Алматы • 05 Ақпан, 2025

Мемлекеттік орталық музейдің жаңа тынысы ашылды

342 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жылдың басы Алматыдағы қос бірдей тағылым ордасы үшін ақжолтай жаңалықпен басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейіне және Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне Ұлттық мәртебе беру туралы жарлыққа қол қойғаны мәлім. Осы орайда халқымыздың тарихи-мәдени мұрасының бай қоры сақталған Мемлекеттік орталық музейдің өткені мен бүгініне қысқаша шолу жасаған едік.

Мемлекеттік орталық музейдің жаңа тынысы ашылды

Рухани астанамыз Алматының төрінде сән құраған сәулетті мұражайдың тарихы тереңде жатыр. 300 мыңға жуық құнды жәдігер сақталған тағылым ордасы халқымыздың тарихи жадын жаңғыртып, ұлтымыздың мәдени болмысын дәріптеп келеді. Музейдегі қор коллекцияларының жинақталу тарихы ХІХ ғасырдың 30-жылдары «Орынбор өлкесінің музейінен» бастау алады. 1921 жылғы ҚАКСР басшылық қаулысымен Орталық Қазақ өлкетану музейі құрылып, оған Орынбор өлкесі музейіндегі коллекциялардың бір бөлігі берілген. Музей 1929 жылы Қазақ Автономиялық республикасының жаңа астанасы – Алматыға көшіп келіп, Вознесенский кафедаралды шіркеуінің ғимаратына орналасты. Ал 1944 жылы Қазақ КСР Орталық Мемлекеттік музейі деп аталды. Музейдің қазіргі орналасқан ғимараты 1985 жылы архитектор Ю.Ратушный, З.Мустафин және Б.Рзагалиевтың арнайы жобасы бойынша салынып, бүгінгі күні Алматы қаласындағы көрікті архитектуралық ғимараттардың бірі саналады.

Музей қабырғасында танымал тарихи тұлғалар еңбек етті. Атап айтар болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлкей Марғұлан, Әбілхан Қастеев, Әбусағит Жиренчин, Александр Бернштам, Юрий Домбровский, Владимир Даль, Николай Хлудовтар әр кезеңдерде мұнда жұмыс істеген.

Бүгінде музей қорында ежелгі дәуірлерден бастап тәуелсіз мемлекеттіміздің қазіргі табыстарына дейінгі тарихынан сыр шертетін материалдық және рухани мәдениет құндылықтары жинақталып, алты экспозициялық зал мен көрме галлереясы арқылы көрермендерге насихатталып жатыр.

А.Октябрь

2006 жылдан бастап музей ғылыми-зерттеу мекемесі статусын иеленген. Ғылыми және қор сақтау бөлімінің қызметкерлері музей қорындағы материалдарды зерттеу және дәріптеуге бағытталған ауқымды істермен шұғылданып келеді. Бүгінде археология, антропология және этнология, тарих, музейлік деректану және қолжазбаларды зерттеу бөлімдері жұмыс істейді. Олар музей қорының материалдары мен өзге де отандық және шетелдік музейлердің, мұрағаттардың дереккөздері негізінде түрлі ғылыми жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Мемлекеттік орталық музей директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон музей ұжымы Ұлттық мәртебе беру туралы сүйінші жаңалықты қуанышпен қабылдағанын, бұл өз кезегінде мемлекеттің тарих пен өнерге, тұтас алғанда ұлт мәдениетіне жасаған қамқорлығы деп есептейтінін жеткізді.

«Мемлекет басшысы 2024 жылғы 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде еліміздегі екі басты музейге ұлттық мәртебе берілетінін атап өткен еді. Айтқандай-ақ музейдің Ұлттық мәртебесі ресми түрде бекіп, екі ғасырлық тарихы бар мәдениет ордасы лайықты табысқа қол жеткізіп отыр. Ең алдымен Президентімізге, Мәдениет және ақпарат министріне зор алғыс айтқымыз келеді. Өткенге салауат айтпай, келешекке керуен тарту мүмкін емес. Мәдениет пен тарихты зерттеп-зерделеуде, халқымыздың рухани өмірінде біздің музейдің алатын орны ерек. Көнеден қалған қастерлі жәдігерлерді қаз-қалпында сақтап бүгінге жеткізген, нешелеген рухани-танымдық іс шаралардың ізашары болған ұжым уақыт сұранысына сай қарқынды қызмет етіп келеді. Жылдар жылнамасында музей тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азия елдері мұражайларының флагманы болды деп айта аламыз. Музей ғылыми зерттеу және мәдени білім бағыттарын қолға алып, осы күнге дейін қыруар жұмыс атқарды, еліміздегі және шетелдердегі мәдени іс-шаралардың бел ортасында болды. Өзге мемлекеттермен мәдени ынтымақтастық орнату, ғылыми тәжірибе алмасу ісінде де айтулы табыстарымыз бар. Осы жұмыстардың нәтижесінде шетел қорларында сақталған бірқатар тарихи жәдігерлерді елге қайтару мүмкіндігі туды. Музейге ұлттық мәртебе берілуі қызметкерлеріміздің әлеуметтік әл-ауқатына да оң әсерін тигізеді деп үміттенеміз. Ұлттық игілігімізді сақтауда музей ұжымының жұмысы жандана бермек», дейді ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон.

АЛМАТЫ