
Үкімет басшысының айтуынша, аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді.
«Мұнай өндіру көлемі 2 млн 400 мың тоннаға төмендеп, Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына кері әсерін тигізді. Бұл көбіне еліміздің ОПЕК+ шеңберіндегі міндеттемелеріне және ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты болды», деді Үкімет басшысы.
Салалар бойынша статистикалық өсу көрсеткіштерінің нақты нәтижелері мынадай:
- 29 ірі зауыт салынды. Олардың қатарында Қостанай облысында шойын құю; Алматы облысында вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін; Шымкентте бағалы металдарды өңдеу; Қарағанды облысында катодты мыс, автомобиль шиналары мен тұрмыстық техника шығаратын және басқа да кәсіпорындарды атап көрсетуге болады. Саран қаласында заманауи өндірістердің іске қосылуы оған моноқалалар санатынан шығуға мүмкіндік берді.
- 26 млн тоннадан астам астық, 3 млн тоннадан астам майлы дақылдар жиналды. 4 млн тонна астық экспортқа жөнелтілді.
- Алғаш рет елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынды.
- 397 денсаулық сақтау, 298 білім беру нысаны бой көтерді.
- 11 мың орынға арналған 40 студенттік жатақхана пайдалануға берілді.
- Жүк тасымалының көлемі өткен жылы 10%-ға өсіп, шамамен 1 млрд тоннаға жетті.
- Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша контейнерлік тасымалдау 2,7 есеге ұлғайды.
- Құрылыс және жөндеу жұмыстарымен 12 мың шақырым автомобиль жолдары және 2 мың 800 шақырым теміржол қамтылды.
- Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында үш жаңа терминал пайдалануға берілді.
- Қосымша 300 мыңнан астам адам газбен қамтылып, 200 мыңнан астам адам орталықтан берілетін су жүйесіне қосылды.
- 542 шақырым жылу желілері мен 55 жылу көзі жаңғыртылып, 6,5 мың шақырым инженерлік желілер жөнделді.
- Жалпы қуаты 700 МВт-тан асатын қосымша электр қуатын өндіру көздері іске қосылды.
- Егіншілер суармалы сумен толық көлемде қамтамасыз етілді. Арал теңізіне 2 млрд
600 млн. текше метр су жіберілді. Бұл орташа жылдық көрсеткіштен едәуір жоғары. - Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын 80 су арнасын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Су үнемдеу технологияларымен қамтылған егіс алқабы 1,5 есеге артып, 470 мың гектарға дейін жеткізілді.
- Инвестициялық штабта жалпы құны 50 млрд доллар болатын 115 жоба бойынша проблемалық мәселелер тез арада шешімін тапты.
Айта кету керек, Инвестициялық штаб істің мүддесін назарға алып, бюрократиялық мәселелерге қарамастан, елге қажетті жобаларды дер кезінде бастауға мүмкіндік беретін шешімдерді қабылдап жатыр.
Әрі қарай ол іскерлік ахуалды жақсарту үшін нақты проблемалық кейстер негізінде заңнамалық өзгерістерді әзірлейді. Қазіргі таңда 97 түзету бойынша осындай жұмыс жүріп жатыр.
Олжас Бектеновтың айтуынша, өңірлер бөлінісінде өткен жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында тіркелген. Негізгі көрсеткіштердің төмен динамикасы Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қалыптасты.