Заң мен Тәртіп • 04 Ақпан, 2025

Заңға қандай өзгеріс керек?

152 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Былтыр 1 шілдеде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Құжатқа қол қойылғанға дейін жобаға ғалымдар тарапынан отандық ғылымды дамытуға, саладағы біраз кедергіні жоюға, ғылыми ұйымдардың жұмысын жетілдіруге байланысты өте көп ұсыныс айтылды. Алайда түрлі себеппен қосылмай қалды. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында заңға өзгерістер енгізілмек. Осыған орай өткен аптада Ұлттық ғылым академиясы ашық талқылау ұйымдастырды, пікірталасқа сол кездегі Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан АХМЕД-ЗАКИ (материал даярланып жатқан кезде ректорлық қызметке ауыс­ты – ред.), Мәжіліс депутаты Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ғалымдар қатысты. Отырыстағы орынды ойлар мен лайықты уәждердің жазбаша нұсқасын оқырмандарға ұсынамыз.

Заңға қандай өзгеріс керек?

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ:

 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңесте «Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді, яғни халықтың әл-ауқаты артады, түптеп келгенде ғылым азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етеді», деді. Бір ғана мысал келтірейін, біз өткен жылы 27 қарашада бюджетті бекіттік. Сонда экономиканың құлдырап жатқанын айттым. Неге? Себебі бізде экономика ғылымы құрдымға кетті. Экономистер фриланста жұмыс істейді, іргелі ғылыммен айналыспайды. Бұған Үкімет тарапынан тапсырыс жоқ. Ғылымға қаражат бөлінбесе, ғылым дамымайды, бұл – түсінікті нәрсе. Қаржы ғана ғылымның драйвері бола алады.

Біздегі экономиканың тұра­лап тұрған себебі сол. Елімізде ше­неуніктер экономика ғы­лымы­ның сарапшысы болып алған. Шенеуніктер менеджер болуы ке­рек, ал ғалымдар мәселені зерттеу керек. 2025 жылдың 1 қаң­та­рынан бастап «Ғылым және тех­нологиялық саясат ту­­­­ра­­лы» заң күшіне енді. Мұнда біршама тетік бар, сол заңды ғалымдармен бірге әрі қарай жетілдірген жөн. Зияткер­лік меншік жөніндегі Дүниежүзілік ұйымның дерегі бойынша жалпы патенттеуде ең жоғары рейтингте тұр­ған елдер – Қытай мен АҚШ. Қытай ­жылына шамамен 1,5 млн патент жасайды екен. Айталық, соның 500-600 патенті өнді­ріске енгізілсе, керемет қой. Қытай­дың экономикалық жағынан да­муында зияткерлік меншіктің үлесі басым. Халықаралық ұйымның мәліметінше, 2024 жылы АҚШ-та 598 мың, Жапонияда 300 мың патент жасалған. Ал Қазақстанда 917 өнертабыс патенттеліпті. Бұл – шыны керек, ғалымдардың санына шаққанда өте аз нәтиже. Бірақ бар. Осы жұмыстың кемі жартысы ғалымдардікі болар. Мен партияға келіп өнертабысын өндіріске енгізудің жолдарын сұрап келген бірде-бір ғалымды көрген жоқпын. Патент алып қоюмен шектелмей, сол өнер­та­бысын өндіріске енгізуге Үкі­мет­тен, партия арқылы түрлі көз­дер­ден қаржы тарту жағын бірге қарас­тырайық.

 

Дархан АХМЕД-ЗАКИ:

