Алға басқан «Анисан»
Ауылдық жерлерде шағын және орта бизнестің дамуына «ҚазАгро» холдингіне қарасты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы анағұрлым ықпал етуде. Акционерлік қоғамның Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, бүгінгі таңға дейін облыста аталған қор тарапынан жалпы сомасы 1,8 миллиард теңге болатын 752 жобаға қолдау көрсетілген. Бүгінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жеті бағдарлама бойынша жұмыс жасайды. Олардың ішінде «Егінжай» – көктемгі егін егу және егін жинау жұмыстарын жүргізуге агроөнеркәсіп субъектілерін несиелеу, «Сәтті» – Ислам даму банкімен бірлесе жүзеге асырылатын негізгі құрал-жабдықтар сатып алуға арналған, «Кәсіпкер» – ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлерін, соның ішінде сауданы да несиелеу бағдарламалары бар. «Ауылдық ипотека» бағдарламасы аясында ауылдық жерге жұмыс жасауға барған жас мамандарға тұрғын үй салу немесе сатып алу мақсаттарына жылдық мөлшерлемесі 0,01 пайыз бюджеттік несиелер беріледі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және моноқалаларды дамыту бағдарламалары жүзеге асырыла бастады. Облыс бойынша бұл бағдарламаға Хромтау қаласы кіреді. Болашақта Хромтау моноқаласында ірі жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде. Жыл аяғында қолға алынған «Ырыс» бағдарламасы бойынша сүтті мал шаруашылығын дамыту бағытында отбасылық тауарлы-сүт фермалар желісін құру жұмыстары жүргізілуде. Яғни, азаматтар ірі қара, техника мен жабдықтар сатып алуға 60 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Ол 7 жыл мерзімге 4 пайыздық жылдық ставкамен беріледі. Бүгінде аталған бағдарлама бойынша екі жоба қолға алынған. Соның бірі Темірболат Сүйінәлин басқаратын «Анисан»» шаруа қожалығы. Шаруа қожалығы облыс орталығына таяу Благодарный селолық округі аумағына орналасқан. Бұл бұған дейін де шаруасын дөңгелентіп, ырғақты жұмыс істейтін шаруашылық құрылымы ретінде танылған-ды. Сондықтан да болар, оның несие алуға деген талабы бірден қолдау тапты. Енді міне, кәсіпкерлігін кеңейту үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-тың аймақтық филиалының «Ырыс» бағдарламасы аясында несиеге қол жеткізіп отыр. Біз «Анисан» шаруа қожалығында болғанда шаруақорлықтың қолтаңбасын аңғардық. Мал жып-жылы, таза қораларда ұсталуда, жемшөбі жеткілікті. Шаруа қожалығының басшысы Темірболат Сүйінәлиннің мәлімдеуінше, мұнда о баста ескі, азыңқырап кеткен тұрғын үй мен бұзау ұстайтын қора ғана бар қыстақ болған көрінеді. Оларды сатып алған ол бірте-бірте құрылыс салып, шаруасын жүйелей түскен. Соның бәрінде әкесі Тілектес ақыл айтып, кеңес беріп отырғанын да жасырмайды. Тілектес аға кезінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен, тәжірибесі мол, шаруаның ұтырын білетін азамат. Сөйтіп шаруа қожалығы қалыптаса бастаған соң өзімен ниеттес бірнеше отбасын малшылыққа тартқан. Бастапқыда шаруа қожалығы еттік бағыттағы мал өсіруді қолға алған екен. Кейін оны әртараптандырудың қажеттігін уақыттың өзі алға тартқан. – Жүре-бара бұлай бір бағытта жұмыс істеу тиімді бола бермейтінін түсіндік. Қала қасымызда, сұраныс бар, өтімді өнім – сүт өндірсек қайтеді деген ойға келдік. Мұндай мүмкіндікті қолдан шығарып алмайық деп 2011 жылы алған несие қаржымызға Қостанай облысынан 200 сиыр сатып алдық. Табынды өз төлі есебінен толықтыру үшін Орынбор облысынан асыл тұқымды бұқа сатып алдық. Малды ұстау үшін қоралар салдық, қажетті инфрақұрылым жүргіздік, жемшөп базасын жасадық. Жұмысшыларға еңбек етуге қолайлы жағдай туғыздық, – дейді Темірболат ініміз біткен іске деген ризашылығын жасырмай. Әңгіме барысында аңғарғанымыз, шаруа қожалығы 2001 жылы құрылған. 