
Фото: Владимир Третьяков
Дәрігерлер 45 жастағы ер адамның миы өлгенін анықтағаннан кейін, туыстары қайтыс болған Алматы облысының тумасының ағзаларын алуға рұқсат берген. Олардың келісімінің арқасында Қазақстанның 4 бірдей азаматының өмірі ажалдан арашаланатын болса, олардың арасында «дилатациялық кардиомиопатия (уытты)» дейтін ауыр жүрек дертіне душар болған 43 жастағы ер адам да бар. Науқас 5 жыл бойы энергетикалық сусындарға мөлшерден тыс құмарланып, дәрі-дәрмек терапиясын қабылдамайтын жүрек қызметі жеткіліксіздігінің соңғы сатысына жеткен.
Науқаста аздаған дене қимылының өзінде ауа жетіспеушілігі, жатқан кезде ентігуі өршіп, тез шаршау мен жалпы әлсіздік мазалаған. Денсаулығының нашарлап бара жатқаны 2023 жылдың желтоқсанынан байқала бастаған.
«Елімізде кардиохирургия мен кардиореанимацияның даму деңгейі жүректі трансплантациялау операцияларында оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Юрий Владимирович бастаған UMC командасына көмек пен қолдау көрсеткені үшін алғысымыз шексіз. Органдарды трансплантациялау бойынша операциялар медицина қызметкерлерінің жоғары біліктілігін талап етеді», дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Марат Орынбасарұлы донордың туысқандарына да алғысын білдіре отырып, донорлыққа өз еркімен келісім беру, адамдардың өмірін сақтап қалуға дайын болу – адамгершілік пен мейірімділіктің үлгісі екендігін, ағзаларын алуға келісім берген донордың туыстарының ісі зор сауапқа ие екендігін атап өтті.
«Науқастың жағдайы операцияның ауырлығына сәйкес қалыпты. Динамика тұрақты. Оның жолы болып, оған донор табылды. Кейбіреулер ағзаны жылдар бойы күтуі мүмкін, бірақ олар ұзақ күте алмайды. Мұның бәрі сәйкес донордың болуына байланысты. Пациенттердің көпшілігі, өкінішке орай, трансплантацияға жетпей қайтыс болады. Жүрек трансплантациясынсыз өмір сүру ұзақтығы тым қысқа. Ауыр жүрек аурулары тез өршиді және шұғыл емдеуді қажет етеді», дейді клиника басшысы.
Институттың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев: «Жүрек алмастыру – аса күрделі операциялардың бірі, алайда біздің жинақтаған тәжірибеміз, машығымыз, клиникамыздың техникалық жарақтандырылуы оларды жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік береді», дейді.
Ерекше атап өтерлік жәйт, мәйіттік донордан екі бүйрегі, өкпесі, мен көз қабығы алынды. Бүйрек Жетісу облысының тұрғыны 17 жастағы науқасқа А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығында және астаналық 18 жастағы пациентке University Medical Center – де трансплантацияланды, өкпе – UMC-те қостанайлық 43 жастағы пациентке, көз қабығы кератопластикасы – екі реципиентке трансплантацияланды.
Қазақстанда 2025 жылғы 10 қаңтарда жүрек трансплантациясының күту парағында 140 ересек адам мен 5 бала тұр.