
Құсбегілер саятшылыққа көп қолданады. Ұсақ құстар және қосмекенділермен қоректенеді. Сұңқар тұқымдастар ішінде ең ұшқыры, жемін ауада ұшып жүріп аулайды. Қолға тез үйренеді. Түр-түсі жағал, бауыры ала болғандықтан жағалтай атанған. Яғни арқа тұсы қара, бауырында ашық қоңыр теңбіл жолағы бар. Қазақ құсбегілері жағалтайдың үш түрі бар деп есептейді. Бұл үш түрлі жағалтайдың қай затынан болса да, қыран шықпай қоймайды. Көп жағдайда шүрегей үйрек, тарғақ, бұлдырық, бөдене, қаншыр, торғай аулайды.
Жағалтайдың орташа дене тұрқы – 33–35 см, салмағы – 170–350 грамм. Қанатының ұзындығы – 270 мм. Мекиені мен қоразының түсі бір-біріне ұқсас. Жыл құсы. Қазақ даласына сәуірдің аяғында ұшып келіп, ұясын ағаш басына салады. Көбінесе басқа құстардың ескі ұясын пайдаланады. Маусым-шілде айларында 2–5 жұмыртқа салады. Оны мекиені мен қоразы кезектесіп 28 күндей басады. Балапандары 30–35 күнде ұядан ұшады. Қазан айының басында жылы жаққа ұшып кетеді.