2006 жылдан бастап мал тұқымын асылдандыру және сұрыптау жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұнда алғашқы зоотехникалық және мал тұқымын асылдандыру есебі ретке келтірілген, мал ұстауға толық жағдай жасалған. Қазір шаруашылықта сүттік бағыттағы асыл тұқымды қара ала сиыр, жылқы және қой өсіріледі. Шаруа қожалығы мүмкіндігінше егіншілікпен де айналысады. Күні кешегі қараусыз қалған шопан қыстағын қазір көрерге көз керек. Мұнда малшылар отбасылары тұратын тұрмыстық қолайлы жағдайы бар бес тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. Олардың барлығына су құбыры жүргізілген. Шаруа қожалығының өзінің моншасы, асханасы, техника жөндейдін боксы бар. Осының барлығы тек қарақан басын ғана емес, әріптестерін ойлаудың нәтижесі. Мұны «Еңбек ет те, міндет ет» дегенді жадынан шығармайтын шаруа қожалығының жетекшісі Темірболаттың темірдей ұстанатын қағидасы десек артық айтқандық бола қоймас. Сондықтан мұнда жұмысшылар тұрақты, жұмыс табысты. Малшылар жақсы еңбекақы алады, өздері де мал ұстайды дегендей, тұрмыстары тәуір. Жұмыстың маусымдылығына қарай мұнда 20 адамға дейін еңбек етеді. Шаруа қожалығының басшысы Темірболат Сүйінәлиннің айтуынша, қыстаққа таяу уақытта газ құбыры да жүргізілмек. Электр қуаты бар, ұялы байланыс ұстайды, теледидар көрсетіп тұр. Бұл дегенің шаруа қожалығында еңбек ететіндер барлық тұрмыстық игіліктерді толығымен көре алады деген сөз. Жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағдарламасы шаруа адамын мемлекет тарапынан қолдаудың нақты көрінісі болды. Ол енді бұрынғыдан гөрі де кең ауқымда жұмыс істеуге талаптануда. Шаруа қожалығы сүт өндірісін кеңейтуге бағыт ұстауда, көршілес Ресейден асыл тұқымды қашарлар сатып алып, сауын табындарын көбейтуді жоспарлауда. Қазір қолда бар мал қоралары ол малды ұстауға мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылы шаруақор жігіт тағы бір мал қорасын салуды көздеп отыр. Өткен жылы қазан айында «Анисан» шаруа қожалығы 50 бас ірі қара және техника сатып алуға 30,5 миллион теңге қарыз алды. Сөйтіп шаруа қожалығы оған осы заманғы сүт салқындатқыш қондырғы сатып алып, орнатты, трактор паркін толықтырды. Қазірдің өзінде шаруа қожалығында 700 бас ірі қара ұсталуда. Соның тең жартысы сүттік бағыттағы сиырлар. Мұнда өндірілген сүт қаладағы «Молочные товары» ЖШС өңдеу орнына тікелей тапсырылады. Бұл серіктестікпен екі арада әріптестік қарым-қатынас қалыптасқан. Қазір шаруа қожалығында мал қыстату ойдағыдай өтуде. Қысқа мал қораларын сақадай-сай жөндеп, шаруаның етек-жеңін жинап, жемшөбін жеткілікті дайындап түскен шаруа қожалығының ұжымы қыс қаһарынан қаймықпай еңбек етуде. Бұған оларды ілгері күнге белгілеген жоспарлы жұмыстары да жұмылдыра түседі. Ынтымақ бар жерде ырыстың да молая түсері сөзсіз. Бұл бағытта «Анисан» шаруа қожалығының өзгелерге өнеге боларлық істері жетерлік, әрине. Ең бастысы, азық-түлік молшылығын жасауға үлес қосуды межелеген шаруалар ізденіспен жұмыс істеуге талап қылуда. Мұның ілгерілеуге із ашарына сенім мол. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы. Суретте: «Анисан» шаруа қожалығының басшысы Темірболат Сүйінәлин.Сәлемдемеңізді сәт сайын қадағалай аласыз
Жамбыл жерінде алғаш рет пошта бөлімшесі 1871 жылы ашылған екен. Ол Әулиеата уезінің пошта және телеграф байланыс бөлімшесі деп аталыпты. «Қай уақытта болса да пошта қызметінің маңызы өте зор. Арадағы 150 жылға жуық уақыт ішінде Жамбыл облысындағы пошта саласы мүлдем жаңарды. Ауқымы кеңейіп, қызметі көбейді», дейді осы саланың ардагері Жақсылықбай Тәжібаев. Шынында, «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалы үлкен инфрақұрылымдық компанияның маңызды тармақтарының бірі болып табылады. 34 қалалық, 10 аудандық, 156 стационарлық және 3 жылжымалы ауылдық пошта байланыс бөлімшелерінде және 25 пошта байланыс пункттерінде 1062 адам қызмет етеді. Сонымен қатар, облыс пен аудан тұрғындарына қызмет көрсету шеңберін кеңейту мақсатында 31 коммуналдық, салық және басқа төлемдер қабылдау пункттері құрылған. Халыққа пошталық және қаржылық қызмет көрсету сапасын арттыруды басты мақсат тұтқан «Қазпошта» қазіргі талаптарға сай қалалық және ауылдық пошта байланыс бөлімшелерін жаңадан жабдықтап жатыр. Соның бірі ретінде «Үлгілі қалалық пошта байланыс бөлімшесі» ретінде осы аптада тұсауы кесілген №19 пошта бөлімшесін айтуға болады. Тараз қаласының қақ ортасынан орын тепкен бұл бөлімше төңіректегі бес шағын ауданның халқына қызмет етеді. Бір ерекшелігі, пошта жөнелтілімдерін тіркеу бағдарламасымен жабдықталған. Бұл бағдарлама арқылы жөнелтілімдердің бақылау мерзімі мен жеткізілу уақытын анықтап, көріп-біліп отыруға болады. Тіпті, кез келген тұтынушы өз жөнелтілімдерін интернет арқылы қадағалап отыруына мүмкіндігі бар. Электронды түрде жіберілетін ашықхаттар қысқа мерзімде жеткізіледі. «Бөлімшелерді жаңғырта отырып, біз тек қызметкерлеріміздің жұмыс орнын ғана жақсартқан жоқпыз, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі және бесік-арбамен жүретін жас аналарымыздың кіруіне ыңғайлы болсын деп пандустар орнаттық. Жаңа жұмсақ жиһаздар қойдық. Енді келушілерге касса терезелері алдында сарылып тұрудың қажеті жоқ. Өйткені бөлімше бірыңғай электронды кезек жүйесімен қамтылған, яғни бөгетсіз қызмет көрсетіледі. Тағы бір айта кететін жайт, операциялық терезелердің көбейгені. Бұл халық ағыны көп кезінде қызмет көрсету үшін өз септігін тигізеді. Оның үстіне пошта бөлімдері тәулік бойы жұмыс істейтін болады», дейді «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Болысбек Пірәлі. Жаңадан жасанып, өзгеше кейіпте жұмысын бастаған бұл пошта бөлімшесі халықтың уақытын үнемдеп, жаңаша көңіл күй, шабыт сыйлайтыны сөзсіз. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.Келісімнің келесі кезеңі
Көкшетау жылу электр стансасы жоқ жалғыз облыс орталығы. Сондықтан, мәселенің өзектілігі күн өткен сайын артып келеді. Туристік-курорттық әлеуеті зор астаналық облыстағы жағдай республика Үкіметі тарапынан айрықша назарға алынып, көптен күткен мәселеге қозғау салына бастады. Бұған шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытып отырғанын айтуымыз қажет. Осыған байланысты өңір басшысы Сергей Кулагин мен шетелдік «Peterburg Holding Company», «All Energy Holding LTD» компанияларының және қазақстандық «Он Олжа» ЖШС басшылары арасындағы Көкшетау қаласында жылу электр орталығы құрылысын бастау жөніндегі өзара келісімнің екінші раунды өткізілді. Осы ретте, қуаты 180 МВт және 450 Гкал/сағат ЖЭО салуға ниет білдірген инвесторлармен алғашқы кездесу өткен жылдың күзінде өткізілгенін еске сала кеткіміз келеді. Кездесу барысында облыс әкімі әлеуетті әріптестермен жылышырайлы әңгіме бастап, жылу электр орталығы құрылысына қатысты жобалау-сметалық құжаттардың дайындалу барысымен танысты. Ол, сондай-ақ, маңызды істегі кез келген іркіліс пен дүдәмәлдік, нақты қадамдардың айқындалмауы күткендегідей нәтиже бермейтініне екпін түсірді. Біз ықылас танытып, артықшылық беріп отырған израильдік компанияның қазақстандық кәсіпорындармен, оның ішінде қуат көздеріне бай «Он Олжа» серіктестігімен тұрақты байланыс орнатқандығы болашақ табыстарымызға кепілдік береді. Бұған қоса, өңіріміздің инвестициялық тартымдылығы өзге салалардың дамуына серпін беріп отырғандығы тілге тиек етілді. «АН Energy Holding» компаниясының қаржы директоры Валери Амиэль сенім білдіргені үшін облыс әкіміне рахмет айтып, жобаның қазіргі кезеңінде бастапқы жұмыстарды қаржыландыру мәселесінің шешілгендігін атап көрсетті. Қазақстан жағынан кәсіби мамандардың жұмылдырылуы ЖЭО құрылысының техникалық және стратегиялық мәселелерін шешуге мүмкіндік беретінін айтқан израильдік компания өкілі келесі кездесуде облыс басшылығына инвестициялық жобаның дайын нұсқасы таныстырылатынын мәлімдеді. