Әдебиет • 28 Қаңтар, 2025

Әдеби шығармалар неге оқылмайды?

197 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейде маған біздің жазып жүргеніміз өзімізді өзіміз тығырық­қа тірейтін әдебиет емес пе деген күдік келеді. Кейінгі қазақ прозасына шолу жасап көрсеңіз, оған көптеген мысал табуға болады. Шер-шеменіңізді шеңбектеп тастайтын шерулі әдебиеттің бүгінгі халі еріксіз алаңдатады.

Әдеби шығармалар неге оқылмайды?

Сурет: blog.karlib.kz

Біз қазір медиакоммуника­ция заманында тұрмыз. Медиаком­муникацияның басты қозғаушы күші мотивация екені белгілі. Тікелей көркем әдебиет болсын-болмасын, бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақ мотивациялық кітаптарды көп оқиды. Осы арада күнделікті газет-журнал ғана емес, көркем кітап та медиакоммуникацияға жататынын еске сала кеткен дұрыс шығар. Не арқылы ақпарат аласыз, соның бәрі медиакоммуникацияның салалары болып есептеледі. Енді соған қазіргі қазақ кітаптарынан мысал келтіріп көрейік.

Осы кейінгі жылдары қазақ әде­биетінде ең көлемді роман жазған қаламгер Сайлаубай Жұбатырұлы болып отыр. Оның «Абыржы» трилогиясы кәдуілгі қалыппен есептегенде мың төрт жүз беттен асып жығылады. Бұл көркемдік образдарды барынша қанық сомдаған, бүтіндей бір дәуірді кеңінен қам­тыған орасан зор еңбек. Бізге сол дәуірдің ақпаратын бергеннен ке­йін, оны да медиакоммуникация өнімі деп есептеуімізге тура келеді.

Медиакоммуникация – оқи­мын, жетемін, жетілемін деген ұрпақтың алаңы. Қазіргі жастар мотивация бермейтін әдебиетті оқымайды. Ал мұнда трилогия ке­­йіпкері томнан-томға ауысқан са­йын өспейді, моральдық тұрғы­дан өше береді. Айналып келген­­де Арал тағдыры үшін күресіп жүр­ген адам өз басын алып жүре алмай­тын пұшайман халге түседі.

Автор трагедия жасаудың ше­бері екенін көрсеткен және мұны кемшілік ретінде айтып отыр­ға­нымыз жоқ. Арал тағдыры адам бала­сы­ның трагедиясы екені де рас. Оны басқа қалай жазуға болады деген сұрақ туады. Бірақ мың төрт жүз беттен асатын қайғы-қасіретті оқу үшін оқырманға темірдей жүйке керек. Автордың пәленбай жылғы еңбегін қанша құрметтесеңіз де шындық осы.

Бір жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде Рақымжан Отарбаев­пен бірге жүрдік. Рақаң апта сайын «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп мақала береді. Бүкіл редакция осы тақырыпқа жұмыс істеп кеттік десек те болады. Бірде Рақымжан бәріміз отыратын бөлмеге қолында өрнекті таяғы бар, қасын кербездене керіп сөйлейтін біреу кіріп келді. Әбден мақтау естіп қалған Рақаң да елп ете қалды. Сонда әлгі кісі:

«Арал сендердің газеттеріңе қарап қалған жоқ. Жер өз осінен ауытқыды. Арал соған байланыс­ты тартылды. Бұрын да тартылған деген дерек бар. Бір замандарда өзі қайта толады. Толмаса сондай бір теңіз пайда болады. Сондық­тан қатты ышқына бермеңдер», деді.

Кез келген тақырыпты оқыр­манды мезі қылғанша жазатыны­мызды сонда байқадық. Мен бұл сөзіммен Сайлаубай Жұбатыр­ұлы­ның «Абыржы» трагедиясын жоққа шығарайын деп отырған жоқпын. Керісінше өткен жолғы мақаламда бұл трагедия үшін ав­тор­дың үлкен халықаралық сый­лық алып қалатын мүмкіндігі де болғанын айттым. «Арал теңізінің тартылуы жайында мың төрт жүз беттік трилогия жазыпты» десе, кімнің де болса ойланып қала­тыны анық еді. Алайда бүгінгі оқыр­манға, әсіресе жастарға қай тараптан да жолы жабылған кейіпкер әсер ете бермейді.

«Абыржыда» бас кейіпкер сүй­генімен жараспайды, достары­мен адамша сөйлеспейді, әуелі елес қуады, артынан есінен адаса­ды. Басында қаһарман болып жүріп, соңынан диуанаға айналады. Ендеше мотивация іздеген адам бұл трилогияны сонша көлеммен қалай оқиды?

