05 Ақпан, 2015

Әмен Қайдаров қайтыс болды

779 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
thumb_700x394_535523d9b3db23d07c8856c9464486c2АСТАНА. 5 ақпан. Қазақтың тұңғыш мультипликаторы, көрнекті режиссер Қайдаров Әмен Әбжанұлы 92 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады. Кинорежиссер, суретші, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Әмен Қайдаров 1923 жылы Қарағанды облысы Нұра ауданында туған. 1951 жылы Алматы суретшілер училищесін бітірген соң «Қазақстан әйелдері», «Ара» журналдарының редакцияларында қызмет еткен. 1958-1965 жылдары аралығында Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет факультетінде оқыған. 1965 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеді. Ол – Қазақстандағы мультипликациялық жанрдың іргесін қалаушылардың бірі. 1967 жылы Қайдаровтың салған суреті бойынша халық ертегісі негізінде елімізде тұңғыш рет түрлі-түсті «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультипликациялық фильм жасалды. Бұл туынды Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальда (1968), Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалінде жүлде алды. Сондай-ақ, Қайдаров «Құйыршық», «Жанар», «Күн сәулесінен пайда болған көжек» атты мультипликациялық фильмдерді жасаған. 1980 жылы Қайдаровқа «Ақсақ құлан», «Қожанасыр – құрылысшы», «Қырық өтірік» сияқты мультипликациялық фильмдер топтамасы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен және бірқатар медальдармен марапатталған. Жолдыбай Базар. Дерек, сурет: «Қазақстан» телеарнасы.