– Қазіргі таңда ғылымға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп отыр. Президент өзі төрағалық еткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте ғылымды дамытуға бағытталған бірқа­тар тапсырма берді, соның бір көрінісі – ­осы «Ғылым және технологиялық саясат тура­лы» заңның қабылданғаны. Соңғы сандарға зер салсақ, елімізде 25 мың 475 адам ғылыммен айналысады, оның 46 пайызы – жастар. Бұл кез келген ғылыми жобалардың құра­мындағы ғалымдар саны кемі 40 пайыз жас зерттеушілер болуы керектігі туралы талаптың, сонымен қатар жас ғалымдарға арналған жеке гранттың енгізілуі секілді біраз оң өзгерістің нәтижесінде іске асты. Кейінгі кезде қоғамның қойылып отырған сұрағы – ғылымға бөліп отырған қаржы­ның нәтижесі, нақты экономикаға үлесі. Бұл жерде жұмыс негізінен үш бағытта жүргізіліп жатыр. Бірінші, еліміздегі экономиканың өзін ғылыми ізденіске негіздеп, соған сәйкес өнім шығару. Неге десеңіз, біздегі кейбір салаларда ғылымның үлесі мүлдем көрінбейді. Екінші бағыт – ғы­лымға мемлекеттен бөлініп жат­қан ақшаның тиімділігі. Бұл бағыттағы жұмыс жаңа заң шеңберінде іске асырылып отыр. Жаңа жылда күшіне енген заңда жаңадан қаржыландыру тетіктері айқын көрінбесе де, мұнда назар аударатын дүниелер бар. Мәселен, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде өңірлерде аймақтық ғылыми кеңестер құрылып жатыр. Кеңестердің жұмысын ұйымдастыру, керек болса Бюд­жеттік кодекс ішінде қаржы бөлу, соған сай әкімшілік шаруа­ларды үйлестіру – жаңа үлгідегі қол­ға алған бағытымыз. Кезекті мәселе – ғы­лыми жетістіктерді бағалау. TRL арқылы бағалаудың нәтижесі қаржыландыру дең­гейін де өзгертеді. Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылғандықтан, Жоғары техникалық комиссияның да жұмысы өзгеше жанданады. Байқасаңыздар, комиссияға қазір еліміздегі белді компаниялар мен кәсіпорындарының басшылары мүше болды. Жыл бойы ғылыми сессиялар, хака­тондар ұйымдастырып, ғылыми-тех­ни­калық тапсырмалар бекітілді. Енді соңғы бекітілген құжаттарға қарасақ, биылғы бөлінетін бағдарламалық қар­жыландыру бағытындағы қаражаттың кемінде 10 пайы­зы сол тапсырмаларға сәйкес болады. Ал осы тапсырмалардан екі мәселе шығады. Бірін­шіден, ғылыми мекемелердің осы тап­сырмаларды орындауға қан­ша­лық да­йын екені. Соған сәйкес, қажетті қаржы­ның бір бөлігін зертханалық жабдықтарға жұм­сау, бүкіл қызмет көрсету жүйесін қалыпқа келтіру керек болады. Әлгінде ай­тылған патент болса да, қандай да бір ғылыми жаңалық өндіріске енгізілген­нен кейін ғалымдардың құқықтары қорға­лып, жалақысына қоса лайықты роялитиін алып отыруға жағдай жасауды қажет етеді. Ал­дағы талқылауда енді Ұлттық ғы­лым академиясының жұмысын жетілдіруге мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізуге тиімді ұсыныстарды қабылдауға министрлік ашық.

 

Мүсілім ХАСЕНОВ, Ұлттық ғылым академиясы жанынан құ­рылған Жас ғалымдар кеңесінің омбудс­мені, құқықтану PhD:

