
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Мұндай тәжірибе ұзаққа апармайды
Бір кездері мұнай-газ секторы баға жетпес байлық һәм көл-көсір табыстың кепілі еді. Қазір оның да мүмкіндігі тарылды. Сондықтан қазір бізге шикізат тасушылар емес, өндіріс ашып, жаңа технология әкелетін стратегиялық инвесторлар керек.
Инвестиция тартуда Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы көштен қала бастаған. Жеке инвестиция азайған сайын, жетпеген қаржыны бюджет өз есебінен толтырады. Президент мұндай тәжірибе ұзаққа апармайтынын айтты.
– Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл 2023 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем, – деді Мемлекет басшысы.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің әдістеме департаментінің директоры Ораз Абдрахманов алдағы салықтық реформалар инвестор тартуға біршама әсер етеді дейді.
– Жаңа Салық кодексінде инвестицияларды ынталандыруға бағытталған бірқатар шара қарастырылған. Атап айтқанда, құрылыс салу, машина, жабдық және бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу кезінде салықтық преференциялар ұсынылады. Сондай-ақ қайта жаңарту, модернизация, күрделі және ағымдағы жөндеуге жұмсалған шығындарға да осындай шегерімдер енгізіледі. Ғылымға инвестиция тартуды қолдау мақсатында ғылыми зерттеулерді қаржыландыру шығындарына 300%-дық «супершегерім» қарастырылған. Сонымен қатар шикізатты қайта өңдеуге бағытталған инвестициялар үшін ҚҚС бойынша ынталандыру шаралары ұсынылады, – деді ол.
Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, инвестиция тақырыбында ең маңызды мәселе – салықтық жеңілдіктер. Қазір «егер дайын өнімге инвестиция салса, салықтық жеңілдіктер беріледі» деген жүйе енгізіліп жатыр. Бұл – өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған қадам, яғни бізге шикізат өндірісімен ғана емес, дайын өнім шығарумен де айналысатын инвесторлар керек.
Жеңілдіктің бес санаты
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Мемлекеттік кірістер комитетінің бізге берген жауабына сүйенсек, қазіргі кездегі бірқатар салық жеңілдігін 5 негізгі санатқа бөлуге болады:
Біріншісі, инвестициялық салықтық жеңілдіктер. Бұл жеңілдіктер жаңа өндіріс ашатын немесе қолданыстағы өндірісті жаңғыртатын компанияларға беріледі. Егер инвестор жаңа зауыт, фабрика немесе басқа да өндіріс нысанын салса, онда ол бұл шығындарын корпоративтік табыс салығынан (КТС) алып тастай алады.
Екіншісі – арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) үшін салықтық жеңілдіктер. Бізде 14 АЭА бар. Бұл аймақтарда жұмыс істейтін инвесторлар көптеген салықтан босатылады. Мәселен, КТС пен мүлік салығы төленбейді, жер салығы жойылады, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлем жасамайды. 2021 жылдан бастап ҚҚС-дан да босатылған. АЭА аумағында өндіріс ашсаңыз, 10 жыл бойы КТС, жер және мүлік салығын төлемейсіз.
Үшіншісі – инвестициялық келісімдер аясындағы салықтық жеңілдіктер. Егер инвестор 7,5 млн АЕК-тен жоғары инвестиция салса, оған да қосымша салықтық жеңілдіктер беріледі.
Төртіншісі – инвестициялық басым жобалар үшін жеңілдіктер. Егер инвестор ірі өндіріс жобасына 200 мың, 1 млн немесе 2 млн АЕК салып жатса, оған қосымша жеңілдіктер беріледі.
Бесіншісі – еліміздің заңды тұлғалары үшін инвестициялық жеңілдіктер. Егер кәсіпорын технологиялық жабдық, қосалқы бөлшек, шикізат пен материалдар импорттаса, онда кедендік баж салығын төлемейді. Импортталған шикізат пен материалдарға қосылған құн салығы (ҚҚС) салынбайды. Мемлекет жер учаскесі, ғимарат, жабдық және басқа да мүліктерді тегін бере алады.
Жемқорлық тұсау болып тұр
Берілген жеңілдіктің өзі инвестиция ағынының артуына көмектеспей тұр. Мұның себебін сарапшы Сапарбай Жобаев геосаяси жағдайдың ушығуынан әрі жүйедегі қателіктерден көреді.
– Жалпы, инвестиция көлемі шамамен 24 млрд долларды құраса, оның 13,5-14 млрд доллары тікелей инвестиция болды. Бұл өзгерістердің басты себебі – қазіргі геосаяси жағдай. Бізге негізінен Қытай мен Ресей тікелей инвестиция құяды. Бірақ қазір Ресей соғысқа байланысты бюджетінің басым бөлігін қорғаныс саласына бағыттап жатыр, сондықтан Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндігі шектелді. Қытайдың жағдайы да күрделене түсті, – дейді.
Сонымен қатар инвестор құқығын қорғау мәселесі де өзекті болып отыр.
– Өкінішке қарай, еліміз жемқорлық деңгейі жоғары мемлекеттердің қатарында, бұл жағдай инвесторлар үшін қауіп тудырады. Халықаралық жемқорлық индексіне сәйкес, Қазақстан қазіргі уақытта 160 мемлекеттің ішінде 93-орында тұр. Көптеген инвестор мемлекеттік органдармен жұмыс істеуден қашып, жекеменшік кәсіпорындармен әріптестік орнатуды құп көреді. Жуырда мынадай бір әңгіме естідім. Біздің бір шенеунік Түркияға барып, жергілікті инвестормен кездесіп «Қайдан жер қажет болса, сол жерді сіздерге береміз, қалаған жерге зауыт саласыздар» деп ұсыныс айтқан. Олар болса «Бұл жердің бұрын иесі болмаған ба? Егер бүгін басқа біреуден тартып алып беретін болсаң, ертең басқа әкім келсе, менен де тартып алуы мүмкін ғой?» дейді күмәнданып. Бұл – еліміздегі инвестициялық климаттың тұрақсыздығына деген сенімсіздіктің көрінісі. Инвесторлар үшін ең басты мәселе – құқықтық тұрақтылық пен кепілдік. Олар әкімдердің жиі ауысатынын, билік басындағылардың тұрақсыз екенін, кейбір шенеуніктердің жемқорлыққа бейім екенін жақсы біледі. Сондықтан олар жерді мемлекеттен жалға алудан гөрі, оны меншік иесінен сатып алып, сонымен жұмыс істеуді қалайды. Бұл жағдайда жердің нақты иесі болады, ал әкімдік шешімдеріне тәуелділік азаяды, – дейді экономист.
Сарапшылар сөзінен түйгеніміз, инвесторлар еркін жұмыс істеп, ел экономикасына аянбай ақша құюы үшін бізге мына кедергілерді жою шарт: жемқорлық, квазимемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру, әкімшілік ресурстарды қысқарту, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз