
Елімізде 2024 жылы қабылданған «Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңына сәйкес, 16 жасқа толмаған балаларды автобустан, троллейбустан немесе басқа да қоғамдық көлік түрлерінен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды. Бұл өзгеріс – еліміздегі бала құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды қадамның бірі. Бұған дейін кейбір жағдайда қоғамдық көлік кондукторлары немесе жүргізушілер жолақысы төленбегені үшін балаларды аялдамадан түсіріп кететін. Мұндай әрекеттер баланың қауіпсіздігіне қатер төндірумен қатар, олардың психологиялық жағдайына да кері әсер етеді. Жаңа заң бойынша, қоғамдық көлік қызметкерлері балаға қатысты осындай әрекет жасаса, заң алдында жауапқа тартылады. Бұл ереже балалардың өміріне төнетін қауіптің алдын алуға бағытталған. Өйткені кәмелетке толмаған баланың қараусыз қалып, жолда жүруі немесе бейтаныс жерде жалғыз қалуы қайғылы оқиғаға алып келуі мүмкін.
Егер сіз осындай жағдайға куә болсаңыз, дереу «102» нөміріне полицияға немесе «111» сенім телефонына хабарласыңыз. Бұл заң тек қоғамдық көлікке қатысты емес, жалпы баланың кез келген қоғамдық ортада қорғалуын қамтамасыз етеді. Ата-аналар мен баланың заңды өкілдері бұл өзгерістерді біліп қана қоймай, балаларына өз құқықтары туралы ақпарат беріп отыруы қажет. Кез келген бала өзінің заңды құқықтарын білуі және қандай да бір әділетсіздікке тап болған жағдайда жауапкершілікке тартуға болатынын түсінуі керек.