 – Бүгінде ғалым мамандығы тұрақты және тартымды, заң­ды қорғалған болуы керек. Мем­­лекеттің міндеті – осыған қа­жетті барлық жағдайды жасау. Мұның іргетасы әлбетте заң болады. Қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңында отандық ғылымды дамытуға, басқару, қаржыландыру, ғалымдарды әлеуметтік тұрғыдан ынталандырудың бірқатар тиімді тетігі айқындалды. Бұл алға қарай жасалған бір қадам болды. Алайда ғылымды әрі қарай да ілгерілету үшін, сонымен қатар тұтас ғылым саласы мен ғалымдар кезігіп отырған мәселелерді және ғалымдардың басқа бағытқа кетуін, білікті кадрлардың шетелге ағылуын азайтамыз десек, алға бағыттайтын кемі екі қадам жасауға тиіспіз. Мәселен, бізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанын оң тәжірибе ретінде қарастыра аламыз. Кейбіреулер «Білім туралы» заң тұрғанда педагогтің мәртебесін анықтайтын екінші заңның қажеті қанша?» деуі мүмкін. Бірақ идеологиялық, сая­си жағынан алғанда бұл – жастарды са­ла­ға тарту үшін өте орынды және ма­ңызды шешім. Немесе екінші мысал, ТМД-да Үкіметаралық Ассамблея 2008 жылы қабылдаған «Ғалым және ғылыми қызметкердің мәртебесі туралы» заңы бар. Ғылыми қызметкердің құқықтық мәртебесі басқа ешқандай мамандықта жоқ академиялық еркіндіктен, әлеуметтік және зияткерлік құқық­тан тұрады. Осы үш маңыз­ды аспектіні заң тұрғысында реттеу үшін бізге де болашақта ғалым­дардың мәртебесін айқын­дайтын бөлек заң қажет. Бірақ әзірге қолданыстағы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң­ға «Ғалым және ғылыми қызметкердің мәр­тебесі туралы» арнайы бөлім енгізген жөн. Бұл өз кезегінде ғалым мамандығы мемлекеттің қамқорлығында екенін көр­сететін белгі болар еді. Қолданыстағы заңға енгізуді ұсынатын тағы бір өзгеріс академияның құзыретіне қатысты болып отыр. Заңда Ұлттық ғылым академиясы еліміздегі ең жоғары ғылыми орган ретінде көрсетілгенімен, бұл мәртебенің нені білдіретіні анық жазылмаған. Бүкіл әлемде академия өзін-өзі басқаратын, дербес, тәуелсіз ұйым саналады. Біз осындай құзыретті заңға енгізуді ұсынамыз. Екінші, қазіргі таңда Ғылым және жоғары білім министрлігі академиктерді сайлау талаптары мен қағидаларын әзірлейді және бекітеді. Дәл осы жайт әлемдік үздік тәжірибеге, ұстанымдарға қайшы келеді. Өйткені академия ең жоғары ғылыми орган ретінде мұндай талап пен қағиданы өз бетінше әзірлеп, бекіте алады. Одан кейін қолданыстағы заңның «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қыз­метті басқару» деп аталатын 18-бабында басқаруды жүзеге асыратын бірқатар орган көрсетілген. Соның қатарында академия жоқ. Ал мұнда аталған бірқатар орган стратегиялық, сараптамалық және әкім­шілік функциялардың бөлінуін сақтай отырып, Қазақстан Республикасында ұлттық ғылыми жүйені дамыту және оның жұмыс істеуі мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті басқаратыны көр­сетіл­ген. Бір қызығы, академияның сараптамалық қызмет көр­сететіні заңда белгіленген. Осы олқы­лық­тың орнын толтыруды ұсынамыз.

 

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ:

 – Жүйеде (бірқатар орган қатарында – ред.) министрліктің өзі де бар емес пе?

 

Мүсілім ХАСЕНОВ:

 – Иә, мұнда Президент, Үкімет, Жоғары ғылыми-техникалық комиссия, Үкімет жанындағы Технологиялық саясат жөніндегі кеңес, апелляциялық комиссия, ұлттық ғылыми кеңестер, уәкілетті, сала­лық уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар бар, бірақ академия жоқ. Бұл жерде қателік кетіп қалған шығар, біз осыны түзетуді ұсынамыз.

 

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ:

 – Білмеймін, бұл тұста сізге қарсы уәж айтар едім. Меніңше, ака­демияны мем­лекеттік орган­ға араластырудың қажеті жоқ. Мұнда уәкілеттер мен мүм­кін­­дік­терді нақты, анық бөлу керек.­ Егер жауап­кер­шілікті тым көп ала бер­сеңіздер, ертең өздеріңізге қиын тиюі мүмкін. Ғалымдарды қорғау міндетін де академияға беруді қалай­сыздар, онда министрлік неге отыр? Үкіметтің құрамына кіретін мемлекеттік ұйым ел көлемінде жоғары құзыретке ие. Дәл осы мекеме саладағы мамандарын, ғалымдарды қорғауы керек. Академиктерді сайлау та­лаптарын, қағидаларын әзірлеп, бекі­туді академияның өзіне беру дегенмен келісемін. Академикті академиктер сай­лауға тиіс, оған өздері жауап береді. Бірақ кез келген бюрократиялық шаруаларға ғылыми органның араласуын жөн санамаймын. Бұл керісінше тығырыққа тірейді. Әрине, жеке пікірім, қателесуім де мүмкін.

