін, тағамдарын әкеледі. Өлеңдерін, билерін үйретеді. Қызу жұмыс жүреді, пікірталас­тар да туып жатады. Ал кіші ассам­блея ұйымдастырған шара сәт­ті өткенде бізден бақытты жан болмайды, дос құшақтар айқа­сады. Мұндай сәттер әр студентке керемет рухани күш береді, – дейді Жанна ағынан жарылып. Рудный қаласында 60-тан аса түрлі ұлттың өкілі тұрады. Кеншілер қаласы тарихының өзі бүгінгі жастардың атасы мен әжесінің жастық шағымен тікелей байланысты. Осыдан алпыс жыл бұрын алғашқы кеншілер шатырын комсомолдық екпінді құрылысқа келген түрлі ұлт жас­тары тіккен болатын. Рудный қаласы олардың мәңгі құт мекеніне айналды. Осы жерде отау құрды, ұрпақ өсірді. Кеншілер қаласын бірге көркейтті, экономиканы бірге дамытты, еліміздегі уақыт өзгерістерін де бірге көріп, еліміздің тәуелсіздігін де бірге қарсы алып, іргетасын мықтап келеді. Аға ұрпақ түрлі ұлт пен ұлыстар арасындағы достықты бояуын солғындатпай кейінгі ұрпаққа бере білді. Бейбітшіліктің қазақстандық бірегей үлгісі де осы болар. Еліміз Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында, яғни 1995 жылы 1 наурызда Президент Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. «Ол – Қазақстан тұ­рақ­тылығының айшықты атрибуты. Сол себепті де, мен әрдайым үл­кен міндеттер арта отырып, бү­кіл халықтың қолдауына ие болу үшін Ассамблеяға жүгі­не­мін», деді Нұрсұлтан Назарбаев елі­міздегі жетекші телераналар жур­налистеріне берген сұхба­тында. – Кіші ассамблея студенттер арасындағы достықты, тату­лықты, бірлікті сақтай отырып, қоғамды дамытудың, мем­лекеттігімізді нығайтудың тамаша тетігі де болады. Мысалы, біз «Қазақ тілі және үш тұғырлы тіл» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткіздік. Жастар үшін тіл мәселесі айрықша маңызды екенін білеміз. Соның ішінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді де талқыладық. Біздің институтта әр аптаның жұма күні мемлекеттік тіл күні болып саналады. Кіші ассамб­лея кеңесі осы істі жандандыруды, қалыптастыруды ойластырды. Сол күні студенттер қазақ тілінде сөйлесуге тырысады, ең болмағанда аудитория­лар­да қазақша амандасамыз. Мем­ле­кеттік тілді білген достарымыздың төбесі биік, олар өзін сенімді сезінеді, – дейді Ж.Кравченко. Орыс қызы Ж.Кравченконың өзі қазақ тілінде тіл сындырып қалған. Студенттердің Кіші ассамблеясының қатары 40 студентпен толықты, корей Николай Пак, татар Роман Файзуллин, қазақ Алтынгүл Байтық, орыс Анастасия Самойлова, украин Виктория Полковниченко, удмурд Денис Наговицын белсенділік танытады. Кіші ассамблея институттағы әр шараны шығармашылық тұрғыдан дайындап өткізеді. Институтта білім нәрімен сусындап жүрген 20 ұлт өкілдері студенттер сахнасынан ән шырқап, билейді. Жастар киген ұлттық киімдердің сұлулығында шек жоқ, студенттер сахнасы бояулар мен музыка гаммасына айналады. Ал оның мазмұны біреу ғана –Тәуелсіз Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім, жастар арасындағы шынайы достық болатын. – Біздің кіші ассамблея жұ­мысында саясат жоқ, шынайы дос­тық, күнделікті өмір ғана бар, – дейді Жанна. Расында, аға ұр­пақтан келе жатқан өзара түсі­ніс­тік, толеранттық пен достық ұғы­мы алға қарай жалғаса бермек. Ел­басы айтқандай, оған жас­тар­дың қатысуы тәрбиенің тамаша үлгісі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Рудный қаласы.

