
Не құдіреті бар екен, домбыра күмбір еткенде, күн сәулелі қазақ даласы көз алдыңа келіп тұра қалатын. Осы ән басталғанда. Сосын әрі қарай құдіретті дауыс тыныс алып, қуатты ағынымен жетелей жөнелетін. Туынды қай уақыттан бері шырқала бастағанын білмедік, алайда бейнебаян ретінде экраннан еліктірген уақыты – екімыңыншы жылдардың басы болса керек. Қас-қарая үйге кіргенде көңіл қойып тыңдайтынымыз осы туындының бейнебаяны. Клипінің өзі киноға бергісіз әсерге бөлейтін. Бұрындары Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңін оқып өскен жеткіншекке анық сурет, қапысыз қойылым. Хакім «көлеңкесі түседі көкейіңе, әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң» деуші еді ғой. Мына әнді көмкерген бейнебаян да қансонарда саят құрғандарды кадрға тартқан. «Ыңғайлы, ықшам киінген» төрт аттылы тазыларын ертіп, қырандарын қондырып шыға келгенде ғана қазақ даласының сәні кіргендей. Оның үстіне, дүниені «Дариға-дәуреннің» ғажабы тербеп тұрса. Ән даңғайыр даланы көшірердей ессіз еліктірмейді, «көңілге түрлі ой салады». Тым арғы дәуірлерден жеткен әуен «құлақтан кіріп, бойды алып» жүйке-тамырларыңа жан бітіреді. Қайбір уақыттан бері ұйқыда жатқан жасушаларға дем салады. Астыңдағы ат алшаң басып, омырауымен қарды қаққа айыра желе жөнелгенде, жануардың жалындағы ағысқа жүрек қағысы қосылып, тымақты алшысынан киген атам қазақ баласы да айдынданып кетпей ме?
Иә, әншінің дауысын айт, сөздің байлауы мен саздың сиқырына үңіл. Мұндай терең толғақты әуенді Құдай Тұрсынжан Шапайдың кеудесіне, дүниені бауырына алған мұндай сәулелі сөзді Тәңір Несіпбек Айтұлының зердесіне түсіріп, бұлбұл үнді Рамазанның күміс көмейіне қондырғанының өзі тегін дейсіз бе? Бәрі ретімен қиюласып тұр. Осылай қылайын десе де, реті келе қоймайтын құбылыс тек Құдайдың қалауымен ғана дүниеге келеді. Тіпті ән емес, терең тынысты қалың ой қанатын қағып жіберіп қазақ даласының аспанына арқау болғандай көрініс кеңістікке жетелеп бара жатады. «Аққу-қаз әуелейді қалықтаған, Қайтейін, қанатым жоқ – қалып барам» деген жолдар әуен сырымен матаса келе көңілге орныққанда, адамзат баласының күллі арман-аңсарына тіл біткендей және сол аяулы сезім жолында адасқан жүректің өкініші мен қапасы қоса қылаң ұрады. Мұнда терең толғақты өмір сыры мен осындай мән бар. Мыңжылдық сарындар мен нақыстар тудырған қасиетті рухтың қайнар көзі әншінің көмекейінен аттанып, енді тыңдарманның көкірегінде өмірін жалғастырады. Мүмкін естір құлақ біткен жанның ұғынардай саңылауы болса, өзімен қоса оның да өмірін ұзартады. «Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге, Жылатып жалғыз қалай алып қалам» дегенді ақын қалай қиналмай айта салған. Ұрмай-соқпай екіге бөлінген адам жанының тағы бір бөлінбесі басқа дүниені кезіп жүрген шығар, біз білмейміз ғой. Мұнша жылап, мұнша тебіреніп тұрған жан баласы өзінің осыншама құдіретті екенін түсіне алмауында боп тұр ғой бар гәп. Және де сол құдіреттің бәрін әуен де тап басып, көңіл ауанын жанды жерінен ұстайды. Ән емес, тұтас дәуір көшіп келеді көз алдыңа. Оны қабылдап алуға да деңгей керек, әрине.
Бір сұхбатында Рамазан Стамғазиев «Дариға-дәурен», «Арман», «Сәуле-ғұмыр» әндеріне тоқталыпты: «Тұрсынжан ағаның триптих дүниесі ғой. Ол кісі былай дейді: «Адам өмірге келгенде арманға бой алдырады, содан кейін дәуренін сүреді, өмірден өткенде соңында сәулесі ғана қалады». Осы әндер айтылған жерде менің есімім аталады. Несағаңның, Тұрсынжан ағаның есімі аталады. Бәрі де – еңбектің нәтижесі. Талай авторларды көрдім, «әнімді, әйтеуір, шығарсаң болды» деген. Бұл кісілерде ондай атымен жоқ. Күнімен, түнімен, таң атқанша бір сөзге таласып отырған кездері болған. Бір сөздің өзін ақынға алты-жеті рет жаздырған. Үш адамның ортасында қайнаған ән өте бір қайнауы бітік, көбігі алынған, жетеріне жеткен ән болды. Жететін жеріне жеткізіп барып шығарған дүниені осы кісілерден көрдім. Сөз қадірін осы кісілерден үйрендім», депті. Әрі қарай айтқан артық, көңіл қойып тыңдау керек.