Қоғам • 01 Ақпан, 2025

«Қазақстан халқына»: үзілген үміт жалғанады

186 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 11 қаң­тар­да әлеуметтік саланың әлеуетін нығай­ту мақсатында «Қазақстан халқы­на» қорын құруды тапсырды. Үш жыл ішін­де қор бірқатар игі істі жүзеге асырды. Шарапаты шалғай жатқан аудан, ауылдардағы ел азаматтарына тиюі керек ілкімді жобаның жоспары айқын әрі ашық.

«Қазақстан халқына»: үзілген үміт жалғанады

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Былтыр қандай жұмыс тиянақ­талға­­­нын, биыл нендей жос­пар іске асырылаты­нын «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры­ның Басқар­ма төрағасы Болат Жәмішев баяндады. Прези­дент жанындағы Орталық коммуникациялар қыз­­­метінде өткен баспасөз мәсли­ха­тын­да қайы­рым­дылық бағыттағы бағдарламалар мен жо­ба­­лардың қаншалықты орын­дал­ғаны мәлім етілді.

Үш жыл ішінде қор 104 қайы­рым­дылық бағы­тындағы бағ­дар­лама мен жобаны жүзеге асы­ру­ға ұйытқы болса, соның 62-сі аяқтал­ған. Бүгінде қордың есепшотына қайырым­дылық­қа деп жиналған қаражат сомасы – 252 млрд теңге. Осы уақытта қаржының 186,5 млрд теңгесі қайырымдылық көмекке, қолдауға жұмсалған. Был­тыр 96,6 млрд теңге игерілген.

Әлеуметтік саланы бекемдеу мақсатында құрылған қордың игілігін алдымен мегаполис, облыс орталығынан қиыр жайлап, шет қонған ауыл тұрғындары көруге тиіс. Алыс ауылдардағы білім беру, денсаулық сақтау жүйесін, мәдениетті, инклюзивті спортты дамыту, балаларды оңалту, әлеуметтік қолдау, сондай-ақ төтен­ше жағдай туындағанда кө­мек көрсету – қордың негізгі бағыты.

Президент Қ.Тоқаевтың Жол­дауына сәйкес «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» жыл сайынғы кірісінен кем дегенде 7%-ын «Қазақстан халқына» қорына аударады. Былтыр қорға 66,6 млрд теңге түскен, биыл «Самұрық-Қазынадан» қайырымдылық жобаларға жұмсалатын 50 млрд теңге аударылады деп күтіліп отыр. Одан бөлек, «Лотерея және лотерея қызметі туралы» заңның 14-бабына сәйкес «Сәтті жұлдыз» АҚ лотерея операторы да былтыр Қорға 1,4 млрд теңге аударды. Ірі өндіріс орындары, іргелі компаниялардан бөлек, жекелеген азаматтардан да қор есепшотына аударылған қаражаттың қайда, қалай жұмсалғаны да белгілі. Қайырымдылық жобаларының қан­шалықты тиімді жүзеге асырылғаны «Ernst&Young» компаниясының жыл сайынғы сыртқы аудит жүр­гізуімен айқын­далады.

п

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

«Қаражат ең алдымен онко­ло­гия­лық аурулармен күрес жөнін­дегі 2023-2027 жылдарға ар­налған кешенді жос­парда көз­­делген іс-шараларды іске асы­­ру­ға жұмсалады. Сонымен қа­тар биыл орфандық аурулары бар азаматтарды дәрілік препараттармен қамта­ма­сыз етуге бағытталады. Қор қайы­рымдылық жобалардың іске асы­рылуын, қаражаттың жұмсалуын бақылау тетік­терін енгізді. Бұл бізге әрбір теңгенің қолдауды қажет ете­тіндердің игілігіне пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді», деді Б.Жәмішев.

Қор спорт пен мәдениет саласына 9,5 млрд теңге жұмсаған, іске асырылған бағдарламалар мен жобалардың саны – 12. Батыс Қазақстан облысында 25 ауылдық кітапхана жаңартылып, комьюнити орталықтарына айналдыру қолға алынған. Алғашқы екі комьюнити орталықтың тұсаукесері былтыр 16 желтоқсанда өтті. Шал­ғай елді мекендерде спортпен шұғылдануға арналған залдардың тапшылығы, бар болған жағдайда қолжетімсіздігі айтылып та, жазылып та жүр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, ауыл жас­тарының игілігіне деп 100 спортзал ашылды. Ауылдық жерлерде, кенттер, шағын қалаларда 40 аңғар типті спорт залдарын салу жоспарланған. 4 нысан пай­далануға берілді, 9 нысанның құ­ры­лысы жүріп жатыр.

Төтенше жағдай туындағанда көмек көрсетуге 20,6 млрд теңге бөлініп, былтырғы су тасқынынан зардап шеккен 5 өңірде 627 үйдің құрылысына қаржы жұмсалды. Әлеуметтік қолдау мен оңалту бо­йын­ша жалпы сомасы 16,3 млрд теңгеге 29 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қаржы негізі­нен оңалту орталықтарын жабдық­тау­ға, аутизм, басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған орталықтарды керек-жарақпен қамта­ма­сыз етуге, бала­­лар мен жастарға арналған ин­но­ва­циялық протездік-орто­пе­­диялық бұйымдар, экзоқаңқалар сатып алып, мүм­кіндігі шектеулі балалар мен жас­өспірімдердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып отыр.

