Осыдан 15 жыл бұрын Онкология ауруларымен күрес жүргізу жөніндегі халықаралық одақ (UICC) 4 ақпанды – Ракқа қарсы бүкіләлемдік күрес күні деп жариялаған еді.
Алайда, уақыт адамның денсаулығы алдымен өз қолында және дер кезінде жасалған диагностика мен әлеуметтік жағдайына қатысты екенін көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, көп жағдайда қатерлі ісікке шалдыққандар алдын ала тегін тексеріліп тұруға болатындығына қарамастан, дәрігерге дерті асқынғанда келеді... Өз кезегінде қатерлі ісіктерді емдеудің түрі көбейді, жаңа препараттар пайда болуда. Дегенмен, қазірге Қазақстан обыр дертіне шалдыққандарды тегін емдейтін бірден-бір ел болып тұрғанын екінің бірі біле бермейді.
Сонымен, Ракқа қарсы бүкіләлемдік күрес күнін өткізудің басты мақсаты қазіргі замандағы ең ауыр науқастың бірі ретінде рак науқасы жайында планета тұрғындарын кең түрде хабардар ету және осы аурудың алдын алу, анықтау және емдеуге қоғамның назарын аудару болып табылатыны белгілі.
Оған қоса сәрсенбі күні БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Бұған шамамыз келеді!» ұранымен «Медеу» мұз айдынында коньки тебу жарысы ұйымдастырылды. Биыл бұл бастамаға онкология ауруларын емдейтін инновациялық биотехнологиялық препараттарды шығаруда әлемдік көшбасшы болып табылатын «Рош» компаниясы ұйытқы болды.
Компания өкілдерінің айтуынша, егер ракпен күресте әрқайсымыз саламатты өмір салтын таңдап, скрининг бағдарламаларына қатысатын болсақ жеңіліс табатындар болуы мүмкін емес, себебі, ертерек жасалған диагностика рактан құтқарады. Сондай-ақ, егер көмекке мұқтаж болғандардың барлығы емдік шараларымен қамтылатын болса, пациенттердің өмір сүру сапасы жақсарады. Бүгінгі күні рак – соңғы үкім емес. Бұл дертті адамның дұрыс және уақытында диагностикадан өтіп, мұқият емделсе, саламатты өмір салтын ұстанса ұзақ өмір сүруге болады деуге болады.
Қысқасы, қатерлі ісікке шалдыққандарды барлық емдік шараларымен қамту үшін бұл компания Қазақстан нарығына келген сәттен бастап, дәрігерлерді оқыту, инфрақұрылымды жақсарту саласында жұмыс істеп келеді және ең бастысы, ел тұрғындары үшін өздерінің инновациялық препараттарының қолжетімділігін арттырды.
– Біздің басты міндетіміз – Қазақстандағы пациенттер үшін инновациялық диагностикалық технологияларды және емдік құралдарын қолжетімді ету және адамдарға өмірлерін ұзарту және өмір сүру сапасын жақсартуға жолында үміт сыйлау. «Рош» компаниясы әлеуметтік-жауапты компания ретінде елдің денсаулық сақтау жүйесінде сенімді серіктес бола алды, – деді Георгий Рамишвили. – Компаниямыздың көптеген препараттары ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енеді, осылайша біздің инновациялық препараттар ел тұрғындары үшін қолжетімді болып табылады.
Қалай десек те, медицинаның шапшаң дамуы адамзатқа осы қауіпті аурумен күресуге жаңа мүмкіндіктер берді. Егер бұрын ісікке қарсы терапия пациенттің өмірін сақтап қалуға жұмылдырылса, ал бүгінде пациенттің өмір сүру сапасы кеселді ісікті емдеу үшін жаңа препаратты жасау кезінде маңызды рөл атқарады. Қазіргі ерекше биотехнологиялық препараттарын пайдалану пациенттердің өмірін 10 жылға дейін ұлғайтуға, сүт безі рагының белгілі түрімен науқастанғандардың өмірін 84 пайызға дейін ұзартуда.
– Қоғамның санасын өзгерту керек. Қазіргі әлемдік медицина қауымдастығы қатерлі ісіктен емделіп жүрген науқастың ешкімнен қалмай, ел қатарлы өмірін сүріп, емнің зиянды әсерлерін барынша болдырмауға үлкен назар аударып отыр. Оған қоса Қазақстанда медицина саласы шапшаң даму үстінде және пациенттің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралар мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқаны жұмысымызды жеңілдетуде, – дейді Георгий Рамишвили мырза.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.