
Фото: chatgpt.com
Зейінді зіл батпандай басып алатын қауіпті ойындар балаларды «жалған мақтап» айласына түсіретін көрінеді. «Шатырдан секір, үйден қаш». «Сен батырсың!». «SchoolBoy Runaway» ойынындағы осы сөздер өткен жылдың қыркүйегінде бірнеше оқушыны биіктен құлауға итермелегені БАҚ беттерінен мәлім болған еді.
Балалардың интернеттегі қауіпсіздігі жантүршігерлік осы оқиғалардан кейін де сақталып отырған жоқ. Бұлай деуімізге қаңтардың үшінші аптасындағы демалыс күндері 21 жастағы жігіттің Free Fire ойнауына тыйым салғаны үшін төрт бірдей туысқанына пышақ сұққаны себеп болып отыр. Оқиға орнында күдіктінің 1997 жылы туған ағасы жан тапсырса, үш әйел ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Бұған дейін де жасөспірімдердің күретамырын қиюға шақырған «Синий кит» ойынының салдары қоғамды дүр сілкіндірген. Бүгінде «Красний кит» атанған осы және өзге де ойындар iOS және Android платформаларынан оңай жүктелетіні қынжылтады.
Қандай балалар интернеттегі қауіпті ойынның құрбаны болуға бейім?
Қанаты қатайып, ойы орнықпаған бүлдіршіндердің ойын торына түспеуі үшін жауапкершілік, алдымен, ата-анаға артылады. Бейбіт күнде интернеттегі қауіпті ойын салдарынан баласынан көз жазып қалғысы келмеген ата-ана перзентімен әлеуметтік қарым-қатынасын түзеп, кез келген тақырыпта ашық әңгімелесеуге даяр болуы тиіс.
Балалар психологі Байрам Турел үйінде, қоғамда өзін жалғыз сезінетін балалар виртуалды әлемнен жұбаныш іздеп от басып жататынын айтты.
«Өзін әлсіз немесе жолы болмаған адам ретінде қабылдайтын балалар виртуалды ортада өздерін оңай тауып, сол нәрсеге тез тәуелді болып қалады. Үйдегілерден сезінбеген қамқорлықты ойындардағы кейіпкерлерден алуға тырысады. Ал эмоционалдық халі тұрақталмаған балалар ойындарда кездескен марапаттарға, мақтауға байланып та қалуы мүмкін. Әлеуметтік дағдылары әлсіз, адамдармен бетпе-бет қарым-қатынас жасауға қиналатын балалар интернет арқылы қарым-қатынас жасауға асық болады», дейді ол.
Психологтің қауіпті ойындарға алданатындар қатарынан қоршаған ортаны тануға қызығушылығы жоғары әрі тәуекелшіл балалардың да табылатыны туралы тілге тиек еткен дерегі таң қалдырды. Бұл тұста ата-аналар мен мұғалімдердің бала болмысын жетік біліп, цифрлық сауаттылығын арттырып отырғаны абзал екені анық көрінеді. Айналасынан үлгі тұтар жан таппай шарқ ұратын жасөспірімдер ойындағы «қаһармандарға» табынып та жатады. Ойын салдарынан оң мен солды ажыратудан қалатын жасөспірімдердің өмірге құштарлығы төмендеп, оқу үлгерімі де ойдағыдай болмайды.
«Интернеттегі ойындардың, әсіресе, зорлық-зомбылықты қамтитын бейнелері баладағы агрессия деңгейін арттыруы мүмкін. Экран алдында ұзақ уақыт отыру оларды көз ауруына шалдықтырып, семіздікке де ұшыратып жатады. Қазіргі ойындардың мазмұны баланың жасына сай келмеуі кең таралған мәселе болып отыр. Интернеттегі ойынды шексіз қолданатын балалардың ұйқы режимі де бұзылады. Ал ұйқы режимінің сақталмауы мотивацияны азайтады. Сондықтан жасөспірімінің оқу үлгерімі төмендей бастайды. Кейбір ойындардағы шамадан тыс бәсекелестік пен жеңіске деген қысым балаларды стресске де түсіруі ықтимал. Әрі-беріден соң ғаламтордағы ойын - баланың шынайы өмірдегі жауапкершілігінің күрт төмендеуіне себеп», деді Байрам бей.