 

Мүсілім ХАСЕНОВ:

 – Иә, талқылау қажет. Де­сек те біздің ұстаным – бәрі­бір де академияның өзін-өзі бас­қа­руына жағдай жасау. Заңға енгізуді қажет ететін тағы бір ұсынысымыз – ака­демиктердің ғылыми бағдарламаларын қаржы­лан­дыру мәселесін қарастыру. Содан соң заңда Ұлттық ғылым академия­сының жанынан жұмыс істейтін арнайы лауазымды тұлға – ғалымдар мен ғы­лыми қызметкерлер­дің құқықтары жөніндегі уәкіл (ғылыми омбудсмен) болуы керек. Қазақстанда омбудсмен институты оң нәти­желер көрсетті, бұл – бала­лар омбудсмені, әлеуметтік омбудсмен, бизнесомбудсмен, инвестициялық омбудсмен, сақтандыру омбудсмені және басқа­лар. Осы қатарды ғылыми омбудс­менмен толықтыру ғалымдар мен ғы­лыми қыз­мет­керлердің жағдайын жақ­сартады, мем­­ле­кеттің осы кәсіп өкіл­де­ріне деген қам­қор­лығын көрсетеді. Тағы бір маңызды ұсы­ны­сымыз – ғалым мамандығына деген оң көз­қа­рас қалып­тас­­т­ы­руды күшейту. «Ха­лық­­тың сүйіктісі» ұлт­тық сыйлығын­да 13 жыл бойы ғалым немесе ғылыми қыз­­мет­кер аталымы болмаған. Жақында ғана қосылды. Мем­ле­кеттің ғылымға деген қол­дауын сезіп, көріп келеміз, десек те, менің­ше, ғалымдар қоғамда әлі де лайық бағасын алмай отыр. Мұндай мә­селе де заң жүзінде оң шешімін таба ала­­ды. Депутаттардан осы және жоғарыда атал­ған ұсыныс­тар­ды қолданыстағы заңға енгі­зу­де қол­дау көрсетіп, белсенді болуды сұ­рай­мыз.

 

Дархан АХМЕД-ЗАКИ:

– «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң әзірленген кез­де академияны жо­ғары ғы­лы­ми орган ретінде енгізуге қа­­тыс­ты «Неге бұл жоғары орган болуға тиіс? Органның мәр­те­бесі қайсы?» деген сұрақ­тар қо­йылды. Қамқоршылық ке­ңес­тің, заңда жазылған іске асыру ме­ха­низмі шама­мен Назарбаев уни­вер­ситетінің, Назар­баев қоры­ның қағидаларына балама сияқ­ты. Біз министрлік тарапынан толы­қ­тырудың, түзетудің қажет екенін, осы­лайша, өзін-өзі басқару мүмкіндігі бар қам­­қор­шылық кеңес деңгейінде біраз құзырет беру керегін түсініп отырмыз. Осыған қатысты ұсынысты орынды деп бағалаймын.

 

Мақсат ЖАБАҒИН, Ұлттық ғылым академиясы жа­нын­дағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы:

 – Біз аталған заң жобасын бір жыл бойы талқыладық. Иә, әлбетте Президенттің бас­тамасымен ғалымдарға жасалып жат­қан мемлекеттің қолдауларын гранттар, сыйлықтар, стипендиялар, әлеуметтік көмектер арқылы көріп отырмыз. Десек те «Жас ғалым» ұғымы әрдайым қалыс қалып қоя береді. Бұл болашақта түрлі әлеуметтік мәселені шешуде қиындық тудырады. Сол себепті аталған ұғымды заңға, заңнамалық актілерге, бұйрықтарға енгізуді қажет етеді. Ал академияның мәртебесі туралы мәселеге келсек, мұны Ұлттық құрылтай отырысында да айттым, рас, дербестікке жетіп қалдық. Дегенмен акаде­мия­ның қаржылық құқы­­ғын заңнан оқысаңыз, іс жүзінде министр­лікке байланып қалғанын ұғасыз. Меніңше, академия Президентке тікелей бағынатын жоғары ұйым болғандықтан, министрлікпен таразының тең тұсында тұрып, әрекет ете алатындай жағдай жасалуы қажет. Мұндайда пікірталастар мен қайшылықтар туып, тығырыққа тірелеміз деп ойламаймын, керісінше академия дербес ұйым ретінде ғалымдардың құқын қорғай алатын құзыретке ие болса, министрлікке бағынышты институттар мен жоғары оқу орындары ішкі қарсылықтарын, келіспеушіліктерін біз арқылы жеткізіп, мәселесін шеше алады.