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.Кадр даярлаудың қарымы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында алдағы жылдарды жан-жақты сараптай отырып, мемлекетіміз үшін негізгі бағыттарды айқындап, Жаңа Экономикалық Саясатты жариялады. Президент жастарға арналған негізгі бағыттарды көрсете отырып, бірінші білім мәселесіне тоқталып, бұл салаға қыруар қаражаттың бөлінетінін, бүгінгі инвестиция ертеңгі әлемдік сахнада экономикасы жетілген, табысты мемлекеттер қатарынан көрінудің кепілі екендігіне баса назар аударды, сонымен қатар, 10 жоғары оқу орны әлемдік стандартқа сай етіп жасақталатынын мәлім етті. Жолдауда әр қазақтың алтын бесігі саналатын ауылды өркендету ерекше айтылды. Ал студенттер құрамының басым бөлігі ауыл жастары болып табылатын, сонымен қатар, заманауи ұлт тәрбиешілерін, ұлт ұстаздарын қала берді ұлт аналарын дайындайтын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессор-оқытушылары үшін де, студент жастары үшін де «Нұрлы Жол» Жолдауының көрсеткен бағыт-бағдары аса маңызды. Елбасы білім, ғылым саласының қызметкерлеріне «интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеп, интеллектуалды ұлт қалыптастыру» секілді абыройлы да ауқымды міндет жүктеді. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті бірнеше жыл қатарынан мемлекетіміздегі педагогикалық жоғары оқу орындары арасынан тәуелсіз сараптамалар нәтижесінің көрсеткіштері бойынша көш бастаушылардың қатарында келеді. Университет базасы күн санап өсіп, ғалымдарымыз бен студенттеріміздің ғылым, білім, өнер, спорт салаларындағы жетістіктері мен жеңістері көбейіп, биік белестерден көрінуде. Университет ректоры Динар Нөкетаеваның тікелей басшылығымен аз ғана уақыт ішінде университет экономикалық-қаржылық және өндірістік салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Оқу орнының маңызды іс-шараларын басқара отырып, бұл саладағы қыруар істердің ел игілігі үшін уақытында орындалғандығын және орындалып жатқанын айтуға тиістіміз. 2014 жылғы 19 қыркүйек күні Республика сарайында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің, университет түлегі, Мәжіліс депутаты Оразгүл Асанғазықызының, өзге де университет ректорлары мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 70 жылдығына арналған салтанатты жиын өтіп, оқу орнының іргелі жетістіктері мен жеңістеріне жиналған қауым куә болып, жоғары бағасын берді. Әрине, біздің басты мақсатымыз – білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы университетті жоғары оқу орындарының әлемдік стандарттарына сай келетін білім мен ғылым және жоғары мәдениет ордасына айналдыру болып табылады. Бұл салада университет ректорының басшылығымен оқу орнының мерекесі қарсаңында барлық оқу ғимараттары мен жатақханалары күрделі жөндеуден өткізілді, университеттің материалдық-техникалық базасы нығайтылды, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы спорт орталықтарындағы материалдық және техникалық база дамытылып, спорттық жабдықтар жаңаланды, барлық ғимараттар мен жатақханаларда бірыңғай компьютерлік желілер орнатылып, заманауи ақпараттық