Қоғам • 05 Ақпан, 2025

Сайланған әкім қызметіне сай ма?

860 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жергілікті жерлердегі түйіні тарқатылмаған көкейкесті мәселелерді шешу барлық деңгейдегі әкімдердің біліктілігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне және халыққа жанашырлығына һәм мемлекетшілдігіне байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік қызмет саласында жүзеге асырылып жатқан реформа әкімдерді халыққа жақындата түсті. Алайда алға қойылған маңызды міндеттерді орындауда олардың бәрі бірдей тиімді жұмыс істеп жүр деу қиын.

Сайланған әкім қызметіне сай ма?

Сурет: abai.kz

Бұған Мемлекет басшысы Үкіметтің биылғы 28 қаңтарда болған кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде келтірген деректер айғақ. Былтыр Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан аса өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органға шамамен 4 млн өтініш жолдан­ған. Бір жағынан, бұл жұрттың Пре­­зи­дент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді, ал екінші жағынан, азаматтардың өтініштері мемле­кеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әкімдерді тікелей сайлау­дың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – 2,5 мыңнан аса басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұ­рын мемлекеттік қызметте жұ­мыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешен­ді дайындықтан өткізу мәселе­сі өте өзекті болып тұр. Үкімет­ке Мем­лекеттік қызмет істері агент­тігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын», деді.

Биылдан бастап ауылдар­дың ғана емес, еліміздегі бүкіл ауданның әкімдері жергілікті билік басына сайлау жолымен келетін болғандықтан, аталған жобаның маңызы тіпті арта түспек. Өткен жылы қанатқақты режімде өткізілген 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау нәтижесі осындай ойға жетелейді. Себебі сайлау баламалы негізде болып, бір орынға кемінде екі-үш кандидат таласқан. Бұл үрдіс алдағы уақытта жалғасын тауып, сайлаушылар көңілін тапқан үміткер­лер жеңіске жететіні анық. Бірақ олардың бәрі бірдей жұртқа берген уәдесін орындай алатын қайраткер тұлға болатынына ешқандай кепілдік жоқ. Осы ретте Аристотельдің «Демос (халық) та өзінше бір монарх болғысы келеді. Сондықтан да олардың алдында жарамсақтар құрметке ие болады. Өйткені демагог – халыққа жарамсақтанушы емес пе?» деген сөзі ойға оралады. Ұлы ойшылдың көрегендігін қазір Еуропаның кейбір елдеріндегі сайлауларда популист саясаткерлер жеңіске жетіп жатқаны айғақтайды. Осындай келеңсіз құбылыс еліміздегі ауыл әкім­дерінің сайлауы барысында пайда болғаны да белгілі.

«Ауыл әкімдерін сайлау науқаны басталғаннан кейін көп ұзамай, Сенатта қызмет істеп жүрген кезімде осы жаңашылдықтың шынайы нәтижелерін нақты білу үшін жеке көлігіммен Қарағанды облы­сының Ұлытау және Жаңаарқа аудандарына барып, жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен кездесулер өткіздім. Олардың алдағы уақытта нендей шаруалармен айналысатынын сұрадым. Көбі өз округтеріне қарайтын елді мекендерді ауыз­су­мен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, көшелерді жарық­тандыру сияқты мәселелерді көтеретінін айтты. Кезек жасы қырықтан асқан жігітке келгенде ол: «Біздің ауылдың атын өзгертіп, бір атамыздың есі­мін бергізуді қолға аламын», деді. «Одан басқа қандай іспен айна­лыспақсыз?» деген сауалыма жауап бере алмай, үнсіз қалды. Бір ауылдың тағдыры сеніп тапсырылған әкімнің деңгейі осындай болып шықты. Мұндай кездейсоқ адамдардың ауыл әкімі болып сайланып кетуінің себебін сұрастырғанымда, аумақтық сайлау комиссияларының басшылары кей жерлерде әлі күнге ата-атаға бөлінушілік барын айтты. Соның кесірінен кейде қолынан іс келе­тін азаматтардың жолы бол­­­май, аталастарының саны көп ша­л­ғай біреулер жеңіске же­тіп жатады екен», деген еді біз­бен сұх­батында Орталық сайлау комис­сия­сының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Әділін айту керек, ауыл әкімдерін сайлауда оң мысалдар да аз емес. Мәселен, Атырау облысындағы әйгілі Сарайшық ауылының белсенділері бұрын­ғы ауыл әкімнің жұмысы­на көңілі толмағандықтан, оның орнына сайлайтын адамды өз­дері іздепті. Ауылда сенім арта­тын­­дай кадр көрмеген соң аудан әкімінен лайықты кандидатураны тауып беруді өтінген. Ол ауданның Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы болып істеп жүрген Жексенбай Пазыловтың канди­датурасын ұсынған. Бұған Сарай­шықтың жігіттері намыс­танып, өз орталарынан үш үміт­кер шы­ғарған. Баламалы сайлау қоры­тын­дысында ауылдың дауыс беру құқығы бар тұрғындарының 74 пайызының дауысын алған Жексенбай жеңіске жеткен.

Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Құтарыс ауылы­ның белсенділері мен ақсақал­дары да ақылдаса келіп, ауыл әкімі­нің сайлауына түсуге аудан­ның Жолаушылар тасымалы және көлік бөлімін басқарып жүрген Мырзахан Керімбековті шақырған. Бұған келіспеген ауыл жігіттері өз араларынан 4 үміткер ұсынған. Бірақ баламалы сайлау­да Мырзахан сайлаушылардың 76,1 пайызының дауысына ие болған. Бұл мысалдар ата мен ру­дың мүддесін емес, тұтас ауылдың мүддесін көздеген оң үрдіс те қалыптаса бастағанын көрсетеді.

Қоғамда «Ауыл әкімі болу үшін жоғары білімнің қажеті жоқ. Өйткені кей ауылдан жоға­ры оқу орнын бітірген лайықты маман табу оңай емес» деген пікір де айтылып жүр. Бұл ретте Нұрлан Әбдіров: «Өңір­­лер­де бол­ғанымызда осы мәселе­ге жұрт­­шылықтың, әсіресе жастар­дың көзқарасы қандай екеніне арнайы назар аудардық. Олардың 99 пайыздайы ауыл әкімі­нің міндетті түрде жоғары білімі болуы керек деп санайды. Себебі төртінші бюджет, яғни ауылдық әкімдіктердің бюд­жеті енгізілгеннен кейін ауыл әкімдерінің қолданыстағы заң­на­ма­ны білу қажеттілігі еселеп артты. Оның үстіне заңдардағы өзгеріс­терді де қалт жібермей, қадаға­лап отыру қажет. Жоғары білім сол үшін керек. Қазіргі уақыт­та ауыл әкімдеріне жо­ғары білім­нің өзі де аздық етеді. Сайлан­ған әкімдерді Президент жанын­дағы Мемлекеттік қызмет акаде­мияс­ының жанындағы арнайы дайындық курсынан өткізу қажет», деген еді.

Шынтуайтында, ауыл мен аудан әкімдері ғана емес, өңір­лер мен орталық мемлекеттік орган­дардың жаңадан тағайын­дал­ған бірінші басшылары да ал­дағы уақытта ашылатын «Әкім­дер мектебі» оқыту жобасына қатыс­тырылса, артық емес. Өйт­кені олар, негізінен, экономика сала­сы­ның білікті мамандары бол­ға­ны­мен, кейбіреулерінің саяси білімі жетіспей жататынын көріп жүрміз. Сауал қой­ған бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдеріне әдеппен жауап берудің орнына, дүрсе қоя беретін жоғары лауазымды шенеуніктер кездесіп қалатыны да – соның айғағы.

Түйіндей айтқанда, Мемлекет басшысының «Әкімдер мектебін» ашу туралы бастамасы – өмірлік қажеттіліктен туындаған шешім. Қалай болғанда да халық сеніміне ие болған әкімдерді және әртүрлі деңгейдегі басшы кадрларды арнайы дайындықтан өткізіп, білімі мен білігін арттырудың қажеттігі сөзсіз.