185 адам инновациялық аяқ про­тездерімен қамтамасыз етіл­ді. Еліміздің 8 облысында мүм­кіндігі шектеулі балалар мен жас­өспірімдерге арналған «Тұсау кесер» дене шынықтыру-сауықтыру үйірмелері жұмыс істейді. Серіктестермен бірлесе Шымкент, Павлодар, Талдықорған, Өскемен, Қостанай, Тараз, Ақтөбе қалаларында аутизмі, басқа да менталды бұзылулары бар бала­лар­ға арналған 7 орталық іске қосылды. Биыл Ақтау қаласында ашыл­мақ.

Қор төрағасы денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 132,8 млрд теңгеге 30 бағдарлама мен жоба қолға алынғанын атап өтті. «Көмек көрсетудің үш негізгі бағыты – инновациялық нысаналы дәрілік заттарды сатып алуды қаржыландыру, үздік әлемдік өндірушілердің заманауи құрал, қондырғыларымен жабдықтау, елімізге жаңа технологияларды әкелу мақсатында дәрігерлер мен мамандарды оқыту. Ауыр, орфандық аурулары бар пациенттерге дәрілік препараттарды сатып алу да маңызды. Үш жылда 490 азаматқа, оның ішінде 371 балаға қажет 38 түрлі дәрі сатып алуға 62,3 млрд теңге бөлінген. Қор онкологиялық, онко­ге­ма­то­ло­гиялық аурулары бар 1284 азаматты 14,76 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік препараттармен қамтамасыз етті.

Онкологиялық қызметті да­мы­ту мақ­сатында 2023-2024 жыл­дары бес өңірге арналған желілік электронды үдеткіштер, компьютерлік томографтар, навигациялық жүйелер сатып алуға 19,8 млрд теңге бөлінді. Балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту бағытында 19 өңірде 22 медициналық ұйымдар жабдықталды. Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында QH «Денсаулық жолы» жобасы аясында шалғай өңір­лер­дегі тұрғындарды уақтылы онкологиялық скринингтен, про­филактикалық тексеруден өткізуге арналған жылжымалы меди­ци­на­лық кешендер сатып алынды.

Донорлық мөлдір қабықты ауыс­тыруды қажет ететін 226 пациентке, оның ішінде 107 балаға қайырымдылық көмек көрсетілді. Операцияның бәрі С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің клиникасында жүргізілді. Елдегі жаңа технологияларды трансферттеу мақсатында дәрігерлер мен мамандарды оқыту аясында 23 трансплантациялық үйлес­тіруші, 25 медициналық генетик, 25 ультра­­­дыбыстық диагностика мама­нының білімін шыңдауына қаржы бөлінді.

Ауылдық жерлерде 5 облыстық оңал­ту орталы­ғы мен 4 аудандық оңалту орталығы ашыл­ды. «QН Оңалту орталықтары», «QН Аудан­дық оңалту орталықтары» қайы­­рым­­дылық бағдар­ламаларын іске асыру жал­­ғасып, жыл соңына дейін 25 оңал­ту орта­лығы мұқтаж жандар игілігіне беріл­мек.

«Білім беру саласына 61,4 млрд теңге бөлініп, 19 бағдарлама мен жоба жүзеге асып жатыр. Оның ішінде 2022 жылдан бастап, ауылдық жерлердегі оқушыларға сапалы білімнің қолжетімділігін артыруды көздеп, 17 аймақтағы 135 тірек мектепті жабдықтауға 33,5 млрд теңге бөлді.

«Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының 134 шағын жинақталған мектебінде материалдық-техника­лық база жаңар­тылды әрі оқыту­дың 4 моделі сынақтан өтті. Алматы облысының мектептеріне «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжіри­бесін енгізу жобасы аясында облыстағы 50 мектепте (8 қалалық, 42 ауылдық) 150 физика, химия, биология кабинеттері жабдықталды. Қара­ған­ды облысында осы жобамен 86 мектеп 253 физика, химия, биология кабинеттерімен жабдықталды. Қордың білім гранттары еліміздің 92 жоғары оқу орнында оқитын ауылдық жерлердегі мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отба­сылардан шыққан 3000 мыңнан астам студентке әлеуметтік лифт пен жоғары білім алуына мүмкіндік туғызды. Моно қалаларда, ауылдарда 360 мектепті қам­тыған роботтехника кабинеттеріне жаб­дық алынды. «Жаздық жолдама» жобасы аясында 2 жыл ішінде 40 000 мыңдай бала зияткерлік, шығармашылық дамуы­на ықпал ететін бағдарлама аясында қауіпсіз әрі жайлы ортада жазғы демалысын өткізді», деп атап өтті қордың басқарма төрағасы.

«Шағын қалалар – үлкен мүм­кін­діктер» – «Қазақстан халқы­на» қоры­ның биыл іске асыратын негізгі бастамасы. Ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен ұлттық қайырымдылық конференциясында қор басшылығы «Шағын қалалар – үлкен мүмкіндіктер» бастамасын көтерген еді. Бастама қордың модульдік форматтағы қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын кә­сіпорындар, жалпы жергілікті биз­нес­тің қолдауымен шағын қалаларға бейімдеуді көздейді.

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше