
Даңқты спортшының мемориалында Ресей мен Краснояр өлкесі командаларынан бөлек, Әзербайжан, Беларусь, Иран, Куба, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Мажарстан, Мексика, Моңғолия, Солтүстік Македония, Тәжікстан, Түркия, Үндістаннан келген барлығы 500-ге тарта балуан бақ сынады.
«Кіші әлем чемпионатына» баланған жарыста еліміздің әйелдер күресі өкілдері өте жақсы өнер көрсетті. Әсіресе Эльмира Сыздықова асқан шеберлігімен тәнті етті. Кезінде Рио Олимпиадасы (2016) мен Азия ойындарында (2018) қола медальды иеленіп, құрлық чемпионатында сегіз рет (2 алтын, 2 күміс, 4 қола) жеңіс тұғырына көтерілген спортшымыз әлі де бабында екенін байқатты. Бастапқы бәсекелерде барлық қарсыласына сан соқтырған Э.Сыздықова жартылай финалда қыздар арасындағы әлем, Еуропа чемпионы, краснодарлық Ольга Козыраеваны қапы қалдырса, финалда әлем чемпионатының күміс, Азия біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері Даваанасан Энх-Амармен айқасты. Бәсеке барысында Моңғолияның мақтанышын 8:1 есебімен ұтып жатып, ақырында оны қос жауырынымен жерге қадады. Сөйтіп, қазақ балуаны 76 кг салмақ дәрежесінің бас жүлдесін олжалады. Бір айта кетерлігі, 5 ақпанда Эльмира 33 жасқа толады.
Еліміздің туы астында өнер көрсетіп жүрген 62 кг салмақтағы Виктория Хусаинова финалдық сынға дейін алқынбай жетті. Шешуші бәсекеде беларусьтік Вероника Иванованы 3:2 есебімен жеңіп жатқан еді. Соңғы секундтарда қарсыласын аяғына өткізіп алып, бес ұпай беріп қойды. Соның салдарынан Вероника күміс медальды қанағат тұтты. Дәл сол Беларусь балуаны жартылай финалда Тыныс Дубектен басым түскен болатын. Үшінші орын үшін белдесуде қазақ қызы барын салды. Алғашында ресейлік Ольга Яценко үш ұпай озып тұрды. Десек те соңына дейін күрескен Тыныс 4:3 есебімен жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетіп, қола медальды мойнына ілді.
Еркін күрестен өткен жарыста еліміздің намысын ағайынды Қайрат, Қуат Әміртаевтар (61 кг), Рифат Сайбаталов (65 кг), Мұрат Жақыпов (74 кг) сынды балуандар қорғады. Өкінішке қарай, олардың бірде-біреуі жеңіс тұғырына көтеріле алмады.