Мойынқұмның кең даласында сұңғыла деген шөп өседі. Ел оны кейде «сайсағыз» деп атаса, ғылыми әдебиеттерде «цистанхе» деп көрсетілген. Бұл өсімдік Қытай, Корея, АҚШ-та таза түрінде немесе дәрілік өсімдік ретінде қолданылады. Көп өндірілгендіктен соңғы жылдары бұл елдерде сұңғыланың қоры азайған. Ал Қазақстанда бұл өсімдіктің қоры жеткілікті. Бастапқыда Алматы облысының Бақанас және Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында өндірілуші еді. Соңғы жылдары тек Мойынқұм жерінен ғана жиналуда. Себебі, осы аймақта өсетін сұңғыла өсімдігінің химиялық құрамы сапалық жағынан ерекшелігі бар. Алғашқы кезде жылына 300 тоннаға дейін жиналса, кейінгі жылдары бұл 20-30 тоннаны құрап отыр.
Жақында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанынан құрылған «Фитохимия» оқу ғылыми-өндіріс орталығының тұсаукесері өтті. Яғни, биология мамандығында оқитын студенттер мен магистранттар іс-тәжірибеден өтетін көлемі 8 сотық болатын, оңтүстіккореялық «KOREAGREENHOUSE CO LTD» компаниясының инновациялық технологиялары бойынша жасалған жылыжай ашылды. Міне, осы «Фитохимия» орталығы өндіріске ендірілу үшін, механика-химиялық әдістердің көмегімен медицинада қолдану аясы кең, Қазақстан флорасындағы фармакологиялық құнды, экономикалық жағынан маңызды өсімдіктер қатарын толықтырған сұңғыланы тереңірек зерттеуге кірісіп кетті.
Осы іске мұрындық болған су шаруашылығы, экология және құрылыс факультетінің биология кафедрасы қазіргі таңда Жамбыл облысының толыққанды экономикалық дамуы мен өркендеуіне қомақты үлесін қосып отырған, өңіріміздегі таңдаулы ғылыми-зияткерлік және ақпараттық-мәдени орталықтарының біріне айналып отыр деп айтуға толық негіз бар. Олар облыстық орман шаруашылығы қорымен тығыз байланыс орнатқан. Толықтай компьютерлендірілген жылыжай тамшылатып суару технологиясын қолданады. Тәжірибе ретінде алғаш рет өнімділігі жоғары голландиялық қызанақтың «махитус» сорты өсірілуде. Сонымен қатар, жылыжайда 4 000 данаға жуық жоғары сортты голландиялық қияр, қызанақ және бұрыш түрлерінен мол өнім алу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, орталық Жамбыл облысының бірқатар дәрілік құнды (сүйелшөп, андыз, мия, т.б) өсімдіктерінен наноұнтақ алу мен сулы экстракты және түрлі көкөніс, жеміс-жидектердің түрлерін кептірумен айналысады. Оларды арнаулы полиэтилен қалташаларға салып дайындайды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.