Бірлігіміз қашанда берік

Кнарик ГАСПАРЯН, Алматы облыстық армян этномәдени бірлестігінің төрайымы. Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ» деген аталы сөз бар. Біздер, Жетісу жерінде тұ­ратын әр ұлттың өкілдері басымыз қосыл­ғанда әрдайым осынау қазақы мақал мәні­нің тереңдігіне тәнті болып, қазақтарға алғы­сымызды айтып отырамыз. Ассамблея жылы деп жарияланған 2015 жылы Алматы облысында «20 игі іс» жобасы басталды. Жоба бойынша өңірдегі әрбір этномәдени бірлестік 20 шарапатты шара өткізуі тиіс. Облыстағы армян этномәдени бірлестігінің өкілдері Қаратал ауданының, Үштөбе қаласындағы балалар үйін қамқорлыққа алып, материалдық, моральдық тұрғыда көмектесуді бір қалыпқа түсірді. Балалар дән риза. Сонымен қатар, облыс орталығындағы құлақтары нашар еститін балалар үйін де назарымыздан тыс қалдырмай, қамқорлық көрсетудеміз. Талды­қор­ған­дағы «Ай­налайын» балалар үйінде армян халқының «Аналық және әдемілік» атты жыл сайын 7 сәуірде аталатын ұлттық мерекесін дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Бұл мейрамды армян ұлтының өкілдері асыға күтеді. Ата-бабамыздан қалған дәс­түр­ді қасиетті қазақ жерінде де өткізуге, яғни құ­қығымыздың бұзылмауына жарқын жол ашылғаны қуантады. Біле-білсек, сүттей ұйып, тату-тәтті өмір сүріп жүргеніміз мемлекеттік саясаттың дұрыстығының арқасы. Осынау бірліктің бас­тауы болған Елбасына қашанда алғысымыз шексіз. Бүгінде ынтымағы жарасқан Жетісу жерінде 103 этнос өкілі бірлігімізді нығайтқан үстіне нығайта түсуде. Мұны Қазақстанның өзге елдерге үлгі етіліп жүрген бірлігіне құдды қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да септігіміздің тиюі деп түсінеміз. ТАЛДЫҚОРҒАН.

Тоғанастағы «Достық» клубы

Н.Н.ШевяховаӘр ұлттың басын қосып, бірлік пен татулықтың нығаюы жолында қызмет ететін «Достық» клу­бы Сырым ауданы әкімдігінің қолдауы­мен, «Сырым жауһар­лары» қоғамдық бір­лес­тігінің ұйытқы болуымен құрылған болатын. Бүгінде Шолақ аң­қаты ауылдық окру­гінде 100-ге жуық (орыс, татар, неміс, украин, белорус, башқұрт, чуваш, қазақ) өзге ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында, бір үйдің балаларындай тату-тәтті өмір сүруде. «Достық» клубына Надежда Николаевна Шевяхова жетекшілік жасаса, мұнда орналасқан бөлмеге бас сұға қалған көпшілік әр ұлттың тарихынан сыр шертетін ұлттық тағамдарға, киім түрлеріне, ою-өрнектерге көз жүгіртіп, қызыға тамашалайды. – Мұнда ашылған «Достық» клубының  атқаратын маңызы өте зор. Достықты, татулықты, бірлікті білдіретін аталған клубтың одан әрі дамып, құлашын кеңге жая беруі мақсатында өткен жылғы мамыр мерекесінде аудан әкімі Абат Шыныбеков бастаған қонақтар мен түрлі ұлттың өкілдері «Достық аллеясына» жұпаргүл ағашын отырғызды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында клуб мүшелері түрлі ұлттың билерін, әуез­ді әндерін ха­лық арасында наси­хат­тап, достық, бір­лікті нығайта түсу бағытында жұмыс­тануда, – дейді «Сырым жауһар­лары» қоғамдық бірлестігінің мү­шесі, зейнеткер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева сөз арасында. «Достық» клубында бүгінде сегіз ұлттың өкілі жұмыла жұмыс істейді. Олар ұлттық мереке, салт-дәстүрлерді тұрғындар арасында кеңінен насихаттау, достық, бірлік бағытында ұйымшылдық танытуды басты борыштарының бірі ретінде санайды. Сан алуан ұлт өкілдері тұратын Тоғанас ауылында бірлік пен түсіністік салтанат құрған. Мүсірбек АЙТАШЕВ. Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы. Суретте: «Достық» клубының жетекшісі Н.Н.ШЕВЯХОВА.