 

Еламан АЙБОЛДИНОВ, Ғылым және тех­­­­но­­­логиялар жөніндегі ұлт­­тық кеңестің мүш­е­сі:

 – 2010 жылы кандидаттық диссертация тоқтаған кезде бірінші жылдан бастап 150 докторант қабылданатын. Қазір жыл сайын 2 мыңнан аса докторант даярланып жатыр. Президент докторантурада оқитын студенттердің санын 5 мыңға дейін ұлғайтуды тапсырып отыр. Қазір білім алып жүрген докторанттарға қарасаңыз, бір жағынан оқып, екінші жағынан жұмыс істейді. Университеттердегі проректор қызметі, әкімшілік жұмыстар, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар секілді ұйымдарда, әйтеуір ғылымға қатысы жоқ бағытта еңбек етеді. Мұндайда қайдан ғылыми жоба пайда болады, қайдан сапа қалыптасады? Осы мәселені заң жүзінде реттеуді ұсынамын. Себебі бізге нақты ғылыммен айналысатын мамандар керек.

 

Әсия ЕРМҰХАМБЕТОВА, Ұлт­тық кеңес­тің және академия жа­нын­дағы Жас ға­лым­­­дар кеңесі төралқасының мүшесі, «Young researchers alliance» төрайымы:

 – Гранттық қаржыландырудың қан­шама жыл бойы шешілмей келе жатқан шаруалары дендеген дертке айналды. Қаңтардың басында ғана осы жылға Жас ғалымдарға арналған грантқа құжат тап­сырып болдым. Өтінім әлі формалды тексерісте. Әрине, біз құжатта грант­тық жобаның қаңтарда басталғанын көрсетеміз, бірақ сараптама өткізілмеді, осыншама жұмыс жүргізіліп біткенше жаз болады. Сөйтіп, биыл да ең аз деген­де грант қаржысын маусымда алуымыз бек мүмкін. Біздің альянсқа мүше зерт­теушілердің тәжірибесінен білемін, кейбір университеттерде былтыр қазан, тіпті қараша айында алғандар болған. Сонда бұл жоба бізде үшжылдық емес, екіжылдық қана болады. Өйткені грантқа жобаны өткіземін, тексертемін, бәрінен өтіп, қаржы аламын дегенше осы болады. Өткен жылы жалпы конкурста грант жеңіп алған жоба жетекшісі, яғни ғалым үшжылдық грант аясында докторант даярлауға міндетті болатыны хабарланды. PhD даярлауға кемі үшжылдық оқу керек. Ал грант пен докторанттың оқу мерзімі бір-бірімен сәйкеспейді. Түптеп келгенде, 3 жылға берілетін бір гранттың аясында докторант­ты даяр­лау мүмкін емес. «Ғылым туралы» заңның редакция­сына ғылыми жобалардың уақы­тын 5 жылға созу туралы өзгеріс енгізіл­ген. Мұндай ұсы­нысты, қателеспесем, ­2020 жылы Президент те айтқан. Бірақ іс жүзінде жұмыс істемейді. Мұның себе­бін министрлік қанша мәрте түсіндірді, алайда қайткенде де мәселенің нүктесін қою керек қой. Ғалым өзінің жұмысына, қосымша жеңіп алған гранттық жобасына, жылдар жұмсалатын ғылыми мақаланы жазу, шығаруға жауап берумен қатар, енді докторанттың диссертациясын жазбақ па? Біз осыған әкеліп отырмыз, өйткені докто­рант ертең қорғамай қалса, тағы сол грант алған ғалым кінәлі. Дәл осы тиімсіз жүйе докторанттардың ғылыми жетекшісіне қалағанын жасатып, ойындағы жалақы­сын қойғызуына жеткізуі мүмкін. Себебі докторант болмаса, грант болмайтынын біледі. Осы түйткілді заңға өзгеріс енгізу арқылы түбегейлі шешу керек. Тым болмаса жобаның уақытын созу қажет.

 

Дархан АХМЕД-ЗАКИ:

 – Бұған бірден түсініктеме бере кетейінші. Бюджеттік кодексті қарас­тыр­ғанда ғылыми жобаларға 5 жылдық мерзім енгізуді ұсынғанбыз. Мұнда екі маңызды мәселе бар. Біріншіден, өкінішке қарай, бізде қазір бұрынғыдай ұзақжылдық жос­парлау жоқ. Бұл – үш жылдан аса уақыт алатын жобаны жай ғана қабылдамайды деген сөз. Егер біз өзімізге үш жылдан аса жобаны іске асыру міндетін алсақ, Қаржы министрлігіне қарасты Қазынашылық комитетіне келісімшартты көрсетуіміз керек. Қаржы министрлігі не дейді? «Бұл Бюджет кодексіне сай келмейді» дейді. Екіншіден, әр өңірге барған сайын бізге де докторант даярлау туралы сұрақ қояды. Сіздерге гранттық жобаға міндетті түрде бірінші курстың докторантын алуды жазбаған ғой, 2-3 курстың студентін қосуға да болады. Ал докторант пен ғылыми жетекші арасында туындауы мүмкін жайтты қарастыруға келеді.

