
Үздіктер санатынан тыс қалды
Мельбурнде еліміздің теннисшілері арасынан Елена Рыбакина ең тәуір нәтиже көрсетті. Әлемдік рейтингте жетінші орында тұрған жерлесіміз алғашқы айналымдарда аустралиялық Эмерсон Джонс пен америкалық Ива Йовичті жолынан ығыстырды. Үлкен аламанға енді ғана қосылған жас ойыншылар сақа спортшыға жарытып қарсылық көрсете алған жоқ. Е.Рыбакина 16 жасар Джонсты 6:1, 6:1 есебімен тас-талқанын шығарса, 17 жастағы Йовичті 6:0, 6:3 есебімен ойсырата ұтты. Үшінші кезеңде оның жолы WTA рейтингінде 33 сатыға жайғасқан Даяна Ястремскаямен қиысты. Украинаның өкілі былтыр дәл осы жарыста жартылай финалға дейін жеткен. Дегенмен Еленаға Ястремскаяны еңсеру айтарлықтай қиындық туғызған жоқ – 6:3, 6:4.
Төртінші кезеңде Елена Мэдисон Кизбен кездесті. 29 жастағы АҚШ теннисшісі қазіргі кезде үздіктер тізімінде 17-орында тұр. Кезінде ол US Оpen додасының финалы, Ролан Гаррос пен Аустралия ашық біріншілігінің жартылай финалында ойнады. WTA турнирлерін сан мәрте ұтты. Бұл жолы Елена өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Бәсеке 6:3, 1:6, 6:3 есебімен Киздің пайдасына шешілді. Сөйтіп, Елена Рыбакина ширек финалға шыға алмады.
Кейінгі кезде қарқынын күрт күшейткен 30 жастағы Юлия Путинцева бұл күндері WTA рейтингінде 23-орында. Бұл – оның спорттық мансабындағы ең үздік көрсеткіш. Тіптен, өзінің жалындап тұрған шағында Юлия мұндай биікке көтерілген жоқ. Сол себепті де біз еліміздің екінші ракеткасы алысқа шабады деп топшыладық. Алайда ол үшінші айналымда сүрінді. Бастапқы бәсекелерде армениялық Элина Аванесян (WTA №41) мен қытайлық Чжан Шуайға (WTA №204) шаң қаптырған Путинцева ресейлік Дарья Касаткинаның (WTA №10) осал тұсын таба алмады – 5:7, 1:6.
Еліміздің ерлер құрамасының мүшелері жасыл құрлықта тым сүреңсіз өнер көрсетті. Жарыс жолына шыққан қос Александр – Бублик пен Шевченко тұсаукесер кездесулерінде сүрінді. Бублик (АТР №37) өзімен деңгейлес ойыншы, аргентиналық Франсиско Серундолодан (АТР №31) айласын асыра алмады – 6:7, 3:6, 2:6. Шевченкоға (АТР 77) тым азулы қарсыласқа тап болды, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Карлос Алькараспен (№3) күш сынасты. 21 жастағы Испанияның мақтанышы әр жылдары US Оpen (2022 жылы), Уимблдон (2023, 2024), Ролан Гарроста (2024) бас жүлдені олжалады. Былтырғы Париж Олимпиадасының күміс медалін мойнында жарқыратты. Пиреней түбегінің түлегі Шевченконы оңай ұтты – 6:1, 7:5, 6:1.
Киз бен Синнер озды
Аустралия ашық біріншілігінің әйелдер арасындағы финалдық сайысында әлемнің бірінші ракеткасы, беларусьтік Арина Соболенко мен америкалық Мэдисон Киз күш сынасты. Бұл бәсекеде АҚШ теннисшісінің бағы жанды – 6:3, 2:6, 7:5. Сөйтіп, Киз өз мансабында тұңғыш рет «Үлкен дулыға» турнирінде жеңімпаз атанды.
Ерлер арасындағы жарыстың ширек финалында испаниялық Карлос Алькарасты ұтқаннан кейін сербиялық Новак Джоковичті ешкім тоқтата алмайтындай көрініп еді. Германиялық Александр Зверевке қарсы ойын кезінде оның жарақаты сыр берді. Десек те Новак намысқа тырысты. Бірінші сет тай-брейкке дейін ұласып, сәл ғана басымдықпен неміс теннисшісі жеңіске жетті – 7:6. Жарақаты жанына батса керек, Джокович үзілістен кейін бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Келесі жартылай финалда италиялық Янник Синнер мен америкалық Бен Шелтон арасында өтті. Бұл тартыста Апеннин түбегінен келген арланның мысы басым болды – 7:6, 6:2, 6:2. Финалда Синнер Зверевке еш мүмкіндік бермеді – 6:3, 7:6, 6:3. Сөйтіп, Италияның сайыпқыраны қатарынан екінші рет Аустралияның ашық біріншілігінде теңдессіз деп танылды. Былтыр Синнер шешуші бәсекеде ресейлік Даниил Медведевті қапы қалдырған болатын.