технологиялар саласындағы техникалық жетістіктер деңгейіне сай және бүгінгі заман талабына сәйкес келетін компьютерлік технологиялар орталығының техникалық базасы нығайтылды. Арулар оқитын оқу орны сұлулықтың да символына айналып келеді. Студенттер бойында әдемілік пен рухани құндылықтарға деген ынтызарлықты арттыру, қыздарымыздың эстетикалық талғамының жоғарылауы мен мәдени дамуы үшін университеттің студенттер аллеясында субұрқақ орнатылды. Ақ Аруды айнала тағылымдық, тәрбиелік мәні терең, көне заманнан бастап бүгінгі Президентіміздің ұлағатқа толы қанатты сөздері кітап бейнесіндегі мәрмәр тастарға қашалып жазылды. Субұрқақ ауласы гүлзармен безендіріліп, шырша егіліп, плита төселініп, бардюр орнатылды. Қала әкімі А.Есімов пен университет ректоры Динар Нөкетаева 2014 жылдың 19 сәуірінде қыздар қалашығының сәнін келтірген «Қазақ Аруы» атты субұрқақтың салтанатты түрде лентасын қиып, ақ тілектерін айтып, ашылу рәсімін жасады. Университет студенттерінің білім алу үдерісін тиімді және оңтайлы жүзеге асыру мақсатында, білім кеңістігінде ашықтық пен жариялылықты қолға алу үшін, «Универ» электронды желісі сатып алынып, орнатылды. Бұл университеттің білім алушылары үшін көптеген қолайлы жағдай орнатып, оқытушылардың дәріс жүргізу, жоспарлау және бағалау қызметтерін жетілдіріп, құзыреттіліктерін арттырды. Университеттің құрылымдық кабельдік желісі жетілдірілді. Ғылыми кітапхана ғимаратына, №1, 2, 5 жатақханаларына және оқу ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Студенттеріміздің заман ағымына орай ақпараттандырылуы үшін барлық жатақханаларда интернет залдары ашылып, жатақхана мен оқу ғимараттарында сымсыз желілер (WI-FI) тартылды. Университетіміздің білім алушыларының сапалы білім алуы үшін ғылыми кітапхананың кітап қорын көбейту мақсатында, әр жылы он миллионнан астам теңге қаржы көлемінде ғылыми кітаптар, оқулықтар сатып алынып, заманауи құралдармен жабдықталуда. Атап айтсақ, университеттің ғылыми кітапханасына республикада алғашқы болып Австрияда құралған, «Куденс» атты автоматтандырылған барлық форматтағы сканер сатып алынды. Бұл ерекше құрылғының жұмыс істеу функциясы өте жоғары дамытылған, бірнеше операцияны жылдам әрі тез орындауға мүмкіндік береді. Қазіргі танда университеттің кітапхана қорына «Алтын қорға» енген құнды раритет саналатын 1553 дана кітап енгізілді. Университеттің толыққанды жұмыс істеу қажеттілігіне байланысты, 2011-2014 жылдар ішінде 836 дана компьютерлер алынып, аудиториялар мен дәріс залдарына 75 дана заман талабына сай интерактивті тақталар сатып алынды. Бұл шаралар университет қаржы көлемін ұлғайтып, тиісті мақсатта стратегиялық жоспарлау нәтижесінде жүзеге асырылды. Химия, физика кафедраларының ғылыми лабораториялары зерттеу жұмыстарын заманауи технологиялар негізінде дамыту жолында бір ғана 2014 жыл көлемінде 400 млн. теңгеден астам қаржы көлемінде зерттеу құрылғыларымен жабдықталды. Бұл өз кезегінде университеттің ғылыми-зерттеушілік әлеуетін арттырып, студенттеріміз бен магистранттарымыздың, докторанттарымыз бен профессор-оқытушыларымыздың ғылыми ізденістерін заманауи әлемдік деңгейге көтеруге, мемлекеттік және халықаралық гранттық жобаларға қатысуына негіз болады деген ойдамыз. Оқу орнында қыздарымыздың суда жүзу мәдениетін, сұлулығы мен көркемдігін жетілдіру мақсатында жүзу бассейнінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, 450 орындық, бірінші қабатта жастарға қызмет көрсететін медициналық пункті бар студенттер жатақханасының құрылыс жұмыстары да өз деңгейінде жүріп жатыр. Сөз соңында айтарымыз, жаңа басталған 2015 жыл да қарыштап алға басқан Қазақстанымыз