
Фото: Ашық дереккөз
Өткен жылдың соңында өндірістік жарақат алғандардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға азайған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану деңгейі (1000 жұмысшыға шаққандағы жазатайым оқиғалар жиілігі коэффициенті) 0,20 құраған.
Жарақат алудың жоғары деңгейі негізінен республиканың өнеркәсіптік аймақтарында сақталған. Мәселен, Қарағанды облысында – 159, Шығыс Қазақстан облысында – 124, Павлодар облысында – 112, Абай облысында – 101, Қостанай облысында – 91, Алматы қаласында – 116 адам зардап шеккен. Ал, экономикалық салалар бойынша зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінде – 18,3% және құрылыс саласында – 10,1% оқиға тіркелген.
Министрлік соңғы бес жылда еңбекті қорғау саласында мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер қабылдаған кешенді шаралар өндірістік жарақаттану деңгейін 6,3%-ға төмендеткенін атап өтті.
Айта кетейік, құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздегі 3262 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормалары енгізілген. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Нөлдік жарақаттар – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Оған бүгінде 605 кәсіпорын қосылған.