Қоғам • 30 Қаңтар, 2025

Еңбекке – құрмет

386 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбек адамдары – қоғамның негізі. Күн-түн демей, қырық құбылған ауа райына қарамай, қара жұмысымен айналысып, қажыр-қайрат танытып жүрген қарапайым жұмысшыларды бағалаудың, дәріптеудің мән-маңызы ерекше.

Еңбекке – құрмет

Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрі­баевтың бастамасымен қалада «Еңбекке – құрмет!» акциясы басталды. Акция түрлі форматта өткізіледі деп жос­парланып отыр. Бірақ ең бас­тысы, жұмыскерлерге, олардың қалтқысыз қызметтеріне деген шынайы сүйіспеншілікті қалыптастыруды көздейді.

Әкім бастамасын алғаш­қы болып қолдаған қала­лық Жастар ресурстық орта­лығы көшелердегі қар тазалау­шыларға ыстық ас, шай әзірлеп, жұмыс орындарына апарып берді. Жастарды қала әкімінің өзі бастап барды.

– Біз осындай болмашы ілтипатымыз арқылы өздеріңізге деген қалың бұқараның құрметін, ризашылығын жеткізгіміз келді. Сіздер уақытпен санаспай, қала тазалығы үшін тер төгіп жүрсіз-дер. Бұл қызметтеріңіз қандай да болсын мақтау, марапатқа лайық, – деген қала басшысы еңбек адамдарына қатысты түрлі деңгейдегі ынталандыру, ықылас шаралары үздіксіз көрсетіле беретінін жеткізді. Акция жыл бойына жалғасады.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы