Білім • 03 Ақпан, 2025

Жыл соңына дейін 112 жайлы мектеп салынады

80 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздегі ауыл мен қалаларда қатар жүзеге асырылып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Жыл соңына дейін 112 жайлы мектеп салынады

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылдың соңына дейін 460 мың орындық 217 жайлы мектеп салуды межелеген. Былтыр осы санаттағы 105 білім ұясы пайдалануға берілген. Биыл 112 жайлық мектеп есігін айқара ашпақ. 

Жайлы мектептердің көлемі типтік мектептерге қарағанда 15-20%-ға кең, техникалық жарақтануы да 4 есе артық болады. Мектептерде робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, 3-4 спорт зал қарастырылған. Алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар жабдықталады.

Сондай-ақ, бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады.

«Жайлы мектептерде инклюзиялық білім беруге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жеке санитарлық бөлмелерімен кең кабинеттер қарастырылған. Сонымен қатар мектептерде жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері бар. Жайлы мектептің ерекшелігі сонда, әр блоктан оқушылар мен педагогтер үшін демалыс аймақтары жасақталған», деді Оқу-ағарту министрлігінің инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Мақсұтов.

Айта кетейік, «жайлы мектептер» заманауи бейнебақылау және мектепке кіріп-шыққандарды қадағалау жүйесімен қамтамасыз етіледі.