
Қасым-Жомарт Тоқаев қасиетті Сарайшықта өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөйлеген сөзінде: «Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн», деген еді.
85 жылдық тарихы бар Атырау университеті соңғы жылдары аптаның әрбір жұма күнінде ұлттық киім киюді дағдыға айналдырған.
«Университетімізде ұлттық нақыштағы киімдерді кию трендке айналып келе жатыр. Қазақтың ұлттық киімі мен әшекей бұйымдарында төл мәдениетіміз бен тарихымыз, салт-дәстүріміздің ғасырлар тезінен өткен ізі бар. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жеткен ұлттық болмысымыз. Ұлттық киімді ұлықтау мақсатында еліміздегі жоғары оқу орындарына осы челленджді жолдаймыз. Жастар сәні мен салтанаты келіскен киімді киіп, оның рухани маңызын, ұлттық ерекшелігін паш етіп жатыр. Қазақы ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киім күнделікті өмірде сәнге айналғаны жөн деп білемін», деді университеттің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов.
Айта кетсек, оқытушы-профессорлар мен білім алушылар аталған челленджбен ғана шектелмей, ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда, тоғыз құмалақ, асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, бес тас ойнау, кіртасын көтеру, қол күрес сияқты ойындар бойынша «Жайық» спорт кешенінде өзара сайысты.
Аталған ізгі челлендж С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеттеріне және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушы-профессорлары мен студенттеріне, Атырау облысының барлық мемлекеттік қызметкері және білім басқармасына қарасты колледждер мен мектеп ұжымдарына жолданды.