Ал көпбалалы астаналық ана Гүлмира Нұрымова технология дамып, өмірге етене енген тұста баланы телефоннан тыю ақылға сыймайтынын айтады. Десе де ол баланың телефон қолданатын уақытын ата-ана жіті қадағалап, шектеуі керек деп есептейді.
«4 баламның 2 үлкенінде ғана телефон бар. Үлкендеріміз - 13, 11 жаста. Қалған 7-5 жастағы кішкентайларға телефон қолдану әлі ерте деп ойлаймын. Асылында ғаламтордағы ойынның бәрі жаман емес. Баланың ақыл ойын дамытатын әлем елдерінің астаналары мен туын тану, айырмашылық табу, тез ойлау, құрастыра алу сынды дағдыларын дамытатын ойындар да бар. Ал қауіпті тұсы ретінде балалардың онлайн бейтаныс адамдармен байланысуы мен кіші балаларға арналмаған қорқынышты ойындарды айтар едім. Кибербуллинг жасап, басқа ойыншылар жағымсыз пікірлер жазатын жағдаяттар да кездеседі. Қаржылық қауіп - кейбір ойындарында сатып алуды қажет ететін қажетсіз механизмдер ойластырылған, бұл баланы қажетсіз шығынға итермелейді. Біз балаларымыздың интернеттегі ойынның қауіпті жақтарына қадам басуының алдын алуға ұмтыламыз. Рас, сатып алайын деп сұраған кездері болды, оған мүлде рұқсат бермейміз», деген пікірін орта салған Гүлмира Нұрымова балаларына телефонды қолдану үшін белгілі шарттарды орындататынын сол арқылы тепе-теңдікті сақтауға баулитынын жеткізді.
«Сенбі, жексенбі күндері де бір мезгіл үйден шығып, қосымшаға барып келетіндей кесте жасап қойдық. Басқа жұмыс күндері мен сабақ уақытында 1-2 сағат ойнауға рұқсат береміз. Телефон қолданып, ойнау үшін үй жинау, ыдыс жуу, өзінен кішілерді мектеп пен балабақшаға алып бару, сабақты түгел орындау, киімдерін сөрелеріне реттеп салу, төсегін таза ұстап, жинау сынды шарттарды орындайды. Осылардың барлығы тиянақталғанда ғана телефонда ойнауға рұқсат етіледі», деп тәжірибесімен бөлісті ол.
Балаларды қауіпті ойындардан қорғау сатылары
Балаларды қауіпті интернет ойындардың тұзағына түспеуі үшін психологиялық дайындық пен тосын қауіптерге қарсы «иммунитетін» қалыптастыру айрықша маңызды. Балалар психологі Байрам Турел осы мәселеге дайындалудың бірнеше кешенді сатысымен бөлісті.
- Балаларға цифрлық сауаттылықты үйрету. Ол үшін жасөспірімге интернет пен цифрлық әлемнің қалай жұмыс істейтінін түсіндіру керек. Бала ғаламтордағы көкейіне күмән тудырған мәселені ата-анасына ашық айта алатындай қарым-қатынас орнатып, ойына құрметпен қарау;
- Әлеуметтік медианы (желілер, видеохостингтер мен ғаламтардағы ойындар) қолдану уақытын шектеу. Осы сатыда ата-ана балаға көретін контені мен ойындарының мазмұнын жас ерекшеліктеріне байланысты таңдауға қол ұшын созу құпталады. Соған сай шекті уақытты белгілеу маңызды.
- Балалардың эмоционалдық жағдайын бақылауда ұстау: Жасөспірімдер стресс кезінде, ашуға бой алдырғанда ғаламтордағы ойындардың тасасына тығылуы мүмкін екенін есте сақтау;
- Оларды жеке басына қатысты ақпараттарды ғалдамторда бөліспеуге шақыру, салдарын «бала тілінде» ұғындыру;
- Ғаламтордағы топтық ойындарды қолдану кезінде балалар қысымға ұшырауы мүмкін. Сондықтан өз шекарасын қорғауға баулу;
- Ата-ана ретінде баланың тек теріс қылығын термей, мақтауға лайық жетістіктерін жиі еске алып, жарқын өмір сүруге жетелеу маңызды.