
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ең алдымен, мегаполисті жылумен қамтамасыз ету жүйесінің орнықтылығын арттыру тапсырылған болатын. Жуырда Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына елорданың әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық дамуы жөнінде есеп беріп, былтыр «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасын, «Тұран» газ жылу стансасы мен № 3 жылу электр орталығының бірінші кезеңдерін пайдалануға беру нәтижесінде қалада жылу қуаты алғаш рет артығымен өндіріле бастағанын мәлімдеді. Аталған нысандар Астананы 1100 Гкал/cағаттан астам жылу қуатымен қамтамасыз етті. Жыл соңына дейін «Тұран» газ жылу стансасының екінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. Ол шаһарға қосымша 250 Гкал/сағат жылу береді.
Өткен жылы жазда Астанада ауызсу тапшылығы туындап, көппәтерлі тұрғын үйлерде тұратын астаналықтардың біразы наразылық митингісіне шыққан болатын. Осы келеңсіз жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Үкімет пен мегаполис әкімінен жол берілген кемшіліктерді жоятын шұғыл шаралар қолдануды талап еткен еді. Нәтижесінде, былтыр Астана су қоймасынан шаһарға жаңа су құбырын тарту жұмысын аяқтау тездетіліп, жаңа «ССС – 3» сорғы-сүзгі стансасы да іске қосылды. Бұл елордада тәуліктік қажеттіліктен 100 мың текше метр артық ауызсу болуына мүмкіндік берді. Алайда қазір Астанада ауызсу жеткілікті болғанымен, оның сапасына шағым айтушылар аз емес. Экономикалық зерттеулер институты өткен жылы жүргізген әлеуметтік сауалнама елордалық респонденттердің 68,9 пайызы ауызсудың ластану деңгейі жоғары деп санайтынын көрсетті.
Президент қаланы дамыту ісінде бірізділік болмағандықтан, жеке компаниялардың мүддесі басым түсіп, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынғанын сынаған еді. Осы жемқорлық иісі мүңкіп тұрған кереғарлықтың салдарынан тұрғындар қаланың басқа бөліктерінде орналасқан әлеуметтік мекемелердің қызметіне жүгінуге мәжбүр болған. Ал олардың көбі тұрғын үйлермен сығылыстыра орналасқандықтан, көліктер мен жүргіншілердің жүріп-тұруына тарлық қылып тұр. Мұның өзі өрт шығуы сияқты төтенше жағдай туындай қалса, жедел қызмет көліктерінің кіруіне де бөгесін болып, адамдардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан да тұрғынжай құрылысының қарқыны әрқашан әлеуметтік инфрақұрылымның даму қарқынына сәйкес келуге тиіс. Әйтеуір бұл мәселеде де сең қозғалып, құрылыс барысында архитектуралық-құрылыс нормаларынан ауытқуды болдырмау, ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қала құрылысы сараптамасы институтын енгізу, құрылыс жобаларын бекітпес бұрын оларды қоғамдық талқылаудан міндетті түрде өткізу жөнінде нормативтік актілер қабылданды. Бұған қоса, қала құрылысы кадастры мен жылжымайтын мүлік кадастры жүйелерін интеграциялаудың нәтижесінде қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылмаған жағдайда жер учаскесін беруге тыйым салуға оңтайлы мүмкіндік туды.
Мемлекет басшысы елордада салынып жатқан нысандар бір-бірімен үйлеспейтінін, бәріне ортақ стиль жоқтығын, сүреңсіз «қорап-ғимараттар» қаптап кеткендігін сынап, Астана сәулетінің бірыңғай келбетін қалыптастыруды тапсырған еді. Осыған орай мегаполис мәслихатының 2024 жылғы 27 тамыздағы шешімімен Астана қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру, қала құрылысын жоспарлау қағидалары бекітілді. Соған сәйкес пандустар, тактильді плиткалар, жаяу жүргіншілер өткелдері қарастырылған кедергісіз орта құру, аулалардың қауіпсіздігі мен жарықтандырылуын қамтамасыз ету, қаланы түнгі сәулеттік жарықтандыруды ұйымдастыру, ғимараттар мен құрылыстардың айрықша эстетикалық сипаттамаларын қамтамасыз ету, қоғамдық кеңістіктерді жобалау, көшелерді реконструкциялау кезінде қоғамдық талқылау өткізу, әлеуметтік, көлік инфрақұрылымдарын орналастыруда қадамдық қолжетімділікті ескеру, Астана қаласы Бас жоспарының нормативтік техникалық талаптарының орындалуын қадағалау бойынша негізгі ережелер қабылданды.
Мемлекет басшысының елорданы көгалдандыруға байланысты айтқан сынынан да қорытынды шығарылып, жасыл желек отырғызуды реттейтін ережелер жиынтығынан тұратын «Көгалдандыру жарғысы» әзірленді. Онда елорданың климаттық жағдайына ең жақсы бейімделген өсімдіктердің түрлері көрсетілген. Ірі ағаштарды отырғызу бағдарламасын іске асыруға Германиядан мамандар шақырылып, олар өз тәжірибелерін жергілікті мамандармен бөлісті. Сөйтіп, 2023 жылы 984 931 ағаш отырғызылды. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 1,1 миллионға жеткізілді. Сондай-ақ былтыр елордада 30 қоғамдық кеңістік пен 140 аула абаттандырылды. Экономикалық зерттеулер институты жүргізген сауалнамаға қатысқан елордалықтардың 63,1 пайызы ауаның ластануына шағымданған еді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесін келесі әлеуметтік зерттеуден білетін боламыз.
Астана тұрғындарының «бас ауруына» айналған ақылы тұрақтар мен автотұрақ орындары проблемасына қатысты қала әкімдігі былтырғы 31 мамырда арнайы қаулы қабылдады. Онда ақылы автотұрақтарды орталық аудандар, көлік тораптары, саябақтар, сауда орталықтары, кеңсе кешендері сияқты жиі кептеліс болатын жерлерде ұйымдастыру көзделген. Әкімдік Астана қаласының көлік жүйесін дамытуға арналған 2035 жылға дейінгі кешенді бағдарламаны да әзірлеуге кірісті. Онда жылдам көлік дәліздерінің, көлік тораптары мен паркингтердің қанатқақты жобаларын әзірлеуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл шаралар қаладағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған.
Экономикалық зерттеулер институты жүргізген сауалнамаға қатысқан астаналықтардың 52,1 пайызы өздерін медициналық қызмет сапасы қанағаттандырмайтынына, 39,8 пайызы – аурухана, 51,3 пайызы – балабақша, 48,1 пайызы мектеп жетіспейтіндігіне шағымданған. Бұл ретте Мемлекет басшысы Астананың барлық тұрғынына білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары, саябақтар мен қоғамдық орындар қол жетімді болуын қамтамасыз ету туралы тапсырма берген. Соған сәйкес 2035 жылға қарай елорда тұрғындарының саны 2,3 миллион адамға жетеді деген демографиялық болжам ескеріле отырып, негізінен, тұрғынжай құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан аумақтарда 152 мектеп, 65 балабақша, 68 денсаулық сақтау мекемесін, 26 спорт нысанын салу жоспарланды. Соның ішінде былтырдан бері 26 мектеп, 8 балабақша, 10 медициналық орталық, 10 спорт нысанын, 5 Оқушылар сарайын салу қолға алынып, бірқатары іске қосылды.
Әйтсе де мегаполистің шеткі аумақтарын дамытуда әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Нақты айтсақ, қала орталығынан он шақырымдай қашықтықта орналасқан «Үркер» тұрғынжай алабын абаттандыру қарқыны көңіл көншітпейді. Қала бюджетінен бөлінген қыруар қаржы есебінен 2021 жылы қолға алынған «Ильинка кентінің шығысындағы жеке тұрғын үйлердің инженерлік желілері» жобасының 3-кезеңі бойынша орталықтандырылған кәріз жүйесін тарту ісі күні бүгінге дейін аяқталған жоқ. Отыз мыңдай тұрғыны бар «Үркерден» бірде-бір мәдениет мекемесін де таба алмайсыз. Екінші деңгейдегі банктер де мұнда өз филиалдарын ашуға асығар емес. «Қазпоштаның» бөлімшесі болмағандықтан, жергілікті тұрғындар баспасөзге жазылмайды. Себебі жазылған газетіңіз уақтылы жеткізілмейді. Осы орайда Мемлекет басшысының: «Елорданың сол жағалауы ғана емес, барлық ауданы қолайлы болуы керек. Әділетті қоғам құру осындай ұстанымнан басталады», деген сөзін қала басшылығы естен шығармаса, құба-құп.