Міне, «Абыржы» трилогиясы мені осындай екіұдай сезімде қалдырды. Жарты ай оқып, екі-үш күнде әрең есімді жидым. Қан­дай образдар, характерлер, кон­фликтілер, панорамалар бар десеңізші. Ішіне кіріп оқып, ондағы қайғы-қасіреттердің қатты әсер еткені сонша, бәрін жиып тастап Аралға тартып кеткім келді. Тар­тылған теңізден де әдемі кө­ріністер, әсерлі пейзаждар, сәулелі суреттер көрсем бе дедім. Мына трилогия соның бәрін ішіне бүгіп, астына басып жатқандай елестеді. Бірақ оны сезіну үшін бұл шығарманы өзіңді өзің күштеп оқуың керек. Себебі мұнда бір уақ ойыңды бөлетін адами сезімдер, тұрмыстық интригалар, достық қарым-қатынастар жоқтың қасы. Аралмен бірге бәрі тартылып кеткен, түгел қараң қал­ған, үміт етерлік ештеңе жоқ. Сон­шама еңбекке ішің аши отырып, бұл трилогияның «Жүз жыл­дық жалғыздық» секілді атақ-даңқ­тың жолына түсе алмағанына өкін­гендей де боласың. Себебі екі­нің бірі қолға алып оқуға жүрегі дауа­лай бермейтін, бетін ашып оқы­ғандар кейіпкермен бірге өз­де­рін де азаптағысы келмейтін три­логияның түбінде қара жұлдыз се­кілді алапат бір ғарыш апаны үңі­рейіп тұр. Сірә қазір тас басқандай ауыр сезімдер мен күліп-ойнауды ұмытып қалған адамдар туралы әлем­де тек қазақ қаламгерлері ғана жа­затын шығар деген де ойға кел­генім рас.

Менің білуімде Сайлаубай Жұба­тырұлы қатардағы жазушы емес. Жас кезінде ойы ұшқыр, фанта­зиясы мықты, романтикасының көкжиегі кең қаламгер ретінде танылған. «Абыржы» трилогия­сында соның бәрі айтсаң таусылмайтын, жазсаң бітпейтін қайғы-қасіретке жұтылып кеткендей кө­рінді. Мұндайда әдебиетті құт­қаратын трагедиядағы оптимизм екенін автордың қалай ескермегені түсініксіз.

Үлкен Арал қазір қолдан кіші Аралға айналды. Кіші Арал үлкен Аралды құтқару үшін жасалды. «Абыржы» трилогиясын да бір роман, екі-үш хикая, бес-алты әң­гімеге бөліп жіберуге толық не­гіз бар. Мәселен, бас кейіпкер Медет, ескінің көзі Құлжұмыр, ке­йінгі ұрпақ Өрен үшеуі Кіші Арал­дан ұлы теңізге аттанады. Үш ұрпақ өкілі ұлы теңіздің кіндігін тауып, құпия сырын ашып, ғасыр жұмбағын шешпек болады. Бұл бас-аяғы бүтін, өз алдына жеке желі екені байқалып тұр. Мұн­да бестселлерлік кітаптарға тән шы­тырман оқиға, қызықты хикая, экзо­тикалық көріністер, түрлі характерлер, бәрі бар. Бастарына түскен сынақты үш ұрпақ өкілі­нің үш түрлі қабылдайтыны да оқырманды бейтарап қалдырмаса керек.

Өз басым кітабын оқығаннан кейін жазушы мен оқырманның арасында тылсым байланыс орнайтынына сенемін. Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» трилогиясын табандап оқып шыққалы біраздан бері осындай әсерден арыла алмай жүрдім. Құдды автор­ға бір нәрсені ескертуім керек сияқ­ты, оны әлденеден құтқаруға тиіс секілдімін, ал өйтпесем өзім кінәлі болып қалатын тәріздімін. Оған қоса бұлай жалғаса берсе әдебиетіміз оқылмай қала ма, осы­лай тығырыққа тіреле береміз бе деген уайым да жоқ емес. Ал қолда тозбаған кітап қанша шедевр десеңіз де материалдық та, моральдық та табыс көзіне айнала алмайды.

Жазушы қазір «Шал мен са­ғым» деген хикаятын аяқтауға жа­қын. Өзінің айтысына қарағанда, заманауи талапқа сай фэнтези ме деп қалдым. Соған қарағанда өзі де бүгінгі күннің оқырманына қандай кітап керек екенін етпен-терімен сезінген сияқты. Оның әдеби ортаны дүр еткізген бұ­рынғы шығармаларын жақсы біл­гендіктен, бұл хикаятын да оқ­уға бейіл екенімізді жеткізгім келеді. Жоғарыдағы сын Марк Твен айтпақшы, «қазанамадан басқаның бәрі жарнама» деген тәмсілдің төңі­регінен табылып жатса, мақсаты­мыздың орындалғаны деп білге­ніңіз жөн. Ал келесі талдауы­мыз Жұмабай Шаштайұлының «Зама­на илеуі» романы туралы бол­мақ.