үшін де, өзінің 70 жылдық асуынан абыроймен асқан университетіміз үшін де айтулы жылға айналмақ. Елбасы Жолдауында экономикалық мәселелер басты маңызға ие болумен қатар, Президентіміз еліміздің рухани-мәдени мәселелерін де атап айтып, «Мәңгілік Ел» идеясының қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіріп өткені белгілі. Алдағы 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Бауыржандай батырды, Әлия, Мәншүк, Хиуаздай батыр қыздарымызды тарих төріне шығарған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы атап өтілмек. Рухани, мәдени, әлеуметтік, экономикалық, индустриялық-инновациялық даму барысында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті де күн санап алға басып, биіктерден көріне беретініне сенімдіміз. Асылбек БӨКЕБАЕВ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің экономикалық және өндірістік мәселелер жөніндегі проректоры. АЛМАТЫ.Нақты қолдау
Ауыл-аймақтағы шаруалар «Сыбағадан» өз сыбағасын алғанын білеміз. Дегенмен, бұл ірі қара малын қаржыландыратын бағдарлама еді. Қырдағы ағайын біле жүрсін, мемлекеттің уақ мал өсіретін шаруашылықтарды қолдайтын «Алтын асық» атты да бағдарламасы бар. Қой шаруашылығын дамытуға арналған «Алтын асық» бағдарламасы Қызылорда облысында жоғары деңгейде жүзеге асып жатыр. Өткен жылы 12 шаруашылық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың облыстық филиалы арқылы 131,0 миллион теңге несие алып, 5627 бас қой, оның ішінде 327 бас асыл тұқымды қошқар сатып алды. Сонымен қатар, 5 шаруашылық өз қаржысы есебінен 96,2 миллион теңгеге 4470 бас қой әкелді. Осылайша, жыл ішінде 10 мыңнан астам асыл тұқымды қой алынды. Жалпы, өткен жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға үлес қосқан 310 шаруашылық 1524 миллион теңге субсидия алды. Тағы бір айта кетерлігі, мал шаруашылығын ғылыми негізде дамыту мақсатында Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының базасында мал шаруашылығы бөлімі ашылды. Бүгінде ет бағытындағы қой тұқымын жетілдіру мақсатында еліміздің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтары Батыс Қазақстан облысы Жәңгір хан атындағы университетінің ғалымдарымен Жалағаш ауданында ет бағытындағы «еділбай» қойына селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, Оңтүстік-батыс егін және мал шаруашылығын дамыту ҒЗИ-дың мамандарымен әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие болып отырған қаракөл қойының көк түсімен ет бағытындағы Атырау етті-майлы елтірі қойын өсіру мақсатында ғылыми жұмыстар жүзеге асырылып, «Ақсеңгір» және «Ақ жол» шаруа қожалықтары 1540 бас Атырау етті-майлы елтірі қойы әкелінді. Сонымен бірге, еліміздің белгілі академигі Х.Үкібаевтың басшылығымен Ресейдің Астрахань облысы мен Жамбыл облысынан көк түсті қошқарлар жеткізіліп, Жаңақорған ауданы «Ынтымақ» ЖШС-де және «Бақытжан» қожалығында селекциялық асылдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.Несиеден – несібе
«Бәйдібек-несие» 7 пайызбен қаражат береді
Өткенде Ордабасы ауданынан бір кәсіпкер хабарласты. «Ордабасы» несие серіктестігі «Агронесиеқаржы» қорынан алған қарызының орнын жаба алмай, несие бере алмай жатыр екен. Бір кәсіпкер көп мөлшерде қаржы алған, қайтаруға асықпайды. Ал шаруалардың бизнес-жоспарлары тоқтап тұр. «Бәйдібек-несие» серіктестігін мақтады. «Әбділдабек Шардарбеков ақсақал басқаратын мекеме облыстағы серіктестіктердің ең мықтысы. Облыста ең төменгі пайызбен қаражат бөлетін де сол. Әй, бізге сондай басшы керек еді», деп тамсанды. Әбділдабек Шардарбеков ағамызды жақсы білеміз. Бүгінде 75 жастың үзеңгісіне аяқ салған ақсақал еңбекпен көсегесі көгерген кісі. «Шаян машина-трактор» стансасында жүргізушінің көмекшісі болып еңбек жолын бастаған жас жігіт жоғары оқу орнынан кейін партком хатшысы, кеңшар директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы сияқты лауазымды қызметтерде болған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Америкаға барып, ондағы шаруалардың жұмысын көргеннен кейін, бәрін ой елегінен өткізіп, бір жылдан кейін «тәуекел түбі – желқайық», жеке бизнеске кеткен. 