
Әлеуметтік желіде аяусыз соққыға жығылған қыздың видеосы тарады. Видеоны төбелесті бастаған қыздың өзі жариялап жіберген. Павлодар полициясының мәліметінше, қыздардың кім екені анықталған. Қылмыстық іс қозғалды.
Видеодан қыздардың бірі диванда отырған жасөспірім қызды ұрып, артынша жерге құлатып, ұруын жалғастырғанын байқауға болады.
Полиция мәліметінше, күдікті – кәмелетке толмаған қыз. Оның ата-анасы баланы тәрбиелеудегі өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
- Жасөспірім профилактикалық бақылауға алынды. Бұл туралы Павлодар қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының қарауына енгізілді, деп хабарлады полицейлер.
Сәуле Шәкенованың сөзінше, басты күдікті – 16 жастағы студент қыз. Жәбірленуші қыз 19 жаста. Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Заң бойынша мұндай әрекеттерге 80 айлық есептiк көрсеткiшке (314 мың теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не жиырма бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамауға алу түріндегі жаза қарастырылады.