Үкімет • 28 Қаңтар, 2025

Қазақстанда халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Алғашқы баяндаманы Үкімет басшысы Олжас Бектенов, жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады

Олжас Бектенов цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті әлеуметтік қолданысқа кең ауқымда енгізудің маңыздылығын жеткізді.

«Жасанды интеллекттің «KazLLM» алғашқы тілдік моделін жасап шығардық. Бүгінде оны үздіксіз машықтандыру жалғасып жатыр.

Сонымен қатар Президент тапсырмасына сәйкес 2025-ші жылы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады.

«AI-Sana»  бағдарламасы аясында биыл 100 мың студент экономика салаларына жасанды интеллектті енгізудің қолданбалы дағдыларына оқитын болады.

20 жоғары оқу орнының базасында жасанды интеллект бойынша мамандар даярлау қолға алынды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша жеке квота енгізілді.

Astana Hub табысты стартап-жобаларды дайындайтын тиімді алаңға айналды. Бүгінде мұнда 1600 IT-компания тіркелген», деді О. Бектенов.

Бұған қоса Үкімет басшысы «Alaqan» атты бағдарламаның құрылым жүйесін мысалға келтірді. Ол қолданушыларды алақан ізі бойынша анықтауға мүмкіндік береді. Айтуынша, аталған жоба қазір 300 мектепте қолданысқа енгізілген, жуырда Үкімет ғимаратында орнатылатын болады. Сондай-ақ оны 6 елге: Сауд Арабиясы, Сингапур, Кувейт және басқа да мемлекеттерге экспортқа шығару жоспарланып жатқанын мәлімдеді.

«Тағы бір стартап – жасанды интеллект негізінде мәтіннен видео жасауға және өңдеуге арналған Higgsfield AI жобасы. Жоба 100 млн. долларға бағаланып отыр.

Балаларды бағдарламалауға үйрететін Codiplay жобасы қазірдің өзінде әлемнің 13 еліндегі мектептерде қолданылуда.

Олардың ішінде Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания, Катар және тағы басқа елдер бар. Аталған жоба да 100 млн. долларға бағаланды.

Осы және Grand Mobile, CITIX, CEREBRA, OGames, Parqour, ApartX сияқты басқа да табысты қазақстандық жобалар бұл бағытта біздің зор әлеуетіміздің барын көрсетеді», деді О. Бектенов.