Жерлестеріміздің табысы – 670 220 доллар
Мельбурнде жерлестеріміз сәтсіз өнер көрсеткеніне қарамастан, қаржылай жағынан олжаға кенелді. Мәселен, еліміз теннисшілері арасынан ең үздік нәтиже көрсетіп, төртінші айналымға дейін жеткен Елена Рыбакина 260 400 АҚШ долларын еншіледі. Үшінші кезеңде күш сынасқан Юлия Путинцеваның есепшотына 192 200 доллар аударылды. Қос Александрдың, Бублик пен Шевченконың табысы – 94 240 доллар.
Жұптық және аралас жұптар арасындағы бәсекеде бақ сынаған Анна Данилина 16 740 доллар қалтаға басты. Нидерландтық Робин Хасемен жұп құрған Александр Недовесов 12 400 доллар иеленді. Бас жүлдені олжалаған теннисшілер 2 198 928 доллар сыйақы алса, финалда ұтылған ойыншыларға 1 214 810 доллар бұйырды.
Тарихы бай турнир
Биыл Аустралияның ашық біріншілігіне тура 120 жыл толды. Тұсаукесер сайыс 1905 жылы ұйымдастырылған еді. Тұңғыш турнирдің бас жүлдесін жергілікті қос теннисші Родни Хит пен Артур Кертис өзара сарапқа салып, алғашқысы жеңіс тойын тойлады. ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы үздік нәтижелер үш ойыншыға тиесілі. Атап айтсақ, Джек Кроуфорд (1931–33, 1935 жылдары) төрт рет топ жарса, Джеймс Андерсон (1922, 1924–25) мен Адриан Квисттің (1936, 1940, 1948) үш мәрте мерейі үстем болды. Алпысыншы жылдары Рой Эмерсонның алдына жан салмады (1961, 1963–67).
Мельбурнде ең көп олжаға кенелген – Новак Джокович. Сербияның саңлағы 10 жарыста жеңімпаз атанды (2008, 2011–13, 2015–16, 2019–21, 2023). Швейцарияның марқасқасы Роджер Федерерге сол атақтың алтауы бұйырды (2004, 2006–07, 2010, 2017–18). Испанияның дүлдүлі Рафаэль Надаль (2009, 2022) екі додада дара шықты. Сол үштік бір-бірімен тайталасып жүрген шақта басқа ойыншылар арасынан Стэн Вавринканың ғана бас жүлдені олжалауға күш-жігері жетті. Швейцарияның екінші ракеткасы 2014 жылғы турнирде топ жарды.
Аталған турнирге әйелдер 1922 жылы қосылды. Алғашқы екі жарыста Маргарет Моулсуорттың (1922, 1923) мерейі үстем болды. Сәл кейінірек Дафна Акхерстің асығы алшысынан түсті (1925-26, 1928-30). Көп ұзамай Нэнси Уинн-Болтон өзінің мықтылығын мойындатты (1937, 1940, 1946-1948, 1951). 60-70 жылдары Маргарет Смит-Корттың дәуірі жүрді (1960-1966, 1969-1971, 1973). Бұл теннисшілердің барлығы да – Аустралиядан.
Өткен ғасырдың аяғында америкалық Мартина Навратилова (1981, 1983, 1985), германиялық Штеффи Граф (1988-1990, 1994), югославиялық Моника Селеш (1991–93, 1996), швейцариялық Мартина Хингистің (1997–1999) өнеріне тамсандық. Жаңа ғасырда Серена Уильямстың алдына ешкім түсе алған жоқ. АҚШ-тың атақты теннисшісі жеті додада (2003, 2005, 2007, 2009, 2010, 2015, 2017) дараланды.
Әйелдер арасындағы осыған дейінгі соңғы екі жарыс Арина Соболенконың жеңісімен аяқталды. Бүгінгі таңда әлемнің бірінші ракеткасы атанып отырған Беларусьтің беткеұстары 2023 жылы финалда Е.Рыбакинаны ұтса, 2024 жылы қытайлық Чжэн Циньвэньге шаң қаптырды.
Жерлестеріміз жұптық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетті. 2020 жылы Михаил Кукушкин мен Александр Бублик жартылай финалға дейін жетті. Бұл межеде олар америкалық Раджив Рам мен ұлыбританиялық Джо Солсбериге жол берді. 2022 жылы бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен жұп құрған Анна Данилина финалда чехиялық Барбора Крейчикова мен Катерина Синяковаға есе жіберді.