Рымтай Шөкеев бастаған ардагерлер кеңесінің мүшелері облыс орталығында орналасқан «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалының өндірістік нысандарын аралап, мұнай тасымалдау жүйесімен танысуға өтініш білдірсе керек. Қазір өзгерістер заманы, басқа уақыт. Өз еліміздің игілігін өзіміз көрудеміз. Отандық мұнайдың аты – отандық мұнай. Ал, ардагерлерді бұл мұнай сонда қайда барады, қайдан келеді деген сұрақ мазалаған ғой. Алдымен ардагерлер тобы Павлодардағы мұнай құбыры басқармасына қарасты мұнай өндіру стансасына барады. Компанияның Шығыс бөлімшесінің орталық диспетчерлік пунктіндегі кең экраннан Шымкент, Қарағанды, Петропавл, Үшарал, Жезқазған және Павлодардағы басқармаларына қарайтын 4 мың шақырымнан астам мұнай құбырлары жүйесін көріп таңғалыпты.
Ардагерлерді таңғалдырған екінші хабар, ол – Шығыс филиалында 3 мыңдай адам еңбек ететіндігі. Былтыр 21 миллион тонна мұнай тасымалданыпты. Құны 23 млрд. теңге тұратын «Құмкөл-Қарақойын» бағытында магистральді мұнай құбыры салыныпты. Бұл құбыр Қытайға тасымалданатын мұнай көлемін жылына 20 миллион тоннаға дейін жеткізе алады екен.
Ардагерлерді таңғалдырған үшінші қуаныш – биыл компанияның демеушілігімен облыс орталығында балабақша құрылысы басталмақшы көрінеді. Бұған қоса, филиалдың спорт және жаттығу залдарында Қабиболла Шәкәрім ағамыз басқаратын «Замандас» ардагерлер клубының ардагерлері келіп денешынықтырумен айналысады екен. Ардагерлер өздерін таң-тамаша қалдырған Шығыс филиалының жасап жатқан жұмыстары ұзағынан болсын, тіл тимесін деп сәттілік тілеп, алғыстарын білдірді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.