2003 жылы «Бәйдібек-несие КС» ЖШС-ін құрып, акционерлердің қолдауымен төраға болып сайланған. Бүгінгі таңда облыстағы 20 несие серіктестігінің алдын бермей тұрған мекеме басшының өмірбаяны қысқа қайырғанда осы. Бардық. Аудандық әкімдіктің сырт жағынан керіскедей етіп үлкен ғимарат салып алған. Станиславский деген данышпан «театр киімілгіштен басталады» деп өте орынды айтқан. Таза, жарық, жып-жылы мекеменің табыспен жұмыс жасап жатқандығы бірден аңғарылып тұрады. – «Бәйдібек-несие» КС» серіктестігінің құрамында 425 мүше бар. 3 млрд. 363 млн. теңге несие жүйесі ашылған, – дейді Әбділдабек аға. Бір несие серіктестігінен 3 млрд. теңге ауыл шаруашылығына жұмыс жасап жатыр. Бәйдібек ауданы Оңтүстіктің 250-300 мың халқы бар аудан, қалаларымен салыстырғанда шағын аудан. Әр жағы Арқамен қойындасқан Созақ ауданымен шектесетіндіктен қысы қатал өңір. Негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. «Бәйдібек-несиеден» қаражат алғандардың алды бүгінде баяғыда айта беретіндей, мыңды айдаған байлардың қатарына қосылып үлгерген екен. «Бірлік» ауылындағы Ғабит Қапалбаев өзі есепші болса да дүниесінің есебін келтіре алмай, айлығы шайлығына жетіңкіремей жүйкесі жүндей түтіліп жүрген бір күнінде Әбекеңнің алдына келеді. «Көке, ақша бер, жеке кәсіп ашамын». Мүшелік жарнасын төлейді. Әзілге сүйей айтып отырғанымыз ғой, әйтпесе, бүгінде Ғабит бауырымыздың асығы алшысынан түсіп тұр. Екі отар қой, бір табын сиыр, екі-үш үйір жылқы. Асыл тұқымды. Үкіметтен асыл тұқымды малды өсіргені, сатқаны үшін субсидия алады. Қапалбаевтың өмірге қапасы жоқ, «Бәйдібек-несие» КС-ден алған 30 млн. теңге бойға жұқты, үйге ырыс болып кірді. Осы серіктестіктен 10 млн. теңге алған Тәшімбаев Өтебай деген жігіт ағасы да «Мыңбұлақ» ауылында келе-келе түйе ұстап отыр. Түйе жарықтық күй талғамайтын, ұсақ мал, ірі қара жей қоймайтын улы, ащы шөптерді де қорек ете береді. Сол себепті сүті мың түрлі ауруға ем. Бүгінде тәуір шұбатты қосарға қос ат алып жүріп іздеп ішетіндер көбейіп келеді. «Бәйдібек-несиеден» қаражат алып, тірлігін оңдағандарды айтар болсақ ұзап кете береміз.Облыстағы 20 серіктестіктердің ішінде «Бәйдібек-несие» КС» бірінші орында неге екенін өзіміз де іштей жобалап тұрсақ та Әбілдабек ағадан сұрағанбыз. «ҚазАгроҚаржы» корпорациясы алған ақшаңды мезгілінде қайтара алмасаң серіктестікке қаржы бермейді. Шардарбеков, осы ауданның отымен кіріп, күлімен шыққан, ауыл шаруашылығының ұңғыл-шұңғылын білетін кәсіби маман мүше болады екен деп көлденең көк аттыға қаражат бере бермейді. Құдай жеткізер деп несиеге той, көлік алатындарға емес, нақты қолынан іс келетін азаматтарға береді. Қайтара алмағандардың мал-мүлкін, үй жайын аукционға қойдырады. Осылайша, мемлекеттің қаржысын түгендейді. Ал көптеген серіктестік несиеге берген қаржысын қайтара алмай, жүздеген шаруалардың қолын байлап жүр. – Жақсылықтардың бастауында Елбасымыз тұр ғой, – дейді Әбділдабек ағамыз. – Мемлекеттен беріліп жатқан көмекте есеп жоқ. «Сыбаға» бағдарламасынан бөлек, «Құлан», «Алтын асық» жарғылық қорын ашып, серіктестікке қаржы беріп жатыр. Бұрын жоңышқа егуге екі жыл мерзімге қаржы бөлінетін. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі жауапты мамандарға айтып жүріп, несие мерзімін төрт жылға ұзарттым. Қора-қопсы салсаң жеті жылға дейін қаржыны қайтаруға мүмкіндігің бар. Нұрсұлтан Әбішұлы халыққа Жолдауында тағы да орасан қаражат бөлгізді. Бір «Бәйдібек-несиенің» өзі мыңдаған азаматқа жұмыс орнын ашуына көмектесе алады. Үкіметтен қаржы алып отырған басқа серіктестіктердің мүмкіндіктерін іске қоссаңыз, кәсібімді табам, бала-шағамды ешкімге жәутеңдетпеймін деген азаматтарға жұмыс көп. 75 жастағы ақсақал осылай дейді. Ал орда бұзар отыздағы жігіттер жұмыс жоқ деп аузын құр шөппен сүртіп жүр. Әй, дүние-ай. Айтқандай, осы серіктестіктің жиырмашақты маманының ешқайсысы жұмысым ауыр, басқа салаға ауысайын дегенді айтпайды. Неге деп таңданбай-ақ қойыңыз. Тоқсан сайын айлық көлеміндегі сыйақы, жыл соңында тағы бір айлық қосылады. Оның сыртында еңбек демалысына шыққандарға екі айлық көрсеткішіне тең емдік жәрдемақы беріледі. Баяғыда коммунистер партиясы серкелерінің айта беретін жұмақ коммунизмі дегеніңіз осы «Бәйдібек-несие» серіктестігінде жүрген сияқты. Ауданға ауыл шаруашылығының пайдалы салаларын сұрадық. Әбекең облыс басшысы Асқар Мырзахметов пен аудан әкімі Батырбек Көшербайдың аттарына жылы сөздер айтты. Бұған дейін көгілдір отынды түсінде көретін ауданға газ келіп жатыр. Ауыл шаруашылығының пайдалы салаларына басымдық беріліп жатыр. Саманнан салынған мектеп қалмады десе де болады. Қаржы мақсатты жұмсалуда. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы.Қарабалықта кемпинг ашылды
Еліміздің оңтүстік-шығысы мен көрші Ресейді жалғайтын «Алматы – Екатеринбург» тас жолы Қостанай облысының үстінен өтеді. Осы жол шекараның іргесінде жатқан Қарабалық кентінің үстімен Қайрақ кеденіне барады да, одан әрі Челябі облысына өтеді. Жүк автокеруендері, жолаушылар автобустары, жеңіл көліктер Алматыдан ғана емес, Қазақстанның оңтүстігінен Ресейге, Ресейден Қазақстанға қарай ұлы жолдың бойымен ерсілі-қарлысы ағылады. Екі елдің арасына, еліміздің оңтүстік өңірлері мен солтүстікте жатқан облыстарға тас жолмен тасылатын жүк аз емес. Сондықтан ұзындығы жөнінен Қазақстандағы ірі тасымал жолы болып саналатын «Алматы – Екатеринбург» тас жолының ел экономикасының дамуына қосар үлесі аз емес. Бірақ жол соғып келе жатқан көліктер тоқтап, жолаушылар демалатын арнайы орын облыс көлемінде болмайтын. Ілуде бір кездесетін шайханалар да соңғы жылдары пайда болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында «Қазірде қайнаған тіршілік күрежолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тас жолмен, әуе жолымен өз ара тығыз байланысуы керек», дей келіп, көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытуды алдымен тапсырған болатын. Елбасының осы тапсырмасының тамаша мысалы жүзеге асып та үлгерді. Ресейге шығатын «Алматы – Екатеринбург» тас жолының бойындағы Қарабалық кентінен шығаберісте, Қайрақ кеденіне, яғни шекараға жақын тұстан кемпинг ашылды. Оны Қарабалық ауданындағы кәсіпкер Марат Айтқазин жыл тәулігіне толмас уақытта ел игілігіне тапсырды. Марат Нұрғалиұлы бұл жобаға қазірдің өзінде 100 миллион теңге инвестиция салды, оны тағы кеңейтуді жоспарлап отыр. – Бұрын Қазақстан жолдарының бойында кемпинг болды ма, әлде біз бірінші салып отырмыз ба, ол жағы маған беймәлімдеу. Білетінім, «Алматы – Екатеринбург» тас жолы бойындағы ең ірі кемпинг осы екеніне сендіргім келеді, – дейді кәсіпкер М.Айтқазин. «Бөрі азығы – жонда, ер азығы – жолда» дейтін жолаушы үшін барлығы да кемпингтің ішінде қарастырылған. Онда отыз орындық жайлы қонақүй, асхана, жуынатын бес бөлме бар. Жолаушы кірін жуып, кептіріп, үтіктеп алуына да жағдай жасалған. Тіпті, темекі шегетіндерге