 

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, Экономика инс­ти­­­тутының бө­лім меңге­рушісі:

 – Елнұр мырза жоғарыда патенттеу туралы мәселені орынды көтерді. Осыған қоса кеткім келеді. Иә, өнертабыстарды патенттеу керек, алайда Интеллектуалды құқық туралы заңға қарайтын болсақ, патент­теуге кемінде 5-6 жыл кетеді. Біздің жоба­лар үш жылды ғана қамтиды. Қо­ғамдық, гуманитарлық, әлеуметтік сала­­лар­­дағы ғылымдарға келетін болсақ, мұн­да патенттеу тіпті қиын. Өйткені атал­ған салалардағы ғы­лыми зерттеулер нәти­жесі па­тенттеуге көбіне келмейді, қоры­тын­дысы негізінде әдетте мем­лекеттік саясатқа ұсыныс да­йындайды. Ал осы әлеуметтік, эко­номикалық, идеологиялық, тағы басқа да бағытта ғылыми негіз­дел­ген өте көп ұсыныс сол жоба деңгейінде қалады. Мүм­кін әкімшіліктер­­мен, ми­нистр­ліктердің әлеуметтік, эконо­ми­калық, қоғамдық блок­тағы жобалармен айналысатын ғалымдармен бірлес­кен орталық па, әдістемелік бір тетік керек. Қаншама ғылыми зерделенген жобаның нәтижесіндегі ұсыныстар биліктің шешім шығару ісіне енгізілмей жатады. Содан кейін тағы бір мәселе мынада, біздің әкімшілік үкіметтік емес ұйымдар­мен (ҮЕҰ) тығыз жұмыс істейді. Сондай ұйым­дардың мемлекеттік тапсырыспен жасал­ған зерттеулерін қарасаңыз, жыл сайын қайталанатын сауалнама әдістері мен техникалық тап­сырмалар. Дәл сол ҮЕҰ тақы­рыптарын біздің ғылыми институттар да зерттейді. Институттар мен ҮЕҰ-ға бөлінетін қаржы көлемін қарасаңыз, жер мен көктей. Институттар ірі іргелі зерттеу жүргізеді, бірақ жұмысы жылы жабылып қалады. ҮЕҰ 2-3 айлық жоба жасап жылдық бюджетін жауып жатады. Мен олардың жұмыс істеуіне қарсы емеспін, бірақ ортақ тақырып болғанда неге бір­лесіп зерттемеске? Біз ҮЕҰ-ға шыға ала­мыз, ондағылар «Міне, бізде мына­дай үлкен лот бар. Соның ішінде 5 млн теңгеге зерттеу жасауды ұсынамыз», дейді. Бұл деген абсурд қой. 5 млн теңгеге үлкен жоба жасалмайды, мұның артында негізгі бюд­жет 70-80 млн теңгеге дейін баруы мүм­кін. Қолданысқа енгізілген заңның атауы «Ғылым және технологиялық саясат туралы». Бірақ ішінде әлеуметтік саладағы ғылыми нәтижелерді пайдалану жөнінде тетік жоқ. Заңға өзгеріс ретінде енгізуге болатын келесі ұсынысым грантқа қатысты болып тұр. Біз гранттық қаржыландыруға небір мықты жобаларды ұсынамыз, бұған елдегі, шетелдегі сарапшылардан өте жақ­сы балл аламыз. Ақыр аяғына келгенде сапасына емес, бюджет көлеміне қарай грант тізіміне енгізбей тастайды. Сөйтіп, үздік жобалар ауада қалып қояды. Бюджеттің тапшылығынан ғана өтпей қалған жобаларды келер жылы қайтадан ұсына алмаймыз, плагиат деп санайды. Жобаны әзірлеуге қаншама уақыт, күш жұм­саймыз, мүлдем іске асырылмаған жұ­мысты плагиат дейді. «Мына жобалар бюджет болған соң өтті, мына жоба­лар барлық кезеңнен сәтті өткенімен қар­жы­ның тапшылығына байланысты өтпеді, мұны келер жылы қайта ұсынуға болады», деп жіктеудің жүйесін жасауға болады ғой. Ғалымдар үшін бұл да өзекті мәселе, заң жүзінде шешімі табылса, құба-құп. 

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше